Оқиға • 16 Сәуір, 2025

Жасырын жұмыс істеген майнинг-ферма анықталды

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі Астанада заңсыз майнингпен айналысқандардың 900 млн теңгеден астам мүлкін тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жасырын жұмыс істеген майнинг-ферма анықталды

Майнинг-ферма қалада 2022 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін жасырын жұмыс істеген. Күмән тудырмас үшін қозғалтқыштарды өңдеу орталығы ретінде ашылған. Осы аралықта айыпталушылар бір мегаполистің тұрғын ауданы бір айда пайдаланатын электр энергиясын шығындап үлгерген. Үш азаматқа қатысты үкім де шықты. Анықталғандай, олардың заңсыз жолмен алған цифрлық активтері 143 млн теңгеден асады екен.

«Тінту барысында 1 257 асикмайнер (цифрлық активтерді өндіруге арналған жабдық), өнеркәсіптік салқындатқыш желдеткіштер мен трансформаторлық станция алынды. Сот оларды ҚР ҚК 214-бабының 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салу жазасын тағайындады», делінген агенттіктің хабарламасында. 

Сот шешімімен мемлекет пайдасына 900 млн теңгеден астам мүлік, нақтыласақ, «Toyota Camry», «Nissan Juke» көлігімен қоса, майнинг жабдықтары тәркіленген. Осыған қоса, сот айыпталушыларға қылмыстық табыс мөлшері ретінде 143,2 млн теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Үкім заңды күшіне енген.