Өндіріс • 17 Сәуір, 2025

Қайта жанданған кәсіпорын

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Қызылжар-Құс» құс фабрикасы қайта іске қосылып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамти бастады. Екі кезеңнен тұратын жобаға жалпы сомасы 5 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланған.

Қайта жанданған кәсіпорын

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Облыс орталығынан 40 шақырым жерде орын тепкен Қызылжар ауылының ажары кейінгі жылдары семіп бара жатқандай еді. Мұндағы жалғыз құс фабрикасы 2022 жылы жабылып, жүздеген адам жұмыссыз қалды. Өңірдегі құс етінің өндірісі айтарлықтай кеміді. Салдарынан қаңырап қалған құс қоралары мен өндірістік технологияның талан-таражға түсу қаупі туындаған.

Абырой болғанда, биыл көктемде «Қызылжар-Құс» фабрикасының тамырына қайта қан жүгірді. Кәсіпорын инвесторы ауысқан соң біраз уақыт тоқтап тұрған өндірістік үдеріс іске қосылып, алғашқы өнімдерін шығара бастады. Жақын уақытта жергілікті дүкен сөрелеріне павлодарлық құс еттері жеткізілмек.

Кәсіпорынды былтыр қалпы­на кел­­тіре бас­та­ды. Инвести­цияның 1,5 млрд теңгесі нысан­дарды қал­пы­на келтіруге, қал­ған қара­жат қарыз­дарды өтеуге, жабдық­тар сатып алуға және айналым қара­жа­тын толық­тыруға жұмсалады.

Сәуір­дің басында өндірісте ал­ғашқы құс сою жұмыстары жүр­гі­зілді. Нәти­жесінде, мұнда Қызыл­жар елді мекеніне жақын маңдағы ауылдардан 145 адам жұмысқа араласты. Толық қуатқа көшкенде кәсіпорындағы жұмысшы саны 250-ге жетеді. Өндіріс көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

«Қызылжар-Құс KZ» ЖШС бас­шысы Айдар Нығметов құс еті бизнесімен алғаш рет шұғыл­данып отыр. Кәсіптің қиын­дығына қарамастан, жақын уа­қытта өнді­рісі өркендейтініне сенімді, себебі сұраныс бар. Жобаға қажет қо­сым­ша 3,5 млрд теңгені мемлекет­тен қарызға алады. Мұнда қазір 4 құс қорасы іске қосылып, әрқай­сы­сын­да 50 мың тауықтан өсіріліп жатыр. Фабрикадағы құстар Қараған­дыдан жеткізілген. Жақын арада тағы да 5 құс қорасын өміршең ету жоспарда бар.

«Бізде өндірілетін құс еті эко­ло­гиялық жағынан таза, ешқан­дай дәрі екпейміз, адам ден­сау­­лығына зиян келтіретін азық бермейміз. Үнемі жоғары стандарттарға жа­уап беретін өнім беріп тұрамыз деген сенімдеміз. Ең әуелі Павлодар мен Екібастұз тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтып отырмыз. Одан әрі Астана нары­ғына шығаратын ойымыз бар. Ортамерзімді мақсатымыз – экспортқа шығару. Жергілікті билік бізге барынша көмектесіп отыр», дейді кәсіпкер.

Өңір басшысы Асайын Бай­ханов кәсіпорынды аралап көріп, жасал­ған жұмыстарға риза­шы­лығын жеткізген. Ауылда қаңы­рап қал­ған фабриканы қайта «тірілт­кен» инвесторға алғысын айтыпты.

«Өңірімізге дәл осындай іскер инвесторларды көптеп тар­ту қажет. 145 жұмыс орны құры­лып үлгерді. Ақсудың ауылдық аймағында тұрып жатқан халық үшін мұндай әлеуетті кәсіп­орындар – үлкен қол­дау әрі тұрақ­ты табыс көзі. Кезін­де Қызылжар құс фабрикасы ірі әрі қуатты кәсіпорындардың бірі бол­ғанын ұмыта қойған жоқпыз. Оның өнімдері өңірге ғана емес, өзге облыстарға да танымал болған. «Қызылжар-Құс» фабрикасы аяққа тұрмаса, біздің аймағымыз құс етімен өзін қамтамасыз етуге қабілетсіз. Сондықтан бұл жоба біз үшін стратегиялық бағытта болады», дейді өңір басшысы.

 

Павлодар облысы,

Ақсу ауылдық аймағы,

Қызылжар ауылы