Біздің назарымызды аударған Кәусар 2012 жылғы 2 шілдеде Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде дүниеге келіпті. Оның ата-анасы – журналистер Ғалымжан Қараманұлы мен Марина Бекенова. Қазір олар отбасымен Ұлыбританияның Лондон қаласында тұрады. Қағылез Кәусар ағылшындар астанасында мектеп табалдырығын аттаса да, қазақылықтан жазбай, ана тілін майын тамыза сөйлейді.
Кәусар ағылшын тілін ерте жастан меңгеріпті. Оның әкесі қазақ балалары да халықаралық тілде сөйлеп үйренсін деген оймен осы бағдарламаны жоба ретінде ұсынғанын білдік. Қаршадай қыз 7 жасынан бастап, балаларға жаңа сөздерді, тіркестерді қызықты форматта жеткізе білді. «Miss Kaussar» жобасының ең маңызды жетістігі – кішкентай балаларға өз ойын ағылшын тілінде еркін жеткізуге, өзіне деген сенімділігін арттыруға, өзгелерге үлгі болуға мүмкіндік беруі. Бұл жоба балаларға ұлы Шекспир тілін қызықты әрі жеңіл форматта үйренуге көмектесіп қана қоймай, оларды ашық сөйлеуге, өз ойын қорықпай айтуға, жаңа нәрсені үйренуге ынталандырады», дейді ол.
Оның айтуынша, ол балалардың ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, ана тілін де мақтан тұтқанын қалайды. Әлемге ашық болу өте маңызды, бірақ сол жолда өз болмысыңды, тіліңді және ұлттық құндылықтарыңды жоғалтпау одан да маңызды.
«Болашақта менің жобам балаларға білімге қызығушылық танытып, өз арманына батыл қадам жасауға көмектессе, бұл маған үлкен жетістік болар еді. Жобаның басты құндылығы − балаларға білімнің қызықты бола алатынын көрсету. Егер бала экраннан өзіне жақын, түсінікті әрі шабыт беретін бейнені көрсе, оның оқуға деген қызығушылығы артады деп ойлаймын. Мұндай жобалар жас ұрпақты үлкен армандарға жетелейді, өз қабілетіне сенуге, болашаққа батыл қарауға үйретеді», дейді Кәусар.
Кәусар болашақта ағылшын тілінің мұғалімі болғысы келеді. Ол өзінің шетелде жинаған тәжірибесін қазақ балаларымен бөлісуді армандайды. Сонымен қатар ол сән саласына да назар аударып жүр. Оның сән әлеміне деген қызығушылығына Біріккен корольдік Патшайымы ІІ Елизавета отбасының талғампаз стилі әсер етіпті. Олардың үнемі әдемі, жинақы әрі жарасымды киіну үлгісіне қатты қызығушылық танытыпты. «Маған киім арқылы адамның мінезі, талғамы және өзін ұстау мәдениетін тануға болатындай әсер қалдыратын. Сол кезден бастап сәнге жай ғана әдемі киіну емес, өзін-өзі танытудың ерекше бір жолы ретінде қарай бастадым» , дейді ол.
Кәусар кейде Лондонда өткен мәдени іс-шараларға қатысып, жұртшылығына ұлтымыздың киім мәдениетін таныстырады. Олардың өтінішімен қазақ тіліне қызығатын шетелдіктерге тіл үйретеді. Осындай жан-жақты дамып келе жатқан жеткіншекке «арманыңа жет» деген ақжарма тілек айтқымыз келеді.