Өшпес даңқ • Бүгін, 15:30

Қаһарманның қастерлі жолы

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденовтің (1925–1974) қайталанбас ерлігі Президент Жарлығымен «Халық қаһар­маны» атағына, оның айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденіне лайықты деп табылып, осы мемлекеттік ең жоғары атақ марқұмның перзенті Махамбет Кенжебайұлына тапсырылды.

Қаһарманның қастерлі жолы

Сәрсенбінің сәтті күні Ақордада өткен салтанатты жиында батыр­дың ұлы Махамбет Кенжебайұлы Мемлекет басшысы  қолы­н­ан майдангер әкесінің осы айрықша марапатын қабылдап алды.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы қазақ майдангер­лерінің рухы асқақ, намысы биік болғанын олардың ерен ерлігін дәлелдеп келгенін атап өтті. Оның айтуынша, даңқты ерлер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайт­пас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетіп, 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанған. Сонымен қатар Президент көп­теген майдангердің ерлігі елен­бей қалғанын да жасырмай, ел қорғаған жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтау – бар­шаның перзенттік парызы екенін жеткізді.

щ

Сондай-ақ Президент соғыс соңында взвод командирі болған Кенжебай Мәденовтің қан­дыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккенін айта келіп, ол батырдың ерлік жолы туралы маршал Георгий Жуков бастаған қолбасшылар мен журналистер жазғанын, алайда осы тарихи маңызы зор ерлікке әлі күнге дейін лайықты баға берілмей келгеніне ерекше тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Кенжебай Мәденовке Екінші дүниежүзілік  соғыстағы жанқиярлығы мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын мә­лімдеді. Осылайша, оның сөзінше, ел болып тарихи әділдік қалпына келтірілді.

Ал еленбей келген ерлікке лайықты баға берілгенін, айбынды әке есімі қайта жаңғырғанын толғаныспен жеткізген батырдың ұлы Махамбет Кенжебайұлы: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қадірлі қазақ елі! Бүгін тарихи әділдік салтанат құр­ған айрықша күн. Небәрі 20 жа­сында взвод командирі болып, Берлинді шабуылдау кезінде батырлық көрсеткен әкеміз Кенжебай Мәденовтің ерлігі лайықты бағасын алып отыр. Оған Сізге алғысымыз шексіз! Ерліктің дәлелін тауып, ел басшылығына баяндаған Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне де алғысымды айтамын. Бұл – тек біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін идеологиялық тұрғыда маңызды шешім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз мәңгі болсын!», деді толқып тұрып.

Маршал мемуарындағы Мәденов

Ерекше ерлігі 81 жылдан кейін бағаланған Кенжебай Мәденов кім еді?

Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Кенжебайдың әкесі Мәден, атасы Кереш Тайсойған өңіріне белгілі өнерпаз болатын. Жалпы, әйгілі Махамбет Өтемісұлымен бір туған бұл әулет әуелден дом­быраға, ән-күйге жақын екен. Үлкендердің «Қызылқоғада Мәден мен Далабайсыз той өтпейтін» дейтіні содан болса керек. Қаһарман Махамбеттің өзі де дәулескер күйші болғаны белгілі, 1965–1977 жылдары Қаратөбе аудандық Мәдениет үйін бас­қарған Сәулебай Далабаевтан «Ботакөз», «Шаткөңіл», «60 жас» атты шығармалар қалған. Біздің кейіпкеріміз Кенжебай Мәденов те домбыра шертіп, ән салғанда елді аузына қаратқан. Алайда бұл толқынның пешенесіне өнер қуып, сахнаға шығуды емес, Екінші дүниежүзілік соғыс атты қанды қасапта етігімен қан кешуді жазған екен.

– Әйгілі маршал Г.Жуков­тың 700 беттен тұратын «Вос­поминания и размышления» атты деректі кітабында қазақтан жалғыз лейтенант К.Мәденовтің есімі аталған екен. 1970 жылы Әнес Са­раев­тың «Маршал мақтаған қазақ» деген мақаласын көріп, бұл батыр туралы жазуға қатты құмарттым, зерттей бастадым, – дейді «Егеменнің» ардагер журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев.

«Шайқаста танкілер мен өз­дігінен жүретін зеңбіректерді іске қосуға тура келді. Олардың оқпандарынан зуылдай ұшқан снаряд Ратушаның зіл батпан шо­йын қақпасын қақырата құлатып, үй алдындағы алаңқайды түтінді пердемен тұмшалап тастады. Осы сәтті шебер пайдаланып мұнда ең бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы басып кірді», деп жазған екен маршал Жуков.

Жанболат Аупбаев Орал пединститутының профессоры Мәтжан Тілеужановтан Кенжебай Мәденов жайында құнды естелік дерек, фотосурет алған. Кейін Орал қаласына келген сапарында жергілікті әскери комиссариаттан болашақ кейіпкері туралы бір папка құжат көшірмесін қолға түсірген. Кейін бұл деректің бәрі «Маршал мемуарындағы Мәденов» атты мақала болып «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген болатын. Автор мақалада бұл кейіпкер туралы көп ізденіп, ұзақ жазғанын атап өткен жөн. Оған себеп – батырдың өте қарапайым мінезі, «Жуков мен туралы жазыпты деп елдің мазасын алып, даурықпай» өткен қағидасы болса керек.

«Батыр гвардияшылар»

«Қазақстан коммунисі» басы­лымның 1970 жылғы №6 санында «Батыр гвардияшылар» атты мақала жарияланған. Бұл естелікте Кенжебай Мәденов өзінің мектептегі кезі, туған-туыстары, әскерге аттанып, қай майданда болғаны жөнінде толық жазған екен. ...1943 жылы Қаратөбеден майданға аттанған К.Мәденов аз-кем дайындықтан өтіп, арнайы курс­та кіші командир дәрежесін иеленеді. 3-Украин майданының 57-гвардиялық дивизиясындағы 170-полк жауынгерлерімен бірге Кривой Рог түбінде шабуылға кіреді. Кезекті бір шайқаста аяғынан ауыр жараланып, госпитальға түседі. Одан шыққан соң 5-тегеурінді армияның құрамында Молдавиядағы Яссы-Кишинев ұрыстарына қатысады. Соғыс қимылдары саябыр тартқан 1944 жылдың қыркүйегінде полк басшылығы ішінде К.Мәденов бар бір топ жас жігітті кіші лейтенанттар даярлайтын курс­қа оқуға жібереді. Одан келген соң бұларды 1-Беларусь май­данындағы 266-дивизияның 1008-полкіне бөледі. Мұнда взвод командирі болып тағайындалған ол Висла өзенін көктей өтудегі, содан соң Варшаваны азат етудегі әскери қимылдарға қатысып, 1945 жылдың қаңтар айында Германия жеріне келіп кіреді. Қыс, көктем бойы мұнда Одер, Сандомир плацдармдары үшін жан алып, жан беріскен шайқас жүреді. Ақыры жау бекінісінің көбесі сөгіліп, Кенжебай Мәденов қызмет ететін полк жауынгерлері 23 сәуірде Берлин көшелерінің шетіне ілінеді. 29 сәуірде Король алаңы маңында қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан Қызыл армия бөлімдеріне қайткенде де жау ордасының төріндегі Үкімет үйлері – Ратуша мен Рейхстагты алу керек деген пәрмен беріледі. Қорғанысы өте күшті Ратуша ғимаратына шабуыл жасап басып кіру, оның ішін эсэс баскесерлерінен тазартып, шатырына қызыл ту тігу өте қиын тапсырма болатын. Мәденов басқарған взвод қиян-кескі шайқаста мақсатына жетеді. «Үшінші қабатқа көтеріле бергендегі бір қорқынышты оқиға есімнен кетпейді. Колонна бағанасының тасасынан шыға келген еңгезердей неміс өзінің тұсынан өтіп бара жатқан біздің жауынгердің көк желкесінен қанжар салмасы бар ма? Жас шамасы жиырмалардағы жігіттің Жеңіс сағатының соғуына санау­лы сәттер қалғанда қаза табуы өзегімді өртеп жібергендей болды. Ашу-ызамен енді мен оған тап бердім. Ол да ұмтылды, бірақ кеш қалды. Дәлдеп сілтеген мылтық сүңгімнен фриц кескен теректей сұлап түсті. Ратуша ішіндегі шайқас бірнеше сағатқа созылды. Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылып, оның төбесінде біз тіккен қызыл ту желбіреп тұрды. Тапсырманы абыроймен орындаған взводымыз енді жаңа бұйрықтарды орындауға көшті. Ол алға, тек қана алға ұмтылып, Рейхстагқа қарай жылжу болатын» деп жазған екен Кенжебай Мәденов сол бір сәт туралы. 

Саптан шықпаған сарбаз

Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы ер­лігі үшін Кенжебай Мә­денов бірнеше орден-медальмен ма­рапатталған. Атап айтсақ, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», І дә­ре­желі «Отан соғысы» ор­дендері және «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары өңіріне та­ғылды. Жоғарыда айтқандай, өзеуреп алға шықпаған, «ермін» деп кеуде қақпаған батыр қара­пайым қалпында қала берді. 1946 жылдан бастап Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді. 26 жыл ішінде жедел-із­дес­тіру жұмысынан басталған құ­пия қызметі Гурьев облысының Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті басқармасының төрағалығына дейін көтерілген. Әріптестері Кенжебай Мәденовтің жастарға көзқарасы ерекше болғанын, со­ғыс ардагері, МҚК қызметкері ре­тінде жинаған өмірлік тәжіри­бе­сін үнемі ортаға салып, бас­қарманың қоғамдық өміріне белсенді қатысатынын еске алады.

«Кенжебай ағай құпия қыз­метте де жан аямай жұмыс істеді. Бірде Орал қаласындағы теміржол вокзалынан, перроннан көріп қалдым. Қарапайым теміржолшының киімін киіп алса да ағамды танып, жанына жақындаған кезімде маған «танымаған адам болып кетіп қал!» деп белгі берді. Сөйтсем, сол кезде де құпия тапсырмамен жүрген екен. Ағамды соңғы көруім сол болды» деп еске ал­ған екен батырдың немере інісі Сәулебай Далабаев.

Кенжебай Мәденов соғыстан алған жарақаты салдары болар, кейінгі қым-қуыт қызметінің де зардабы тиген шығар, не­бәрі 49 жасында, 1974 жылы 26 желтоқсанда дүниеден өтті. Атырау қаласында жерленді.

К.Мәденов бастаған жауын­герлердің ерлігі жайында маршал Г.Жуковтан бөлек, 5-екпінді армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Ф.Боковтың «Жеңіс көктемі», 1948 жылы КСРО Қарулы Күштері министрлігінің баспасы шығарған «Берлинге шабуыл» кітаптарында да суреттелген. Оның есімі 1985, 1993 және 2004 жылдары жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулығына енді. 2001 жылдың желтоқсанында Атырау облыстық Ұлттық қауіп­сіздік департаментінің ғима­ратына мемориалдық тақта орнатылды. 2005 жылы Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің атына көше берілді.

Міне, Кенжебай Мәденовтің сонау сұрапыл соғыстағы ерлігі 81 жылдан кейін лайықты баға­ланып, Отанның ең жоғарғы марапатына ие болып отыр. Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында болған бұл оқиға – ерлікке тағзым, ұрпаққа аманаттың лайықты көрінісі.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қаһарманның қастерлі жолы

Өшпес даңқ • Бүгін, 15:30

Айғыржалдан аттанған арыстар

Өшпес даңқ • Бүгін, 14:15

Мемлекетшіл тетік

Пікір • Бүгін, 12:00

Түйсіктің дәні

Руханият • Бүгін, 11:50