
Сурет: abu.org.my
Covid пандемиясы кезінде біз ұлттық хабар тарату орталықтарының қаншалықты маңызды екенін терең ұғындық. Осындай төтенше жағдайларда халыққа шынайы, ресми әрі объективті ақпарат тарату – ең жауапты міндет.
Журналистиканың кәсіби этикасы қазіргі жасанды интеллект заманы туындаған шақта бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Ақпарат таратушылар мен ықпалды блогерлердің әрбір мәліметі аудитория санасына әсер етеді. Бірақ біз әрбір ақпаратты жеке бақылап, тексере алмаймыз. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдарына артылатын жауапкершілік өте зор. Әр азамат өзінің қандай ақпаратқа сенетінін саралай алуы керек.
Бүгінде фейк пен манипуляцияға толы медиа кеңістікте ең басты мәселе – ақпараттың сенімділігі. Бұл ретте инфлюенсерлердің де рөлі артып келеді. Олар – заманауи пікір қалыптастырушылар. Бірақ олардың таратып жатқан контенті әрдайым объективті бола бермейді. Сондықтан ұлттық хабар тарату орталықтарының рөлі – халықты дұрыс, нақтыланған ақпаратпен қамтамасыз ету.
Біздің ұйымның құрамында «AJN» (Asia Journalism Network) деп аталатын жаңалық тарату орталығы бар. Бұл платформа арқылы біз мүше мемлекеттердің ұлттық орталықтарынан алынған ақпараттарды күнделікті таратып отырамыз. Деректі фильмдер, жаңалықтар, мәдени жобалар арқылы біз тек бір аймақпен шектелмейміз – Орталық Азиядан бастап, Кариб аймағы мен Африка елдеріне дейін қамтимыз.
Тілдік кедергіні біз технологияның көмегімен шешіп келеміз. Транскрипция, автоматты аударма сынды құралдарды қолдана отырып, түрлі ұлттардың бірін-бірі түсінуіне жағдай жасап отырмыз.
Қорытындылай келе, біз Азия хабар тарату одағына барлық мемлекетті қосылуға шақырамыз. Медиа көшбасшылармен бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға, ақпараттық қауіпсіздік пен сапаны бірге қамтамасыз етуге дайынбыз.
Ахмед НАДИМ,
«Asian-Broadcasting Union» бас хатшысы