- Жартылай финалда жеңілген Нұрсұлтан Нұрсейітов (64 кг), Дәурен Қамаш (88 кг), Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг), Аружан Сатова (65 кг), Мәдина Ержан (80 кг) қола медаль иеленді. Жауынгерлік самбошылардың сайысында Санжар Нұрсейіт (79 кг) пен Райхан Мәди (+98 кг) теңдессіз деп танылды. Аружан Әсемкамалқызы (72 кг), Серік Шадияр (64 кг), Жалғас Жұмағалиев (79 кг), Ерасыл Ғабдулманап (+98 кг) финалда ұтылды. Шолпан Алтынбек (50 кг), Маржан Бизақ (59 кг), Арухан Тұрғынбаева (65 кг), Меруерт Нұрмаханова (65 кг), Ұлбосын Әділова (80 кг), Нұрила Асанқызы (+80 кг) үздік үштікті түйіндеді.
- Санкт-Петербургте аралас жекпе-жектен АСА 202 турнирі ұйымдастырылды. Жарыста Асылжан Бақытжанұлы (17-6-1) кезінде UFC-те күш сынасқан ресейлік Максим Гришинмен (34-11-2) кездесті. Жартылай ауыр салмақтағы бәсеке төрешілердің шешімімен қандасымыздың пайдасына шешілді.
- Еліміздің танымал теннисшісі Зарина Диас өз мансабын аяқтады. Алматының тумасы кезінде екі мәрте Уимблдонның төртінші кезеңіне жетті. Төрт рет Аустралияның ашық біріншілігі мен бір рет US Open додасының үшінші айналымында ойнады. «Ролан Гарроста» да бірнеше рет бой көрсетті. Диас WTA-ның 1, ITF-тің 10 турнирінде топ жарды. Осыдан он шақты жыл бұрын жерлесіміз әлемдік рейтингіде 31-орынға көтерілген еді. Бірақ кейіннен жиі-жиі жарақат алып, бабын жоғалтты. Бұрынғы деңгейіне жете алмайтынын түсінген Зарина 32 жасында кортпен қош айтысуды құп көрді.
- Осыған дейін Ыстанбұл мен Римде өткен Премьер-лигада қарсылас шақ келтірмеген каратэші Софья Берульцева (+68 кг) күні кеше Қытайдың Лэшань қаласында алдына жан салмай, алтын медаль санын үшке жеткізді. Бұл жолы ол бес жекпе-жекте жеңіске жетті. Нұрқанат Әжіқанов (75 кг) пен Әсел Қанай (61 кг) күміс алса, Олжас Алтынбек (67 кг) қоланы қанағат тұтты. Жалпы командалық есепте жерлестеріміз төртінші сатыға табан тіреді. Алғашқы үш орынды Түркия (2+0+1), Қытай (2+0+0), Жапония (1+4+6) олжалады.
- Таеквондодан еліміздің жастар құрамасы Ташкентте өтіп жатқан әлем біріншілігінің алғашқы күні екі жүлдеге қол жеткізді. 48 кг салмақта сынға түскен Ерасыл Ерзат пен 55 кг салмақтағы Ислам Медетбай жартылай финалда жеңіліс тауып, қола медальды қанағат тұтты.
- Футзалдан Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары Ақтау қаласында жолдастық кездесу өткізді. Біздің елге қайта оралған Какау үшін бұл алғашқы халықаралық матч еді. Бәсеке 9:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Қос құрама арасындағы келесі ойын 15 сәуірде өтеді.
- Жапонияның Фукуока қаласында аралас жекпе-жектен ұйымдастырылған «Rizin Landmark 13» турнирінде Нұрхан Жұмағазы (10-1) жергілікті файтер Тенье Ёсимурамен (5-2) айқасып, ұпай санымен ұтты.