Аймақтар • 19 Сәуір, 2025

Жетісуда 63 ауылға газ келді

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірді толықтай газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кейінгі үш жылда 60-тан астам елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді. Биыл да бірнеше ауылға табиғи газ тартылмақ. Облыс орталығынан шалғай жатқан аудандарды да газдандыру мәселесі алдағы жылдары шешімін табады. 2029 жылға қарай 200-ге тарта елді мекеннің көмір мен отынға тәуелділігі азаяды.

Жетісуда 63 ауылға газ келді

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Бүгінде облыстың әлеуметтік-эко­но­микалық даму көр­сет­кіші артып, ауылды ай­мақ­тарға көбірек көңіл бөліне бас­тады. Бұл Мемлекет басшысының «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» тұжырымдамасының бір бағыты ретіндегі маңызды қадамы. Мысалы, облыс құрылғанға дейін Жетісу өңірінде небәрі 5 елді мекен газдандырдырылған болса, бүгінде қосымша 58 ауылға газ жеткізілді. Осылайша, 63 елді мекенге газ тартылды, оның 30-ы көгілдір отынға өткен жылы қол жеткізген.

«Облысымызда орталықтан­ды­рыл­ған сумен қамтамасыз ету деңгейі 91,35%-ға жетіп, былтыр су жүйесіне 2 ауыл қосылды. 298 км желі жөнделді, 17 елді мекенде ауызсудың сапасы жақ­сарды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 23 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Спорт саласында 18 нысан іске қосылып, 10 блок-модульді спорт кешені орнатылды. Облыстық маңызы бар 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделді», дейді облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнәр Қожағұлқызы.

Газдандыру – Президенттің тапсырмасына сай облыс басшылығы ерекше мән беріп отырған басым бағыттардың бірі. Соған сәйкес, газдандыру деңгейі 27%-ға артып, 56,5%-ға жеткен. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл соңына дейін өңірде газдандыру деңгейі 71,4% болмақ. Панфилов ауданын қоса алғанда, Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 500 мыңнан астам халқы бар 126 елді мекен газға қол жеткізеді.

2024 жылдың тамызында «Талды­қорған–Үшарал» магистралды газ құ­бырының құрылысы басталған. Бұл жобаны іске асырудың нәтижесінде Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарының 66 елді мекені газбен қамтамасыз етілмек. Өңірді табиғи газбен қосымша қамтамасыз ету үшін «Алматы–Талды­қорған» лупингісінің (екінші тарма­ғының) құрылысын салуға қатысты дай­­ын­дық жүргізіліп жатыр. Газдан­ды­ру ісі барысында 1 800-дей тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылған.

Биыл Ескелді ауданы толықтай газбен қамтылады. Онда кейінгі екі жылда 39 мыңнан астам тұрғынның көгілдір отын­ға қол жеткізуіне мүмкіндік жасал­ған, яғни газдандырылуға жататын 21 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры тар­тыл­ған.

«7 елді мекенде – Көкжазық, Теректі, Қаратал, Абай, Шымыр, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ тарату желі­лерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 5 елді мекеннің жұмыстары бітіп, халық игілігін көріп отыр. Көкжазық, Теректі ауылдарында биыл аяқталады», деді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.

Оған қоса Қайнарлы мен Жал­ғызағаш ауылдарына газ тартуға рес­публикалық бюджетке өтінім ұсы­нылған. Соның нәтижесінде жыл аяғына дейін жалпы саны 48 мың адам тұратын 21 елді мекен газға толық қол жеткізеді.

Қабылданған шаралардың нәтиже­сін­де бәсекелестік ортаны дамыту арқы­лы газ қостыру құнын, қазандық пен қажетті жиынтықтарды қоспағанда, 170-175 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар бір жарым жылдың ішінде 1 600 газ қа­зандығын сатып алуға 500 млн теңге бөлінген. Тұрғындарға қазандықтың төлемін 10 айға дейін бөліп төлеуге жеңілдік жасалып отыр.

«Ауданда барлығы 63 елді мекен бар, оның 26-сы газдандыруға жатады. Сарыөзек ауылы тұрғындарының 34,8%-ы газға қосылған. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында Сарыөзек ауылына газ құбырлары тартылып, 3 102 үйді көгілдір отынмен қамту мүмкіндігі бар. Барлығы 1 080 тұрғыны бар көп­қабатты үй газға қосылып, 984 үйді газға қосу бойынша техникалық шарт берілген. Ауылда 29 газ тарату шкафы орнатылған, оның 9-ы коммерциялық, 17-сі абоненттердің пайдаланылуында», дейді Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов.

Жалпы, 2029 жылға қарай Жетісу облысында газдандыруға жататын 192 елді мекенге толықтай газ тартылады. Соның нәтижесінде 624 мыңнан астам тұрғын немесе өңір халқының 91%-ы көгілдір отынға қол жеткізе алады.

Талдықорған халқының 90,3%-ы газға қосылуға мүмкіндік алған, соның 69%-ы немесе 37,8 мың абонент газ қостырған. Орталықтандырылған ауыз­сумен қамту деңгейі 98%-ды құрап отыр. Ынтымақ ауылы, 3-бөлімше, «Пригородный», «Экспедиция», «Үй­тас» саяжай алабы, «Жастар-2» шағын ауданы, Ынтымақ тұрғын алабы мен Мойнақ ауылы көгілдір отынмен қам­тамасыз етілген.

«Қала маңындағы «Алмалы», «Ащы­бұлақ», «Мерекелік», «Қызылтас», «Балықты», «Қаратал» саяжайлары мен 1-бөлімшеге газ тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр, келесі жылы құрылысын бас­таймыз. Ауызсуға келсек, орталық су жүйесіне қосу деңгейі қазір 98%. Келесі жылы Ынтымақ тұрғын ауданында кәріз жүйесінің құрылысын аяқ­таймыз. Сондай-ақ Еркін ауылы мен 1-бөлімшеде сумен қамту жүйесін сала бастаймыз», дейді облыс басшысы.

 

Жетісу облысы