Көрме • 15 Сәуір, 2025

Таспадағы тарих

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Марқакөл өңірінің тумасы, ардагер фото­тіл­ші Қалиғұмар Қабдешевтің 85 жасқа толу мерейтойына орай Алматы­дағы Ұлттық кітапханада жеке көрмесі өтіп, «Бүгінгі фотосурет – ертең­гі тарих» атты фотоальбомының тұсауы кесілді.

Таспадағы тарих

Суреттерді түсірген – Досжан Балабек

Фототілші мамандығы бас­пасөзге енді-енді еніп жат­қанда тұңғыш қо­лы­на фото­аппарат алғандардың бірі Қалиғұмар Қабдешұлы еді. Алға­шында Марқа­көл аудандық «Шам­шырақ» газетін­де еңбек еткен. Кейіннен өнердің ортасы Алматыға ат басын бұрған. Ол жақ­та ақпарат саласын­да ғана емес, театр­да да бағын сына­ған. Сонау Серәлі Қожамқұлов сынды театрдың тарландарына дейін суретке түсіріп, тарихта қалдырған. Ардагер фототілші­нің мұрағатында Дінмұхамед Қонаев­ заманынанан бастап, бүгінгі күнге дейінгі елеулі оқиғалар сақталған. Ке­шегі «Невада-Семей» қозғалысының басы-қасын­да болып, таспадан тарих жасаған да Қалиғұмар Қабдеш.

Салтанатты іс-шарада ең әуелі ар­дагердің ізбасар інілері ізгі тілектерін айтып, әннен шашу шашқан. Содан кейін Қазақстан Журналистер ака­демиясының президенті, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев, «Невада-Семей» халықаралық анти­­­­­ядро­лық қозғалысының вице-пре­зи­денті Вале­рий Жандәулетов, ақын Ұлық­бек Есдәулет, ардагер фото­тілші Нұр­мам­бет Қизатов көрменің көк лентасын қиды. Бүгінгі сурет, ертеңі тарих деген сөз дөп айтылған. Көрме соның дәлеліндей еді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын таспаға тартылған фотосуреттер көрмеде тұр. Оны көрермен­дер қызықтап, кешегі күннен естелік айтысып жатты. Қалиғұмар Қабдешев тіпті әскер қата­рында жүріп, небір фотосуреттер түсірген. Ең алғаш оңтүстік полюске барып, фотосурет түсір­ген қазақ кім десе, Қалиғұмар ақса­қал деңіз. Сонау 1965 жылдары Антарк­тидадан түсірілген сол суреттері де көрменің төрінен табылды.

пр

– Әскер қатарында жүріп, оңтүстік полюске барып, сол жақты фотосуретке түсірген тұңғыш қазақ Қалиғұмар Қабдешев еді. Сол заманнан бастап, бертінге дейінгі фотосуреттері көрмеге қойылып, кітапқа енді. Сонымен қа­тар Дінмұхамед Қонаевтың іссапар­ла­рын да тарихқа таңбалады, – дейді кітаптың құрастырушысы Дәурен Мақсұтханұлы.

Келген қонақтардың кейбіреуі көр­меден өздерін танып, мәз-мейрам болысты. Олар өткеннен естелік айтысып, іс-шараның екінші бөлімін­дегі дөңгелек үстелде бас қосты. Іс-шара тізгінін ұстаған фототілші, ұстаз Асылхан Әбдірайым мерейтой иесінің өмір жолы туралы азды-көп ақпарат бере келе сөз кезегін ақын Ұлықбек Есдәулетке берген.

– Қалиғұмар Қабдешұлының ­ауы­лымен менің ауылымның арасы ­жүз шақырымдай ғана. Жерлестігіміз өз ­алдына, бұл кісінің өнерін қатты сыйлаймын. Көрме залына енген бетте өткен күндермен қауыштық. Әр саланың мықтылары бар. Ал фото­өнердің мықтысы, абызы – Қалиғұмар ақсақал, – деді ол.

Іс-шарада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің құттықтау хаты оқылып, Марқакөл әкімдігі атынан ақсақалға шапан жабылды. Ізін басып келе жат­қан әріптес бауырлары да қолпаштап, құрмет көрсетті. Еске салсақ, бұған дейін Қалиғұмар Қабдешұлының Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсыновтар­ға арналған фотоальбомы да жарық көрген.

– Менің өмірімді, өнерімді етене жақсы білетін біреу болса, ол – Қалиғұмар Қабдешұлы. Жүріп өт­кен жолымды тас­палады, альбом етіп қат­тады. Енді елге барып, көрме қой­сам дейді, сәтімен болса екен, – деп ақ тілегін жолдады әйгілі актер Асанәлі Әшімов.

Иә, ардагер фототілшінің ендігі жос­­пары – туған жері Марқакөл өңі­рінде жеке көрмесін өткізу.