Айтыс • 15 Сәуір, 2025

Бес өнердің басын қосқан бірегей сайыс

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрын айтыс екі-үш жылда бір өтетін Қызылжарда соңғы бір ай шамасында екі бірдей республикалық деңгейдегі айтыс өтті. Мұның басты себебі, айтыстың жаңа форматпен – командалық айтыс түрінде өтуі. Наурыз мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының командалары өзара күш сынасып, қызылжарлықтар сәл басымдықпен жеңіске жеткен еді. Енді өздері сияқты екінші турға өткен Астана қаласының командасымен жексенбі күні кезекті додаға шықты.

Бес өнердің басын қосқан бірегей сайыс

Бұл жолы қызыл­жар­лықтар ширап, өткен жолғыға қарағанда жина­­қылықтары жоғарырақ болды. Айтыстың тақырыбы Пре­зидент Қ.Тоқаевтың қара­пайым еңбек адамына ерекше құр­мет көрсетілуі керек деген бас­та­масын басшылыққа алынып, «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деп аталды.

Айтысты Парламент Мәжі­лісінің депутаты, осы жобаның авторы, белгілі айтыскер Аманжол Әлтай жүр­гізді. Қазылар алқасының төр­ағасы Жүрсін Ерман, мүшелері қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, ақын Ғалым Жай­лы­бай, ака­­­демик, алаштанушы Дихан Қамза­бекұлы, күйші, К.Бай­сейі­това атын­дағы Ұлттық өнер инс­ти­ту­тының профессоры Жанғали Жүзбай, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіпов, әнші Дәуренбек Әркенов болды. Қы­зыл­жар командасын капитан ре­тін­де ақын, дирижер Қайырлы Ғафуров, астаналықтарды белгілі айтыс­кер ақын, филолог ғалым Серік­зат Дүйсенғазы бастап шықты.

Ұрпақ сабақтастығын сақтау мақ­сатымен команда мүшелерін жас ақын­­дар – солтүс­тік­қазақ­стан­дықтарды 2024 жылы «Толқыннан толқын туады» ат­ты аймақтық оқушылар айты­сы­ның бас жүлдегері Сұлтан Жар­қын­ұлы, аста­на­­лықтарды «Бала шабыты» күй бай­қа­уының 1-орын иегері Дінмұхам­мед Боранбай танысты­рды. Кілең «бұл­бұл­дар мен дүл­дүл­дерді» әкелген астана­лық­тар шу де­геннен еркінсіп, өздерінің ­жеңе­тініне сенімді көрінді, осының өзі қы­зыл­жарлықтарды шымыр етіп, жұдырықтай жұмылып, ла­йық­­ты қар­сылық көрсетуге шақырды.

пр

Сүре айтыста Қызылжар команда­сының атынан Қабдолла Бейісқан мен астаналық Еркебұлан Қайназар шықты. Екеуінің де өнері деңгейлес болды, жалғыз-ақ тәжірибесі мол Еркебұлан Қызыл­жар көрермендерін өз жағына тартуға тырысып, көп мақтады. Қарсыласына «арқаңды қоздырайын, жүйкеңді тоздырайын» деген сияқты тіркестер айтып, жас Қабдолланы қыз­балыққа ұрындырмақ та болды. Бірақ Қабдолланың өнері бұл жолы жарқын болып, екеуі тең түсті. Түре айтысқа шық­қан қызылжарлық Жұмабек Рахи­мов пен астаналық Иран-Ғайып Күзембаевтың өнерлері де үстем болды. Жұрттың пікіріне қара­ғанда Иран-Ғайып жеңуге тиісті еді, бірақ Жұмабекке туған жерінің топырағы қуат бер­гендей қарсыласының еркін шарық­тауына жол бермей, үнемі қанатын қайырып отырды. Бұл екеуінің айтысын да білікті алқа тең деп шешті. «Қыз бен жігіт айтысына» қызылжарлық Берденбек Мырзат пен Атырауда туған астаналық қыз Фариза Жетпісбай шық­ты. Шу дегенде айтысқа зор құлшыныс­пен кіріскен Берденбектің арынын ақылды қыз ақырындап баса берді. «Мен саған ға­шық болып қалдым, сүйіп қалдым өзің­ді» деп өзеуреген ақынды «арудың ­ауылына бармай жүріп, ауылына келгенде ғана қырындаған жігіттен не үміт» деген сияқ­ты ұтқыр әзілмен түйреп түсірді. Ол ол ма, өздерін Қызылжардың шекара­сында қарсы алған ақсақалдар гүл сыйлаға­нын айтып, «жігіттің жасығынан кәрінің асылы артық» деген рас екен ғой, сен бол­саң бір тал гүл ала шығуға да жарамадың деп қатырды. Абдырап қалған Берденбекті командаластарының бірі құтқармақ болып гүл әкеліп беріп, қызға сыйлатқанда өз әріп­тесінің жеңілгенін мойын­дат­қандай болды. Ақыры Фариза қыз жеңіп, астаналық ақындар командасын алға шығарды.

Қызылжар командасының бас ақы­ны Жарқын Жұпархан қайым айтыс­қа құл­шын­ған шабытпен шығып, қарсы­ла­сын бас салып, еркін самғауына жол бермей, тірсектен қақты да отырды. Нартай Тілеуқұл да күшті ақын, ол қанша бұл­тақ­тағанымен Жарқынның тегеу­рініне төтеп бере алмады. Сөйтіп, Жар­қын Жұпархан есепті қай­та теңес­тіріп, қарсыласын жеңіп кетті.

Жаңа форматтағы айтыстың ерек­ше­лігі сонда, мұнда екі жақтың жыршы­лары, күйшілері, әншілері, термешілері де ­бір-бірден шығып, өнер көрсетеді. Бұл сайыс­тарда екі жақтың өкілдері де тең түсіп отырды. Алайда күйшілер сайы­сында солтүстікқазақстандық Асхат Ғалеевтің өнері басымдау болып еді, бірақ қазылар астаналық Бақытжан Дүйсенғазиевтің ұстаздығын ескеріп, еке­уінің ұпайларын тең қылды...

Екі жақтың ұпайлары тең болған­да командалардың біріне жеңіс беру қиын. Сондықтан айтысты жүргізуші Аманжол Әлтай төрдегі төрешілерді оңаша ақыл­дасуға шақырды. Қазылар бұл жолы «Құлмамбеттің айтысы» деген кім сөз тапса, сол айта жөнелетін әдісті қолданып, екі жақты тағы қағыстырды. Бұл айтыс­та аста­налықтар сәл ғана басымдық көр­сетіп, жеңімпаз ретінде келесі турға өтті. Әрине, жергілікті халық саны 30 пайыз Қызылжар мен 80 пайыз Астананың табиғи, мәдени мүмкіндігі екі түрлі десек те, алып елордаға төтеп беріп, соңына дейін шыдас берген Мағжан елі өнерпаздарын алқалау да орынды. Сөйтіп, айтыс додасы бұл жолы керемет тартыспен аяқ­та­лып, көрерменнің көңілін көк­ке көтерді. Дода­ға қатысқандардың бәрі де бағалы сыйлықтар алды.

 

ПЕТРОПАВЛ