
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Кездесуге сол уақыттағы ғылыми кеңес өтетін директордың кабинетінде жиналдық. Кабинеттің төрінде мығым денелі, бидай өңді, ойлы көзді, шашын артына қайырған жігіт ағасы мен бұйра бұрымын орамалының астына жасырған қараторы өңді қара көз келіншек отыр. Екеуі ерлі-зайыпты екен. Ерінің аты – Зейнолла, Әйелінің аты – Шамшиябану.
Қонақтарды таныстырған соң алғашқы сөзді жігіт ағасы бастады. Сөзін сызылта созып, байыппен сөйлейді екен. Айтуынша, ата-бабасының қонысы – Семей облысының Мақаншы ауданы жағында. Әке-шешесі өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қытайға ауған. Өзі сонда туған. «Мен Қытай елінің Шағантоғай ауданында Қара Барлық деген түгін тартса майы шығатын, жері жәннат, құт мекенде тудым. Тарихқа жүгінсек ол да қазақтың ата-қонысы ғой» деп қосты да, артығырақ кеткен жоқпын ба дегендей маңайына ұрлана көз тастады. Оғаш ештеңе болмаған соң сөзін жалғады. Ол жерден Басбай сияқты Атымтай жомарт бай, Оспан сияқты көзсіз батыр, Кәрібай сияқты әйгілі ақын шыққан деп тағы да біз естімеген біраз есімді атады. Арасында әңгімесін өлеңмен де өрнектеп, өзіміздің Қасым, Сырбай сияқты ақындардан үзінділерді жатқа айтып қояды. Сірә, қазақ әдебиетін бір кісідей біледі, баяғы қазақтар сияқты жады өте мықты болып шықты. Әңгіме айту мәнері біздің ауылдағы ақсақалдарды еске салады.
Шамшиябану апамыздың киім киісі, өзін-өзі ұстауы, сөйлеген сөзі – біздің қалалық қазақ әйелдеріне үйлеспейді. Өздері келген Қытай елінің де ықпал-әсері андағайлап көрініп тұрған жоқ. Дәл бір біздің бала кезіміздегі шалғай қазақ ауылынан мерейлі жиынға топ ете түскен таныс-бейтаныс апамыз сияқты. Ақынмын деп арындаған жоқ, қысылып-қымтырыла отырып, екі өлең оқыды. Ежелгі халық ақындарының сарынындағы шығармалары техника жағынан «советтік» қазақ поэзиясына тең келмегенмен, адамгершілік мұраты мен тіл тазалығы жағынан жүрекке жылы ұялады. Сөзінің арасында да, соңында да күйеуіне ілтипат жасап отыруынан ежелгі қазақ әйелдеріне тән тамаша бір биязылық есіп тұрды. Осыдан кейін барып, бөлмеде бір жылы түсіністік орнап, әңгіме ауаны еркін арнаға ауысты.
Бақсақ, Зейнолла Сәніктің әке-шешесі 1962 жылы Қазақстанға өтіп кеткенде өзі мен әйелі Бейжіңде жұмыс істеп жүріп қалып қойған екен. Енді жағдай жақсара бастағанда, олармен қауышуды аңсап келгенде, ата-анасы өмірден өтіп кетіпті. Шамшиябану апамыздың тағдыры да осы іспеттес.
Сол кезеңнің өзінде Шығыс Түркістанды айтпағанда, Бежіңнің өзінде «Ұлттар баспасы» деп аталатын алпауыт баспа жүздеген тілде кітап шығарады екен. «Арғы беттегі ел аштықтан бұралып, қағаз жеуге мәжбүр, Мао бастаған үркердей топ Қытай халқын әбден тұралатып бітті» деген сияқты кеңестік идеологияны кеше ғана ет құлағымызбен естіп өскен біз оған сенер-сенбесімізді білмей, әрі-сәрі күйде отырғанда, Зекең сөмкесінен бір кітап шығарып: «Мынау Қабанбай батырдың Үрімжіде басылған кітабы», деп үстелге қойды. Жұқалтаң жасыл тысты, араб әліпбиіндегі кітап қытай қазақтары арасында әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан «төте» жазуда екен. Мақсұт Шафиғи дауыстап оқып, кітаптың баспа мағлұматтары мен мазмұнын баяндап берді. Осыдан кейін сұрақ көбейді.
Зекеңнің айтуынша, өзі – Қабанбайдың жетінші ұрпағы. Оның шежіресін біраз таратты. Қытай жерінде Қабанбайға байланысты жырлар мен аңыз-әңгімелерді таңды таңға ұрып айтатын шеркөкірек ақсақалдар бертінге дейін болған екен. Зекең соларға бала кезінен үйір болып өсіпті. Кейіннен ол туралы тарихи деректерді де көп жинағанын айтып, соған сүйеніп өзінің көлемді кітап жазып жүргенінен хабардар етті. Қабанбай батырдың азан шақырып қойған атының «Ерасыл» екендігін де осы Зекеңнің аузынан естіген едік. «Жалпы, қазақ тарихына байланысты деректер Қытай мұрағатында тұнып тұр. Жоқ іздеуші ғалымдар аттарының басын солай қарай бұрса жөн» деп тың ойдың ұшығын суыртпақтады.
Зейнолла ағамыздың «Қабанбай» кітабы араға бір жыл салып, елімізде жарық көрді. Ол 1991 жылы республика көлемінде аталып өткен Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына лайықты тарту болды. Осы жылы Кеңес өкіметінің қолжазба қорларында тығылып жатқан Қабанбай туралы деректердің де теңі шешілді. Қабекең жөніндегі жыр нұсқалары да жарық көре бастады. Солардың ішіндегі ең толымды, көркем нұсқаның бірі – осы Зейнолла Сәнік әкелген кітап болатын.
«Тау тұрғыздым ата мұра алтыннан,
Қазынасы бізге қалған халқымнан.
Заман жебеп мақсатыма жеткізді,
Бала кезден арманым ед талпынған»
деп өзі жырлағандай Зекең қазақ ескілігін бала кезден жадына тоқыған адам екен. Қытай жеріндегі қаймағы бұзыла қоймаған қазақы ортадан мол мұра жинап, олардың барлығын том-том етіп кітап етіп бастырып шығарған. Және сол жинаған материалдарын қорытып, «Хан батыр Қабанбай», «Басбай», «Сергелдең», «Демежан батыр», «Тұғырлы хан», «Сүлеймен би», «Қайрақбай», «Көкше әулие», т.б. сияқты деректі шығармалар да жазған. Сол арқылы ол жақтағы үлкен тұлғалардың есімдерін өшпестей етіп тарихқа бедерлеген. Жалпы, қазақ тарихынан осы уақытқа дейін шет қалып келген қаншама кесек тұлғалы, әйгілі адамдар бейнесі жалпы қазақ әдебиетінің кеңістігінен тұңғыш рет Зейнолла Сәніктің қалам қарымымен лайықты орындарын иемденді. Одан басқа «Қазақ этнографиясы», «Дала мәдениетінің дара тұлғасы», «Із», жастарға арналған «Бата», «Тілек» сияқты еңбектері мен өз қолымен құрастырып шығарған жүздеген жинақ тағы бар. Соның бір мысалы ретінде бұл кісінің қытай қазақтары арасынан жинап, басып шығарған ұлттық ойындар жөніндегі кітабын атап айтуға болады. Зекеңнің қазақ руханиятында қалам тартпаған тақырыбы кемде-кем.
Сол жылдардағы тауқыметті еңбегін қаламгер кейіннен былай еске алады: «Жазба әдебиеті тапшы бір халық үшін айтқанда, оның тарлан тарихының сұлбасына терең үңіліп, жай сүрдектен жан сүйінтерліктей із тауып, оған қан-сөл беріп қайта қаз тұрғызу шынында қиын іс қой. Осы салада менің де азды-көпті ізденгенім бар. Өзім ауыз әдебиетін зерттеуге ойыстым. Алдыңғы қатарда Қытай ауыз әдебиет қоғамының мүшелігіне өттім. «Бейнет түбі – зейнет» деген осы екен, ертегі мені ел құрметіне бөледі. Астана төрінен алғыс алып, марапатталуға жеткізді. О, дүние-ай! Бір кезде басыма таяқ болып тиген ертегі енді бақ болып қонды. Дүниеде әділ патша жоқ, бірақ өмірдің өзі әділ патша, қисайған дүниенің қисынын тауып әкеп түзетеді екен. Маған пәле ертегіден келген еді ғой. Бірақ ерегес ерікті қайрады, қалпақ қасқайып қарсы тұруға, таяқ тапжылмауға баулыды. Содан барып ауыл шалдарынан шабыт алдым. Олар менің ойыма ертегінің дәнін, аңыздың қанын құйды. Көп өтпей «Қазақ халық ертегілері», «Қазақ халық балалар ертегілерін» шығардым. Мұның бірі мемлекеттік, бірі автономиялы райондық сыйлыққа ие болды».
Міне осындай бұралаңы мол, азапты жолдан өте жүріп, елі үшін елжіреп, жұрты үшін жұмылып, қайсарлықпен еңбек еткен қажырлы қаламгер Зейнолла Мүбәракұлы 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспа ісінен бастап, Үрімжідегі «Жастар баспасында» жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарына ден қойған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» қаһарына ұшырап, «халық жауы» болып, айдауға түскен. Одан ақталып келе салып тағы да қаламын қолына алып, жанкешті жазушылыққа отырған, тауқыметті баспагерлік жұмысқа жегілген. Ол кісі қазақтың ұлттық рухының мәйегін сақтап отырған Шығыс Түркістанның бұл ахуалының ұзаққа бармайтынын сезінген сияқты. Жедел қимылдамаса, қазіргі халық аузында жүрген мол мұраның «су аяғы құрдымға» кететініне көзі әбден жеткен. Сондықтан да өзінің санаттастарын, қаламдастарын жұмылдырып, халықтың ауызша тарихын тасқа басып қалдыруға барын салған. Сол қажырлы еңбектің арқасында Шыңжаңдағы қазақтардың батырлары мен билері, ақындары мен жыршылары, композиторлары мен әнші-күйшілері, былайша айтқанда, арғы-бергі тұтас тарихы, шежіресі, фольклоры, өзге де мәдени мұралары молынан жиналып, кітап болып басылып, ғылыми-көпшілік айналысқа түсті. Осындай алапат еңбектің жемісі кейіннен он бес том болып туған Отаны Қазақстанда жарық көрді. Шығармашылық адамы үшін бұдан артық бақыт бола ма?
Алғашқы кездесуден кейін Зейнолла ағамыз бен Шамшиябану апамыздан біраз уақыт көз жазып қалдым. Тәуелсіздікпен бірге дүниеге шашылып кеткен қазақтар атажұртқа құйыла бастады. Мен ол кезде Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитеті төрағасының орынбасары қызметіндемін. Елге оралғандардың көпшілігі бас сұқпай кетпейтін. Бірақ солардың ішінде Зейнолла Сәніктің төбесі көрінбеді.
Бірер жыл өткен соң, ол кісі Үкімет аппаратында отырған жерімнен өзі іздеп келді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы. Жанында Сұлтан Жанболат деген арғы бетте үлкен қызметте болған ағамыз бар. Екеуі де жеке бастарының шаруасы жөнінде тіс жармады. Әңгіме ауаны Қытай жерінде қалып бара жатқан рухани мұраның тағдыры туралы екен. Зейнолла ағамыз өзінің баспагерлігімен шыққан мыңдаған кітаптың тағдырына алаңдайтындығын айтты. «Ел үдере көшіп жатыр, төте жазумен оқитын адамдар азайып барады, Қытай өкіметі болса ұлт саясатын жыл сайын қатайтып келе жатыр. Ертең қазақ мектептері жаппай жабылса, ол мұраның жағдайы не болады? Оның үстіне мұның барлығы жалпақ қазақтың еншілес дүниесі ғой. Оны Қазақстанға әкелу жағын ойластыру керек қой...» деген салмақты ұсыныстарын ортаға салды.
Әңгіме соңына қарай: «Атажұртқа алғаш ат ізін салған едіңіздер, әлі күнге Қытайды қимай жүргендеріңіз қалай?», дедім. Елге Қытайдан алғашқы ресми делегацияны бастап келген осы Жанболат ағамыз болғанын білетінмін. Екеуі де: «Ол жақта біз істейтін шаруа әлі де аз емес. Шығыс Түркістандағы ата мекенін қимай отырғандардың қарасы көп. Жуық арада көшіп келе қоюы да неғайбыл. Бас көтеретін адам қалған қазаққа да керек. Біздің алған біліміміз бен тәжірибеміз бұл жақтан гөрі ол жаққа көбірек керек, соған қарайлап жүрміз. Балаларды, жастарды ақырындап жіберіп жатырмыз», деді. Зейнолла ағамыз өзінің өндіріп істеп жүрген баспагерлік шаруасын тәптіштеп жеткізді. Қытай өкіметінің көзқарасы дұрыс болып тұрғанда, ол жақтағы рухани мұраны тасқа басып шығарып алу керектігін баса айтты.
Міне, Зекең осындай кең ойлайтын, ұлтына беріле еңбек етіп жүрген, жанкешті, парасатты жан еді.
Қазақ руханиятына өлшеусіз олжа салған қажырлы қаламгер ағамыздың әдеби шығармалары, тарихи, этнографиялық, фольклорлық мол мұрасы, аудармашылығы мен ғылыми-зерттеу ізденістері қазақ руханиятынан ойып орын алатын өзінше үлкен арна түзеді. Оны жинақтау, жүйелеу, зерттеу жұмыстары бел баласы Қанат Зейноллаұлының ұйымдастыруымен «Зейнолла Сәнік атындағы қор» құрылып қолға алынып жатыр.
«Орнында бар оңалар» дейді халқымыз. Зейнолла ағамыздың екінші ғұмыры «Зейноллатану» ілімі енді қалыптасып келе жатыр.
Ұзағынан сүйіндірсін!
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі