Президент • Бүгін, 16:20

Дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті - Президент

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті - Президент

Фото: Ақорда

Президент бірнеше күннен бері елордада түрлі мәдениет пен өркениет өкілдері бас қосып жатқанын айтты.

«Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шын мәнінде, салмақты және сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі.

«Сіздер бүкіл әлемге көрегендік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар. Геосаяси тұрақсыздық белең алған күрделі кезде мұның мән-маңызы айрықша. Форум бүгінде діндер мен мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты дамытудың, барша адамзаттың жарқын болашағы үшін ынтымақтастықты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пленарлық және секциялық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияларда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көшбасшылар форумында көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Сіздер деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырдыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар. Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады», деді Президент.