«Таза Қазақстан» • 22 Сәуір, 2025

Экологиялық құндылық – таным таразысы

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық экология­лық акциясы – Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаппай сенбілік­тер, қоқыс жинау, аумақтарды көгалдандыру, қалың бұқараны осы бағытта сауаттандыру арқылы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірегей бастамасы.

Экологиялық құндылық – таным таразысы

Сурет: inbusiness.kz

Акция аясында еліміздің ауыл-қалаларындағы барша тұр­ғындар, еріктілер, мемлекеттік құрылымдар мен түрлі мекеме-кәсіпорындар қоршаған ортаны тазалау, көгалдандыру, абаттандыру мақсатында әртүрлі экологиялық іс-шаралар өткізу барысында бірлесе, білек сыбана еңбек етуді дағдыға, дәстүрге айналдырды. Акция аясында жер-жерлерде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды түрлі тақырыптық бағыттар, конкурс-байқаулар көптеп ұйымдастырылды.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім еткендей, былтыр «Таза Қазақстан» акциясына 6 млн-ға жуық адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысты. 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Жүздеген мың аулалар мен аумақтар тазартылды. 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағын тазарту, қоғамдық кеңістіктің, саябақтардың, скверлердің 4,6 мыңнан астам нысанын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. 300 мың шаршы метр­ден астам жабын материалы (плиткалар, төсеніштер, т.б.) жөнделді, ауыстырылды. 5 мың­нан астам тарихи-мәдени мұра нысандары (ескерткіштер, мәдени құрылысжайлар), 758 субұр­қақ тиісті қалыпқа келтірілді. Өзендердің, көлдердің, басқа су айдындарының айналасындағы 5,8 млн шаршы метрден астам алаң, 8,4 млн метрден астам арық желісі тазартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу мақсатында 238 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту, қалдықтарды бөлек жинауды енгізу акцияның негізгі бағыттары саналады.

Экологиялық бастамалардың қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып, халықтық сипат алып кетуіне орай, оны одан әрі дамытып, әлеуметтік нормаға айнал­дыру мақсатында еліміздің Үкіметі 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экология­лық мәдениетті дамыту тұжы­рым­дамасын бекітті. Құжатта елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Экологиялық мәдениет – адам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінен көрінетін жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Осы орайда экологиялық мәде­ниет­ті дамытудағы кешенді тәсіл ха­лықтың әртүрлі топтары үшін экологиялық мәдениетті қалыптастырудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін – экологиялық білім беруді, тәрбие мен сауат ашуды, экоәлеуметтенуді, экологиялық өзін-өзі оқытуды, өзін-өзі тәрбиелеуді қолдануды қамтиды.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары – экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты қалып­­тастыру, экологиялық білім беру, ақпараттандыру, эко­логия­лық ағарту. Құжатта эколо­гия­лық жауапкершілікті арттыру мақ­сатында азаматтардың саналы әрекеттерін ынталандыру, көтер­мелеу шаралары қарас­тырыл­ған. Барлық білім беру дең­гейлерінде экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесін дамыту көзделген. Халықты эколо­гиялық мәселелер туралы хабар­дар ету, ақпараттық қолжетім­ділікті қамтамасыз ету шаралары жоспарланған.

Тұжырымдаманы іске асыру­дың қорытындысы жөнін­дегі нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелердің тізбесі төмендегідей:

  • Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі: 2023 жылғы 24%-дан 2029 жылға қарай 38%-ға дейін арттыру жоспарланған;
  • Экологиялық іс-шараларға тартылған оқушылардың үлесі: 2024 жылы 15%-дан 2029 жылы 40%-ға дейін ұлғайту көзделген;
  • «ProEko» жобасына қаты­сатын 5–6 сынып оқушыларының саны: 2024 жылы 2% (16 000 оқушы) деңгейінен 2029 жылы 15% (115 579 оқушы) дейін арттыру жоспарланған.
  • Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі: 2023 жылғы 54,2%-дан 2029 жылы 64,7%-ға дейін жеткізу көзделген.

Сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық орындарда қал­дықтарды бөлек жинау жүйесін, қоршаған ортаны қорғауға бағыт­талған экологиялық қауіпсіз тәжі­рибелерін енгізу, қоршаған ортаны ластауға қатысты «нөл­дік төзімділік» мәдениетін қалып­тастыру мақсатында ақпарат­тық, тәрбиелік шаралар жүргізу сынды қосымша шаралар қарастырылған.

«Таза Қазақстан» акциясының жемісін, игілігін бүгінде барша тұр­ғын­дар көріп отыр: аула-көше­лер тазартылды, қорда­ланған күл-қоқыстар сыртқа шы­ға­рыл­ды, саябақ, гүлзарлар жаңа кейіп­ке енді. Соның арқа­сын­да қор­шаған орта, дема­лыс орын­­дары көркем көз тартып, эко­ло­­гия­­лық мәселелер де оң шеш­і­мін таба бастады. Деген­мен акция аумақ­­тарды тазалаудан әлде­қайда ауқымды іс-шаралар шең­берін қамтиды. Бұл – барша азаматтардың күш-жігерін бірік­тіретін, экологиялық тұрғыда сана­лы өмір салтын насихаттайтын қуат­ты қозғалыс. Басты тағылымы – тек тазарту ғана емес, сонымен қатар эко­ло­гиялық мәдениетті қалып­­тастыру, қоғамды ортақ жауап­­кер­шілікке тәрбиелеу, қор­ша­ған ортаны қорғауға деген жана­­шыр­лықты арттыру. Оның іске асы­рылуы халықтың эколо­гия­лық сауаттылығын артты­ру­ға, еліміздің әлеуметтік-эко­но­­ми­калық тұрғыда тұрақты дамуына лепті үлес қосады.