
Осыған орай елімізде «Армия ана көзімен» айлығы өтіп жатыр. Соның аясында сарбаздар аналарының басын қосқан қоғамдық бірлестік өкілі Шарифа Муминова бір топ әріптестерімен бірге Шымкент қаласында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімінде болып, қатардағы жауынгерлердің өмірімен танысты.
Сапар барысында Шарифа Ахметжанқызы бөлімге шақырылған сарбаздардың жеке құрамымен кездесу өткізді. Олармен ашық сұхбат жүргізіп, әскери қызметшілердің моралдық-тұрмыстық жағдайын көзбен көрді.
«Біздің басты міндетіміз – сіздерге қолдау көрсету, туындаған мәселелерді шешуге көмектесу және әскери қызмет уақытын қауіпсіз ету. Біз әр сарбазды өз баламыздай уайымдаймыз. Өйткені, бәріміз де анамыз, әрине, балаларымыздың әскери борышын қалай, қандай жағдайда атқарып жатқаны бізді алаңдатады. Әрбір ана баласына сабырлы болу үшін біз әскери бөлімдермен барынша тығыз қарым-қатынаста болуға тырысамыз» деді ол.
Осы іс-шарада сарбаздардың ата-аналары мен «Аналар жүрегі» комитетінің өкілі жауынгерлердің асханасын аралап, азық-түлік өнімдерін сақтау тәртібі мен жарамдылық мерзімін тексеріп көрді. Сонымен қатар медициналық пункттерде болып, қызметкерлермен әңгімелесіп, медициналық көмекке жүгіну журналындағы жазбаларға назар аударды.
Бөлім басшылығының қолдауымен келген қонақтар казарма мен теориялық және практикалық сабақтар өткізуге арналған кабинеттерді де аралап көрді. Ата-аналар мен қоғамдық ұйым өкілі әскери қызметкерлердің қызмет етуіне және демалуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін тәртіп, тазалық пен ұйымшылдықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Қоғамдық бірлестік ұйымы өкілдерінің айтуынша мұндай кездесулер жас әскери қызметкерлердің өмірінде маңызды рөл атқарады. Себебі сол арқылы сарбаздар ата-аналардың, қоғамның оларға деген қолдауы мен қамқорлық сезінеді. Ал бұл жауынгерлердің ішкі сенімін нығайтуға көмектеседі.
Сапар қорытындысы бойынша Шарифа Ахметжанқызы мен ата-аналар әскери қызметкерлерге жасалып жатқан жағдайға риза екендіктерін жеткізді. Ең бастысы, ата-аналар балаларының әскери қызмет борышы тыныш әрі қауіпсіз өтіп жатқанына көздерін жеткізіп қайтты.
ШЫМКЕНТ