Туризм • 18 Сәуір, 2025

«Бозжыра» саяхат орталығының құрылысы басталды

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың Бозжырасы әлем елдеріне әлеуметтік желі арқылы жарқырай танылып, өңірге туристерді шақыруда көшбасшы болып тұр. Туризм саласы мұнайлы түбектің болашақ салмақты бағыты десек, үлкен істі Бозжыра, Шерқала, Айрақты сынды тамаша табиғат нысандары өзгелерді тамсандыра тартумен бастап-ақ кетті. Әр жыл сайын өңірдегі көрікті жерлерді көруге келетін туристер саны артып келеді.

«Бозжыра» саяхат орталығының құрылысы басталды

Суретті түсірген – Ерболат ШАДРАХОВ

Газетіміздің өткен сандарының бірінде (7 нау­рыз 2025 жыл) Маң­­ғыстауда аталған орындарда саяхат яки визит орталығы салы­натынын хабарлаған едік. Сәуірдің самала күн­де­рінің бірінде «Бозжыра» шатқалында жаңа туристік жобаның қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары басталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра секілді тарихи, көрікті орын­дарда туризмді дамыту туралы нақ­ты тапсырма берген болатын. Осы бас­таманың алғашқы қадамы жасалып жатыр. Мұндай сұлулығы көз тартар мекендер әлемде санаулы ғана. Біз тарихи тамырын сақтай отырып, бұл жерді заманауи туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау бір міндет болса, негізгі мақсатымыз – жергілікті тұр­ғындардың бұл жобаның игілігін кө­руіне мүмкіндік жасау. Жақын маңдағы елді мекен тұр­ғындары ауылшаруашылық өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Бұл жоба аймақтың туристік әлеуетін дамытып қана қоймай, өңір экономикасына оң серпін береді деп сенеміз, – деді визит-орталықтың ірге­тасын қалау іс-шарасына арнайы барған Маң­ғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

бозжыра

Тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе көрікті нысанның табиғи қал­пына нұқсан келуі және экологиялық өзгерістердің орын алуы мәселелері еді. Өңір басшысы да, кешен құрылысын жеке қаражатына жүргізетін отандық «Pana Asia» ЖШС бас­шылығы да бұл сұрақтарға нақты жауап берді. Айтуларынша, түпнұсқаға нұқсан кел­мейді және экологиялық талаптар сақ­талады. «Визит-орталық қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жобаланған. Био­логиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн энергиясын пайдалану сынды шешімдер көзделіп отыр. Туристерге барлық жағдай жасау – басты мақсатымыз. Со­нымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары мен құндылықтарын насихаттауға да мән береміз», дейді жоба жетекшісі Сәуле Жаңабаева.

Жобада 17 глэмпинг па­вильоны, 50 қо­на­қ­үй бөл­месі, жалпы аумағы ­450 шар­­шы метр болатын ви­зит-орталық пен этно-кафе қарас­тырылған. За­манауи үлгіде салынатын визит-орталықта саяхат­таушыларға барлық жағдай қарасты­ры­лады. Мұнда келушілер орталығы, этно-дәмхана мен глэмпингтер бой көтермек.

Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған кешен 2027 жылы пай­далануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бозжыра шат­қалына барар жолда орналасқан жол бойында қызмет көрсету орталығының құ­рылысы да жүріп жатыр. Аумағы 12 гек­тарды қамтитын нысанда турис­терге арналған ақпараттық тақталар, қоғамдық тамақтану орны мен шағын демалыс қалашығы қарастырылған бұл нысан 2026 жылы қолданысқа берілмек.

Сол күні-ақ Бозжыраға саяхаттап кел­ген француздық велошабандоздар шоғыры «Бозжыра» визит-орталығының алғашқы іргетасын қалау рәсіміне куә болды. Маңғыстау меймандары өңірдің көрікті табиғатын тамашалауға келе­тін туристерге қолайлы жағдай жасалып жат­қанына қуанышты ықыласын жеткізіп, бастамаға сәттілік тіледі.

тур

Туристердің топ басшысы француз вело­саяхатшысы, кинорежиссер Седрик Тассан – бұған дейін Орталық Азия елде­рінде бірнеше мәрте болған кәнігі саяхатшы. Ол үш жыл бұрын Маңғыстау даласын жалғыз өзі велосипедпен жүріп өткен екен. Сол сапардан алған ерекше әсерін өз достарына жеткізіп, таңғажайып сұлу­лықты көзбен көру үшін биыл достарын Маңғыстауға бастап келіпті. Ал өңірге алғаш келген Седриктің саяхатшы достары Маң­ғыстаудың тамаша табиғатына, Боз­жыра шатқалының қайталанбас келбе­тіне ерекше таңданыстарын қуана жеткізді.

Маңғыстауда далалық жерлерге визит-ор­­талықтардың са­лынуы – сая­хат­шы­лар үшін қуанышты жаңалық, бұл оқиғаны көр­ген-білген, куә болған олар елдеріне ба­рып достарына жар сала айтып, тобын кө­бейтіп тағы қы­дырып келері анық. Ал визит-ор­талықтарда турис­терге сервистік қыз­мет көрсе­тіп, тағам түр­лерін сатып табыс табатын жергілікті тұрғын­дар үшін жұ­мыс көздері де ашылады деп кү­те­міз.

 

Маңғыстау облысы