Парламент • 23 Сәуір, 2025

Магистратураға түсу талаптарын қайта қарау қажет - Магеррамов

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаттары атынан Магеррам Магеррамов депутаттық сауалын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Магистратураға түсу  талаптарын қайта қарау қажет - Магеррамов

Фото: Facebook, М.Магеррамов.

Еске салайық, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев білікті кадрларды іріктеу және даярлау, сондай-ақ олардың ғылым саласында одан әрі жұмыс істеуі үшін жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі екенін атап айтқаны мәлім.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, 2023 жылы 1500 докторанттың 38% ғана диссертациясын сәтті қорғады. Бұл ретте олардың жартысына жуығы ғана ғылыми қызметін жалғастырып жатыр. «Қазақстан халық партиясы» (ҚХП) фракциясы қалыптасқан жағдай көбінесе талапкерлерге қойылатын талаптарға негізделген», деді М.Магеррамов

Депутаттың айтуынша қазіргі уақытта студенттер бакалавр дипломын алып, негізгі жоғары біліммен ешқандай қатысы жоқ мамандық бойынша магистратураға түсіп жүр.

«Ойымызша, азаматтардың білім алу сапасына мұндай үстірт көзқарас елдің зияткерлік әлеуетін жоғалтуға және ғылыми әлеуеттің құлдырауына әкеледі. Осыған байланысты уәкілетті органға магистратураға түсу тәртібі мен талаптарын толық қайта қарауды, магистратураға түсу үшін тиісті бейінді жоғары білімнің болуын негізгі талап ретінде келтіруді ұсынамыз», деді мәжілісмен.

М.Магеррамовтың сөзінше докторантураға түсу үшін кемінде 9 ай жұмыс өтілі, соңғы үш күнтізбелік жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса), зерттеу жүргізу жоспары мен эссе болуы қажет.

«Бiрақ, ойымызша, ғылыми, педагогикалық және кәсiби қызмет сапасының негiзгi көрсеткiшi – ғылыми-зерттеудің құрамдас бөлiгi, маманның кәсiби жарамдылығын қамтамасыз ететiн оның алған бiлiм-дағдыларының практикалық тұрғыда дұрыс қолданылуы. ҚХП фракциясы сандық емес, сапалық көрсеткіштерге назар аудару қажет деп санайды. Докторантураға түсу үшін өзекті талаптар көбіне зерттеу тәжірибесі жеткіліксіз көптеген ғылым докторларын тудырды», деді депутат.

М.Магеррамовтың айтуынша бейінді министрлік докторантураға түсуге қойылатын талаптарды қайта қарау қажет.

«Кандидаттардың ғылыми жарияланымдарына сандық және сапалық талаптарды белгілеу, сондай-ақ магистратураны аяқтағаннан кейін докторантураға түсу үшін міндетті уақыт аралығын 5 жыл мерзімге бекіту қажет», деп түйіндеді депутат Магеррам Магеррамов.