
Жарыс жолына шыққандар арасынан көптеген белді балуанды таныдық. Мәселен, бақ сынаушылар қатарында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» жобасында жүлдегелер қатарынан көрініп, көрермендердің көзайымына айналған Руслан Әбдіразақов пен Саят Шәмшиевті, еркін және грек-рим күресінен еліміздің ұлттық командасының мүшелері, Азия ойындары мен құрлық чемпионатында атой салған Әділет Даулынбаев, Нұрғали Нұрғайыпұлы, Азат Сыдықовты, дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Санжар Жаброровты, каратэден үш дүркін әлем чемпионы Саян Жанділдинді, самбодан бірқатар республикалық және халықаралық турнирде топ жарған Рамазан Темірғали мен Бекарыс Шыңғысбекті, аралас жекпе-жектің хас шебері Аңсаған Құсайновты көзіміз шалды. Сондай-ақ қоян-қолтық айқас, грэпплинг, бразилиялық джиу-джитсудың хас шеберлері де өз өнерлерін ортаға салды.
Жарыс 11 сағатқа созылды. Түскі 14:00-де басталған жекпе-жектер 01:00-де аяқталды. Бірақ жанкүйерлердің ешқайсы орындарынан тұрып, тарап кеткен жоқ. «Сәду Аренаға» жиналған жұрт әр айқасты тапжылмай тамашалады. Ақыры 32 балуанның арасынан Азамат Бақытов пен Руслан Исраилов озып шықты. Алғашқысы – ММА-дан әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, екіншісі – бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. Олардың жасы, салмағы және бойлары да шамалас. Дәл сол қос дүлдүл «Nomad Wrestling»-тің тұсаукесер турнирінің финалында жолығып, сол бәсекеде Бақытовтың (салмағы 90 кг) бағы жанған еді. Биылғы ақтық сында да көреремендер ымырасыз айқастың куәсі болды. Екеуі де шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Десек те қарсыласына қарағанда сәл ширақ қимылдап, алғырлық танытқан 32 жастағы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметінің инспекторы Азамат Бақытовтың асығы алшысынан түсті. Ол 10:8 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, қатарынан екі рет бас жүлдені олжалаған саңлақ «Nomad Wrestling» жобасының жетекшісі әрі президенті Мақсат Қиқымовтың қолынан 10 миллион теңгенің сертификатын алды. Күміс медальды мойына таққан 29 жастағы Руслан Исраиловқа (салмағы 92 кг) 3 миллион теңге табыс етілді.
Үшінші орын үшін тартыс еркін күрестен ел чемпионы, бірақтар халықаралық турнирдің жеңімпазы Нұрғали Нұрғайыпұлы (салмағы 95 кг) мен қоян-қолтық айқастан Азия чемпионы, панкратионнан әлем чемпионы Нұртас Жұмағазыұлы (салмағы 97 кг) арасында өтті. Бұл бәсекеде Нұрғалидің мысы басым болды. Жарыстың қола жүлдегері 1 миллион теңгені қалтасына басты.
Аталған турнирде 20 жастағы Әділет Ахметқалиден бастап, 43 жастағы Ерасыл Абдоллаев пен Аңсаған Құсайынов та күш сынасты. Санжар Жаброровтың салмағы 135 кг болса, Ислам Мамилов, Әділет Ахметқали, Азат Садықов, Рамазан Темірғали, Жалғас Айдардың салмағы 80 кг-дан әзер асты. Ең еңселі балуандардың көшін Руслан Әбдіразақов бастады. Талай дүбірлі додада түйе балуан атанған қазақ күресінің хас шеберінің бойы 196 сантиметр.
Осы жоба аясында супер жекпе-жектер де ұйымдастырылды. Соның бірінде Зәмзагүл Файзолланова мен Еркежан Ерланова шеберлік байқасты. Зәмзагүл – дзюдодан еліміздің 5 дүркін чемпионы, қазақ күресінен Көшпелілер ойындарының күміс жүлдегері, аралас жекпе-жектен «Алаш Прайдтың» чемпионы. Еркежан – бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатының сан мәрте жүлдегері, Азия чемпионы. Бұл белдесуде тәжірибелі Файзолланова айқын басымдық танытты. Бәсеке аяқталған бетте Зәмзагүл әйелдер күресінен әлем чемпионатының үш дүркін финалисі, бір мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының финалисі, Азияның төрт дүркін чемпионы Жәмиля Бақбергенованы жекпе-жекке шақырды.
Келесі күні «Nomad Wrestling Junior» жарысын тамашаладық. Жастар арасында өткен дүбірлі додада Абдолла Батырбек дара шықты. Астаналық джиу-джитсу шебері финалда елордадан келген тағы бір спортшы, грек-рим күресінің өкілі Якбо Виллерді айқын ұтты. Қола медальды талдықорғандық Әлішер Сәкімов еншіледі. Үшінші орын үшін тартыста ол алматылық Рафаэль Орынбаевтан айласын асырды. Жас өрендердің жарысында жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларға 2,5 миллион, 1,5 миллион және 1 миллион теңгенің сертификаттары берілді. Бірақ сыйақы олардың қолдарына берілмейді. Ұйымдастырушылар бұл қаражатты келешекте жас спортшылардың оқуына жұмсауды құп көріп отыр.