
Іс-шара ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіруге, біріздендіруге, ұлттық заңнамада құқықтық терминдерді қолдану барысында туындайтын мәселелерді анықтауға бағытталды. Семинарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Жиында ғалымдар мен мамандар заң терминдері мен заңдық техниканы мемлекеттік тілде дамытудың қолданбалы және теориялық аспектілерін, сондай-ақ негізгі ғылыми ұстанымдарды егжей-тегжейлі талқылады. Одан бөлек нормативтік құқықтық актілердегі салалық терминдерді одан әрі жетілдіру, ұлттық құқықтық жүйе негізінде заңдық тілді қалыптастыру, терминологиялық қолданыс тізбесіне сараптамалық талдау жасау, салалық терминологияны дамыту және т.б. мәселелерді қарады.
Қатысушылар атап өткендей, заң шығару техникасының негізгі ережелерінің бірі – құжаттың құқық қолданушыға ғана емес, кез келген азаматқа түсінікті болуы. Бұл мәселелер осы саладағы бірыңғай сөздікті әзірлеудің аса өзектілігін және оның тізбесін сала мамандарымен жан-жақты талқылау қажеттігін көрсетеді.
Семинар қорытындысы бойынша заңнамалық салада терминологиялық базаны қалыптастыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді.