
Толстой хатының бірі – 7 жасар Захар Шевцевке жазған өсиет сөзі. Көптеген тілге аударылған мағыналы жазба түрлі ойға қалдырады. «Қарағым, саған бүгіннен бастап өміріңнің соңына дейін барлық адамға – әкеңе, анаңа, бауырларыңа, аула сыпырушыға, өмір жолыңда кезіккен барлық адамға ынта-ықыласыңмен мейірімді болуға кеңес беремін. Бұл оңай емес. Бұған жазуға, оқуға, скрипкада, фортепианода ойнауға үйренгенің сияқты үйренуің керек. Бірақ осы ғылымдарды үйренесің, сонымен оларды үйрену аяқталады, ал мейірімділікті үйренудің шегі жоқ. Әрі ешқандай ғылымнан қайырымды болудан алған ләззатты ала алмайсың. Сен мейірімді болған сайын жаның жадырай түседі, айналаңдағы адамдар да сені тереңірек сүйетін болады. Өтінем, осылай жаса. Әр минутта мейірімді болу керектігіңді есіңнен шығарма».
Толстой жас балаға жазған өсиетінде мейірімнің шексіздігін, ізгілік жолының кеңдігін көрсетеді. Осылайша, дүниенің өзге бұлтақты жолынан сақтандырады. 1908 жылы «Оттоман» темекі фабрикасы Толстойдың сексен жылдығына орай оның аты мен суретін басып папирос шығарады. Алайда жазушы оларға арнайы хат жазып, бұл сыйды қабылдаудан бас тартады. «Сіздердің хаттарыңызды да, сыйлықтарыңызды да алдым. Темекіден зиянды іс ретінде бас тартқаныма жиырма жылдан асқандықтан һәм оның жарамсыз зиянды әдет екенін жазбаша, ауызша айтып басқаларды сақтандырып жүргендіктен, өкінішке қарай, сыйлықтарыңызды қабылдай алмаймын. Папирос салынған әдемі жәшікті қағаздарымды салу үшін сіздерден естелік ретінде өзіме қалдырамын, ал папиростардың өзін сіздерге қайтарамын. Менің бұл өтінішімді жамандыққа балай көрмесеңіздер екен».
Толстой хаттары сан салалы. Біз екі үзінді ғана келтіріп отырмыз. Ол хаттардың әрбірі даналық ойларға, гуманистік сарынға шақырады.