Сурет: instagram.com/asylmurakz/
Қоңыр Бекайдар Алматы суретшілер училищесінде оқып, Алматы сувенир сыйлық бұйымдар жасайтын фабрикада суретші болып жұмыс істеген. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып, фабриканың бас суретшісі қызметін атқарған. Қоңыр аға салалы саусақтарымен тек сурет қана салып қоймай, ұлт жадында жанданған ежелгі асыл бұйымдарды жасауға да ықылас танытады.
Одақ ыдырап, зауыт-фабрика тоқтап, жұрт жұмыссыз қалған 90 жылдары Қоңыр Егенұлы қызығушылығын кәсіпке айналдырып, асыл жары Анаркүл Нарботанова екеуі отбасылық бизнесті бастады. Анаркүл де өнерден қаражаяу емес. Он саусағы мың сан ою жасауға жаралған тігінші. Ол 1-май бірлестігінде тұтас тігін цехының бастығы қызметіне дейін көтерілген еді. Бірлестік жұмысын тоқтатқанда жарының қасынан табылып, екі шебер ұлттық тігін өнері мен зергерлікті үйлестіріп, замана сұранысына сай іс жүргізді. Осы кәсіппен отбасын асырап, балаларын өсірді.
«Таусамалы ауылынан жер алып, үй салдық. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, өнерге баулыдық. Балалардың бәрі Алматы суретшілер колледжін бітіріп, кейін жоғары білім де алды. Қазір Айдостың Қаскелеңде мүсін жасайтын жеке өндірісі бар. Бақытжан керамика, тері бұйымдары, ат әбзелі секілді қолөнерін жасаумен айналысады. Ғалымжанның жеке өнер мектебі бар. Зергерлік, керамика, сурет салу мамандығымен шұғылданады. Ғалымжанның жұбайы Биназира саздан құмыра, сазсырнай жасап шығарады. Еркежан тоқыма, батик, гобелен және мода коллекциясын көрсетеді», дейді Қоңыр аға.
Еліміз бен шетелдерде өткен көрмелердің бас жүлдесін иеленіп жүрген шебер Суретшілер және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. 2022 жылы «Қазақстанға еңбек сіңірген қызметкер» орденімен марапатталған. 2017 жылы өткен «EXPO-2017» көрмесіне қатысты. Белгілі қолөнер шебері Дәркенбай Шоқпарұлының 75 жылдығына орай жасалған көрме байқауында 1-орын иеленді. «Born Nomad Power Awards 2022» жобасына қатысып, онда да үздік атанды. Алматы облысы бойынша өткізілген «Мерейлі Отбасы» байқауында да алға озды.
Жан жары Анаркүл заманға сай этностильде киім тігіп шығарады. Сән коллекциясын көрсетеді. Мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына арнап Түркістанда өткізілген «Тайқазан» республикалық ұлттық киімдер байқауына қатысып, «Түркістан – 2021» гран-приін ұтып алған. Басқа да қаншама байқауда топжарды. «Мақсатым – қолөнерді, оның ішінде ұлттық этно киімдерді қазіргі заманға сай жетілдіріп, әлемге таныту», дейді шебер Анаркүл.