Өшпес даңқ • 22 Сәуір, 2025

Ерлігі лайықты бағаланбаған танкист

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс шындығы әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Басқасын былай қойғанда, жасанған жауға бірлесе қайрат көрсеткен одақ құрамындағы аз ұлт өкілдерінің от бүркіп тұрған майдан өтіндегі ерлігі елеусіз қалып келгені көңілге қаяу салады. Солардың бірі – Берлинге алғаш танкпен кірген Айтмағамбет Нақыпов.

Ерлігі лайықты бағаланбаған танкист

Шырғалаң тарихының шеті көрінбейтін сол соғысқа Қызылорда облысының өзінен 70 мың азамат аттаныпты. Олардың 22-сі Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. «Алтын Жұлдыз» он сегіз жасында әскерге алынып, 1-Украин майданындағы 3-гвардиялық танк армиясының 24-экипажында зеңбірек көздеуші-атушы болған Айтмағамбет Нақыповтың да кеудесінде жарқырауы керек еді. Бірақ әскери қолбасшылардың әрі итеріп, бері жығатын саясатының салдарынан жерлесімізге жоғары награда бұйырмапты.

Он сегіз жасында майданға алынып, әуелі Ашхабадта, ке­йін Чкалов қа­ласында қыс­қа даярлық кур­­сы­нан өтіп, май­данға тан­кист болып кір­ген ол Чер­ни­гов, Бель­ков­цы же­рін азат етіп, Смо­ленск, Орел-Курск шай­­­қас­тарынан өтіпті. Харьковті жаудан тазартып, Жи­томир, Проскуров, Тернополь, Львов арқылы Батыс бағытындағы шабуылдарға қатысады.

Жаңақорғандық жауынгердің танк экипажы 1945 жылдың 19 сәуірінде Берлинге кіріп, Рейхстагты нысанаға алады. Көзі тірісінде ақын, Жазушылар одағының мүшесі Адырбек Сопыбековпен әңгімесінде майдангер осы бір сәт туралы тебірене айтыпты.

Тельтов қамалында жауды қыспаққа алған танк армия­сы бесінші күні таң алдында Берлин бағытындағы жау тосқауыл­дарын бұзған күйі оқ жаудыра ілгері тартады. Генерал Шатилов басқаратын 150-атқыштар дивизиясы жауынгерлерін қорғай жылжып, жолай қала шетіндегі неміс аэродромын атқылаған танкистер 21 сәуірде Берлин қаласының оңтүстігінен кіре бас­тайды. Бірақ соңғы бекінісіне табан тіреген фашистермен кескілескен ұрыс ұзаққа созылыпты. Жай жылжыған танктер сәуірдің соңғы күні қала ортасына жетеді. Гүрсілдеген жарылыс арасынан саңылау тауып ілгері қозғалған Айтмағанбеттің танк экипажы түс ауа үлкен бір алаңнан шыға келіпті.

Осы сәт «О, Рейхстаг көрінді!» депті командир Минаев қолымен көк түтін арасынан бұлдырай көрінген сұр күмбезді ғимаратты нұсқап. Командир бұйрығымен Айтмағамбет пен серігі Минамутдинов зеңбіректі оқтап, Рейхстагты көздеп атып жібереді. Жаңақорғандық жауын­гер мінген танктің Берлинге енген сәті соғыстағы бейнекадрларды пайдалана отырып, 1971 жылы әзірленген көпсериялы «Битва за Берлин» фильміне енгізіледі.

Келесі күнгі шабуылда бұлардың танкісіне зеңбірек оғы тиіп, жүргізуші-механик, радист-пулеметші көз жұмыпты. Айтмағанбет майдандас достарын өртеніп жатқан танк ішінен алып шыға бергенде, командирлері Минаевтың да бүктетіліп құлай бергенін байқап қалады. Осы сәт дәл жандарында жарылған снаряд толқынынан жығылған жауынгер есін 8 күннен кейін госпитальда жинапты.

Бұлар жеңістен кейін де Германияда қалдырылған әскери құра­мның тобында болады. Қираған қаланы аралап жүрген сарбаз Рейхстаг маңындағы алаңда тұғырға қойылған өз тан­кісін көріпті. Алаңға жауапты полковник тұғырды айнал­шық­тап қарап жүрген сарбаздың Висла-Одер операциясында терең сайдан өткен танктің оң жақ қанаты майысқанын, ұң­ғысында снаряд іздері қалғанын айтқан сөзін тексеріп, рас­тығына көзі жетеді. Осылайша, танктің Айтмағанбет Нақы­повтың экипажынікі екені анықталып, оған өз нөмірі таңбаланады.

Миллиондаған адам құрбан болған соғыс туралы 1965 жылдан кейін ғана жазыла бастады. Сол тұста жаңақорғандық жауын­гер А.Нақыпов туралы жазылған мақала «Огонёк» журналына жарияланыпты. Ал 1985 жылы Қазақ теледидары Жаңақорған ауданына арнайы келіп, «Қаһарлы жылдар шежіресі» деген айдармен «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» көпсериялы бейнефильмнің 38-сериясына Айтмағанбет Нақыпов туралы түсірілім жасайды.

Соғыстан кейін елге оралып, су шаруашылығы саласында еңбек еткен майдангер жеңістің 40 жылдығында Мәскеу қаласында ұйымдастырылған полк ардагерлерімен кездесуге барады. Сол сапар полк комсоргі болған қаруласы кезінде бұлардың экипажындағы 4 сарбазға Кеңес Одағының батыры атағын беруге ұсыныс жасалғанын айтыпты. Бірақ оған 1-Беларусь майданының қолбасшысы Жуков пен 1-Украин май­данын басқарған Конев арасындағы дүрдараздық сал­қынын тигізген көрінеді.

Батыр атағы бұйырмаған ардагер 1998 жылы дүниеден өтті. Отты жылдар естелігі сын сағатта сынбаған батырлардың осындай ерліктері арқылы ел жадында жаңғыра бермек.

 

Қызылорда