
«Енді қайда баратынымды айтпаймын. Шөнки, бұл айырылыс – екеумізге де бек қайырлы. Мен сені сүймегендіктен кетті деп ойлама. Мен сені сүйемін, жан-діліммен жаным ашиды да. Бірақ бұдан өңге амалым қалған жоқ. Үшбу хатың, білемін, шынайы жазылған, бірақ қалауыңды орындайтұғын қауқарың сенде жоқ. Мәселе менің қалауым мен талабымды орындауда да емес, мәселе сенің өмірге байыппен, байсалды уә саналы қарауыңда. Әзірге ондай болмай тұрғаннан кейін, менің сенімен өмір сүруім – мүмкін емес. Саған оралуым өмірден бас тартумен бірдей, мен олай жасай алмаймын. Қайыр қош, аяулы Соня! Құдай қуат берсін саған. Бәлкім, қалған ғұмырымыздың соңғы айлары бұған дейінгі күллі жылдарымыздан маңыздырақ шығар, ал оны жақсы сүру керек». Бұл граф Лев Толстойдың үйін тастап қашқан кездегі жұбайы Софья Андреевнаға жазған соңғы хаты.
1869 жылы «Арзамас» қонақ үйіне тоқтаған 41 жастағы жазушы өлім туралы қатты ойланады. Дұрысы, шошынады. Өн-бойын үрей билейді. Қылып жүрген ісінің баянсызын ұғынады. Өмір-бақи жанның емес, тәннің ырқына бой алдырғанын түсінеді. Естеліктерде жарының әп-сәтте басқа арнаға бұрылуы Софья Андреевнаға ауыр тигендігі баяндалады. Ясная Полянаға көшіп барған сәтінде Толстой графтар сияқты емес, қарапайым шаруалар секілді киінеді. Сырттан қарағанда еңбекші мұжықтардан жазушының еш айырмасы болмай қалады. Мұндай әрекеттер Толстойдың бибісіне оғаш көрінеді. Ол заманда Толстойдан артық қаламақы алатын жазушы жоқ еді. Мәселен, Салтыков-Щедрин шығармасының бір беті үшін 100-125 рубль, Достаевский 150 рубль алса, Толстой 500 рубль қаламақы алатын еді. Бірде жазушы «менің күллі жазғаным өзімдікі емес, халықтікі болу керек» деп барлық қаламақысынан бас тартып үкіметке хат жолдайды. Іле-шала әйелі де хат жазады. Онда «Құрметті, патша ағзам! Қазір Лев Николевич сырқаттанып жүр. Кейінгі кезде өзінше бір дін ойлап тауып, соның өтірігіне иланып жүр. Оның кеше жолдаған хатын шынға балай көрмеңіз», деп айтылады.
Жазушы мен жарының арасындағы қайшылықтар туралы ақын Мұхтар Шаханов «Түсіністік теоремасы» атты өлең жазған. Әрине, көркемдік бояуы қанық, ақындық қиялы анық болса да, ақиқаттан алыс кетпеген.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ
Ресейден бөлінбестей болдым-ақ,
...Күллі әлемді тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.
Бір қарағанда адамзатты біртұтас үйлесімге шақырған ақылман ақсақалдың алған жары да өзі секілді жан болуы керек еді. Ойлап қараңызшы, Толстой жер жүзіндегі оқырмандарына осы тақылеттес насихат жаза отырып, соны шай үстінде әйеліне айтып көрмеді дейсіз бе? Айтты. Бірақ нәтиже біз армандағандай болған жоқ.
Ілгерідегі ізгілер сөйлейді. Баяғыда ақыл-ойы мұхиттай терең әулие өмір сүріпті. Ел-жұрт оның насихатына бас қойып, әр айтқан сөзін құрандай жатқа соғады екен. Оның даңқы басқа елдегі ілім іздеуші жас шәкіртке жетеді. Күндердің күнінде шәкірт әулие тұратын ауылға барса, оны таба алмай дал болады. Амалы қалмаған шәкірт есігінің алдында жас балаларды шықпыртып сыбап тұрған долы әйелді көреді. Одан әулиенің атын айтып, оның қайда тұратынын сұрайды. Сондағы әлгі әйелдің айтқан сөзі: «Қайдағы әулиені айтып тұрсың сен? Ол менің ақымақ күйеуім. Әне жүр ол әдеттегідей хайуандарын соңына ертіп», дейді. Қараса, расымен арыстанды ерттеп мінген, төбесінде құстар сайрап жүрген әулие келе жатады. Жас шәкірт «сізді халық төбесіне көтерсе де, әйеліңіз сізді жан демей тұр ғой» десе, ақсақал «керісінше, мені әулие қылған осы. Оған дауыс көтермей, мінезіне сабыр ету арқылы осы деңгейге жеттім», деген екен.
Кім біледі, Софья Андреевна мәңгілік өмірді көксеген күйеуін дүниелік істерге араластырып тұрмаса, әлгі әйел арыстан ерттеген жұбайының арагідік сабырын сынап тұрмаса, олар баяғыда періште болып көкке ұшып кетер ме еді? Ал олар періштеге айналып кетсе, артынан осындай ғибратты оқиға қалмайтын еді.
Сайып келгенде, таразының екі басын теңшеп отыру – тәңірдің ғаділшілік әдеті емес пе?