Руханият • Бүгін, 11:50

Түйсіктің дәні

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер, қайрат­кер, академик Дархан Қыдырәлінің шығармалары өзіне тән әсерімен оқыр­манға кеңінен таныс. Ол біраз жыл республиканың бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінің тізгі­нін ұстап, баспасөздегі руханиятты нығайтуға елеулі үлес қосты. Біз сөз еткелі отырған «Нүкте философиясы» кітабы – соның бір дәлелі.

Түйсіктің дәні

Кітаптың аты да, әлқиссасы да «Нүкте философиясы» деп аталады. Автор нүкте деген ұғым арқылы нені меңзегенін кең ауқымда жан-жақты саралаған. Арғы-бергі ғұламалардың дәйек­теріне жүгінген. Ондағы тұжы­рымдардың сырын өзін­дік пайыммен түсіндіруге тырыс­қан. Мақаланы оқыған кезде нүктенің жай ғана ноқат емес, жұмбаққа толы түйін екенін сезіне бастайсыз. Күллі әлемнің кішкентай нүктеден басталып, алып ғаламшарға айналғанын ұғынасыз. Егер адам санасына түйсіктің дәні нүкте болып қонса, ол да ертең дүниеге жаңалықтар әкелетін құбылысқа ұласатынына сенесіз. Тіпті әрбір тіршіліктің жаратылысы нүктеден басталатын заңдылыққа бағынатынын аңғарасыз. Нүкте – басталу мен кемелденудің өзіндік таңбасы секілді.

Ғалымның: «Нүкте – адамзат мөрі, болат қорғасындай ауыр, қаққан шегедей мықты. Қаламды ақ қағазға қойсаңыз, алдымен нүкте пайда болады. Адамның ғұмыры секілді сөйлем нүктемен басталып, нүктемен тәмамдалады», деуінде сан қатпар философиялық тұжырым жатқанын аңғарасыз.

Еңбектегі «Ар алдындағы арылу» толғамының да мәні зор. Адам оң мен солын барлап, жан-жағын бақылап, қайдан келдім, қайда барамын деген секілді сұрақтарға жауап іздесе, ізгі мұраттарына жа­­қындай түседі. Бұл – өмір қиын­дықтарын жеңудің басты жолы.

Осында автор Лев Толстойдың «Тәуба» атты әңгімесінің идея­лық мазмұнын алға тартады. Мына қызыққа қараңыз, адам басқаларға ақыл айтып, жол нұс­­қауға құмар болса да, өзіне келгенде олай етпейді. Орын­дауға тиісті талаптарға атүсті қа­райды. Оны жүзеге асыруға құлық­сыздық танытады. Яғни басқаға жанашыр, ал өзіне келгенде, жанашырлығы жалаң. Мұндай қылықтар өмірде де аз емес екен. Мәселен, әлеуметтік желінің мінбесінен түспейтіндер өз ауласында болып жатқан оқи­ға­ларды таразылап, одан сабақ алуға сараң. Мақалада осы тектес қылықтар жақсы сарапталған.

Адамды ар алдына әкелетін – басқа емес, өзі! Солай болуға тиіс. «Бұл ретте арылу, тәуба ету – кешірім сұрап, ақиқатпен беттесу ғана емес, сол қателікті екінші рет қайталамауға серттесу екенін де қаперде ұстаған жөн», деп түйіндейді автор.

Кітаптағы «Кәсіп пен нәсіп» туралы толғаныс та оқырманды бейжай қалдырмайды. Автор  қоғамдағы көп қиындық неден туатынын талдап көрсетеді. Экономикасы әлсіз жұрт жалтақ, өзгеге алақан жайып қалатын халге ұрынады. Мүмкіндіктерді игере алмай, кіріптарлыққа тап келеді. Кәсіпті дөңгелетудің адам түсінбейтін пәлендей құпиясы жоқ. «Адам істегенді – адам істейді». Оқу мен тоқу, ізденіс пен құлшыныс өріс алған кезде айдарыңыздан жел есетіні анық.

Түркі тарихындағы ақылман­ның бірі – Исмаил Гаспыралы. Ол біртуарды Алаш арыстары ұстаз тұтқан. 1909 жылы 13 қазанда «Тәржіман» газетіне «Түркістан темір жолдары және біз» деген мақаласы шығыпты. Ойшылдың айтуынша, теміржол сайын сахараның алыс-берісін тездетеді. Жаңа толқынды серпілтеді. Егер бұл үрдісті жатырқамай қабыл­даса, көшпелі жұрт мал бағумен бірге оны да атакәсіпке айналдыра алады. Нәтижесінде, жаңа тұрпатты салалар дамиды. Автор осы туралы жаза отырып, әр кезеңнің өзіне тән өркениеті болатынын көрсеткен. Кәсіптің жаңашыл үрдісін болашақпен үндестірген. Соның арқасында жаңа қазақ – жасампаз қазаққа айналуға тиіс екеніне тоқталады. Шынайы кәсіпкерліктің жеңісі де, жемісі де мол. Сондықтан отбасылық тәрбие, мектептер мен колледждердегі еңбекке баулу сабақтары, жұмысшы мамандығының қасиетін ұқтыру тәлімі бір сәт толастамауға тиіс. Терең білім – кәсіпкерліктің ажырамас сыңары. Бүгінгі жасанды интеллект қоғам мен адамды мақсат-мұраттың сөресіне жеткізетіні анық. Табыстың адал еңбекпен келерін, кәсібіміз­дің нәсібімізде екенін автор тиянақтап тұрып, оқырманға ұқтыра алған.

Қазақ  «Аузым бар деп сөйлей берме» дегенді сабақ болсын деп тауып айтқан. Мәселен, Зәуре Батаева  «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақы­ны» деп одағай мақала жазып, мәдени ортаны дүрліктіргені есімізде. Дархан Қыдырәлі осыған қарсы батыл тойтарыс берді. Оны кітаптағы «Абайға абай болайық, ағайын» атты мақаладан көресіз.

Абайды жоққа шығарғыш Зәуре Батаева беті бүлк етпей ұлы ақын өлеңдерін Алаш қайраткерлері, оның ішінде Әлихан Бөкейхан жазды деген дәлелсіз, бықсыған шаланы хабары аз ортаға лақтырып жіберіпті. Ол қыза-қыза ақынның «ИбраҺим» деген атына күмән келтіреді. Батыс пен шығысты меңгерген ғұламалық ізденістерін айналып өтуге тырысады. Одан басқа да тұнық суды лайлаған әрекеті аз емес.

Автордың осыларға қарсы  айтқан уәжі сенімді. Қолмен қойғандай анық. Әр тұжырым нақты дәйектермен, бұлтартпас дәлелдермен көмкерілген. Осы арқылы білмейтін «білгішке» лайықты соққы берілген. Түркітанушы және абайтанушы ретінде Дәкең қарсыласының аузына құм құя сөйлеген.

Қаламгер өзінің философия­лық ой түйінде­рімен қатар, әдебиеттегі бірқатар айтулы тұлғаның сіңірген еңбектеріне баға беріпті. «Тарланбоз Тара­зи», «Алаштың айбоз ақыны», «Ақселеудің шақшасы», «Қара­таудың қазыналы қайнары», «Қара өлеңнің Қабанбайы» тектес эсселер бірін-бірі толықты­рып тұр. Осыларды оқығанда  – Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Әкім Тарази, Ақселеу Сейдімбек, Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәутайұлы, Несіпбек Айтұлы тұлғасы көз алдыңызға келеді.

Кітапта 70-ке жуық мақала топтастырылған. Әрбірінің көтерген тағылымдық жүгі қомақты. Әрине оны білу үшін оқырман «Нүкте философиясын» қолмен ұстап, көзбен көріп, зейін қоя оқығаны жөн.

 

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,

ақын

Соңғы жаңалықтар

Айғыржалдан аттанған арыстар

Өшпес даңқ • Бүгін, 14:15

Мемлекетшіл тетік

Пікір • Бүгін, 12:00

Түйсіктің дәні

Руханият • Бүгін, 11:50