
Аталған елді мекен шаһар мәртебесін алған соң, 4 мың кітап қорымен шағын ғана ғимарат ішінде қалалық кітапхана құрылған еді. Сол 2022 жылдан бастап-ақ мұнда жыл сайын түрлі мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс істеп келді. Ал биыл Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынған орталыққа көшіріліп, заманауи, жаңа кейіпке енді.
Айта кетейік, орталықтың жалпы ауданы – 8,5 мың шаршы метр, нысан бір уақытта мың адамды қабылдай алады. Орталық – халықаралық стандарттарға сай салынған ірі мәдени-спорттық кешен. Мұнда спорттық, білім және бос уақыт өткізуге арналған алаңдар бар. Қонақтар үшін 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған дәрісхана, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг және оқу залы бар кітапхана қызмет етеді. Балалар үшін роботтехника мен шахматтан бастап, хореография, қолданбалы өнерге дейінгі түрлі үйірме жұмыс істейді. Қосшыдағы креативті хаб – Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған еліміздегі 13-орталық. Әлқисса.
Қосшы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Сымбат Бауыржанқызының айтуынша, жыл сайын кітап қорын толықтыру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бүгінде кітап қоры 20 мыңға жеткен. Облыстық және жергілікті бюджеттің қаржыландыруымен тұрақты түрде оқырманның сұранысындағы кітаптар сатып алынады. Бұл жұмыстарды кітапхананың жинақтау-өңдеу бөлімінің мамандары жүзеге асырады. Көпшілік көрмейтін, білмейтін, бірақ кітапхана ісіндегі аса маңызды жұмыстардың бірі осы дейді.
«Күнделікті оқырманның сұранысындағы кітаптар арнайы журналға тіркеліп отырады. Ол тізімді кітапханашылар жинақтап, әрі қарай кітап дүкендерімен, баспалармен байланыс орнатады. Қажетті тізімді бекітіп, оны сатып алған соң, жұмыстың ұқыптылық пен мұқияттылықты қажет ететін бөлігі басталады. Әрбір келген кітапты нөмірлеп, кітапхана мөрі басылып, журналға тіркеледі. Кітапхана ісін автоматтандыру жүйесінде электронды каталогке енгізіледі. Мұның барлығы – әр кітапты өңдеуден өткізу кезеңі. Өңдеуден өткен кітаптар кітапхананың қызмет көрсету бөліміне тапсырылады», дейді Сымбат Бауыржанқызы.
Жаңа кітапхананың көркі көз тартады. Стилі де бөлек, кең әрі заманауи үлгіде салынған. Ең бастысы, оқырманға барлық жағдай жасалған: кітапты қалай оқимын десеңіз де өз еркіңіз. Самсап тұрған сөрелер. Креативті кітапханаға керекті құрал-жабдықтар толығымен қамтылған. Ішкі дизайны да жанға жылылық, миға тыныштық сыйлайды. Иә, рухани орын бүгінде елімізде баламасы жоқ кітапхананың бірі болып есептеледі.
«Күнделікті 100–150 оқырман келеді. Әрине, оқырманның көптігі көңіл қуантады. Бұл кітапханаға деген жастар арасында жаңа көзқарас тудыратындығы анық. Жалпы, жыл сайын кітапхана жиырма бес мың келушіге қызмет көрсетеді, оның ішінде мектеп жасындағы баладан бастап зейнеттегі қарияларға дейінгі тұрғындар бар. Әрқайсысының сұранысы әртүрлі, соған сай қажетті ақпарат беру – біздің басты мақсатымыз», дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, креативті кітапханада мәдени-рухани іс-шаралар да жиі өтеді.
«Кітапхана – автор мен оқырман арасындағы алтын көпір іспеттес болғандықтан, ақын-жазушылармен шығармашылық байланыстамыз. Сондай-ақ биыл «Фолиант» баспасы да жаңа кітапхананың ашылуына орай мыңнан астам кітапты сыйға тартты. Одан бөлек есімдері елімізге аян ақын-жазушылар өз кітаптарын қорға тарту етіп отырады», дейді ол.
Ғылым күніне орай Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы желісінен ашық дәріс өтті. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Жарылқап Бейсенбайұлы мен Серік Негимовтің қатысуымен «Шоқан Уәлиханов мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция да ұйымдастырылған. Ал қазіргі таңда кітапхана қабырғасында «Жаназық» оқырман клубы құрылып, сенбі сайын түрлі шығарма талқылайды.
«Астана қаласынан «Алқа», «Oyorda» клубтары да кітапханамызға қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін айтып жатыр. Мұның бәрі жастар арасында кітап оқу қайта трендке айналып келе жатқандығын көрсетеді», дейді Сымбат Бауыржанқызы.
Тағы бір жақсы жаңалық, биылдан бастап жұмыс уақытында кітапханаға келуге уақыты жоқ жандар үшін мекемелерге барып қызмет көрсететін «жылжымалы кітапхана» іске қосылды. Бүгінде бұл қызметті Қосшы қаласының балабақшалары мен қалалық емхана пайдаланып отыр.
«Біздің жас қаламызда осындай керемет комьюнити орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Шетелдік кітапханалардан бір мысқал кем түспейтін үлгідегі рухани ошақ қаламыздың тұрғындарын бек қуантты. Оқырманға жайлы жағдай жасалып, тұрғындардың оқуға құштарлығы арта түсті. Қосшы – халық саны тез өсіп келе жатқан қалалардың бірі, сол себепті теңдесі жоқ кітапхананың біздің қаладан ашылуы қажет еді. Күнделікті оқырман қарасы артпаса, азайған емес. Кітапты жанымен сүйетін кітапханашы үшін бұл – зор мәртебе», дейді Қосшы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Сымбат Бауыржанқызы.
Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Оқитын ұлт қалыптастыру жолында Мемлекет басшысы да бірқатар бастама көтеріп, тікелей назарында ұстап отыр. Үшінші Ұлттық құрылтайда барша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырғаны да есте. Осы орайда заманауи кітапханалардың санымен қоса оқырманы да көбейгені оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы негізгі қадам болмақ.