Университет • 22 Сәуір, 2025

«Қазақ этнографиясы» – түркі рухының төрінде

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлт руханиятын дәріптеуге бағытталған республикалық экспедиция Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барып, тағылымды кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақ этнографиясы» – түркі рухының төрінде

Алдымен университет ректоры Жанар Амангелдіқызы экспедиция мүшелерін арнайы қабылдап, ілтипатын білдірді. Сондай-ақ университеттің ұлттық құндылықтар бағытында атқарып жатқан ғылыми жобаларын атап өтіп, болашақта да бұл бағыттағы кез келген игі бастамаларға қолдау көрсететінін жеткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы сөз сөйлеп, экспедицияның мазмұны мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Зейнолла Сәніктің мол мұрасын ғылыми айналымға енгізу жөнінде ұсыныс білдірді

– Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегі – ұлтымыздың рухани мұрасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Бұл кітап этнографиялық ғылымның ғана емес, ұлттық сананың іргетасын бекітетін құнды еңбек, – деп атап өтті.

Бұдан кейін университеттің Ахмет Ясауи атындағы кітапханасында студенттер, этнограф-ғалымдар, ақын-жазушылар мен әдебиет сүйер қауымның қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдазым жүргізіп, ұлттық құндылықты ұлықтауға бағытталған экспедицияның мақсатымен таныстырды.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің экспедиция мүшелеріне арналған арнайы құттықтау хатын оқып беріп, жиналған жұртшылықты рухани серпіліске жетеледі.

Кездесу барысында қоғам қайраткері, ғалым Ұлықпан Сыдықов сөз сөйледі.

Бұл ұлттық экспедиция Ұлттық құрылтайда көтерілген ой-тұжырымдармен үндес. Ұлттың біртұтастығы, әр қазақтың бойындағы тектілік пен рухани жауапкершілік – ұлттық құндылықтар жүйесінің айғағы, деді ол. 

Жиын аясында Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қоры әзірлеген деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туынды қаламгер мұрасының елдік мүдде тұрғысынан қаншалықты бағалы екенін тағы бір мәрте айғақтады.

Жиында сөз сөйлеген ғалым Жанат Зейноллақызы әкесінің ғылыми мұрасын зерделеу – жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдолла Садық:
– Түркістан – ұлттық құндылықтардың алтын бесігі. Бұл киелі шаһардағы экспедицияның мән-мағынасы ерекше. Ұлттық санада ұмытылып бара жатқан көптеген құндылықтардың қайта жаңғыруына түрткі болатын бастама – осы, – дейді

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев өз кезегінде:
– Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегімен алғаш танысқан сәтте ерекше әсерге бөлендім. Бұл – менің өмір бойғы зерттеу нысаным болған этнография саласының рухани діңгегі. Сол еңбектің ықпалымен өзім де этнографиялық бағытта бірқатар ғылыми туындылар жаздым, деді ол.

Келесі кезекте тарихшы-ғалым Хазіретәлі Тұрсын этнография ғылымының қазақ тарихы мен дүниетанымындағы орны туралы қысқаша мазмұндама жасады.

Кездесуді Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры, ақын Серік Қалиев қорытындылап, экспедицияның ел руханиятына қосатын үлесін атап өтті.

Шара соңында Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегі университеттің оқытушыларына, студенттерге, зиялы қауым мен ақын-жазушыларға салтанатты түрде сыйға тартылды.