
Паустовскийдің «Алтын раушан» кітабындағы Блокқа қатысты бөлімі жоғарыдағыдай жолдармен басталады. Иә, Блок поэзиясында жүрек тыныштығы, жан тереңінің ізі бар. Пушкин айтқандай, «терең су жай ағар, асыл адам саябыр болар». Бірде Блок Маяковскийдің музейде өткен кешіне барады. Сонда музейде адам көл-көсір болған деседі. Кейін өзі өлеңдерін оқымаққа әдеби кеш жасайды, бес-ақ адам келеді. Содан Блок үнсіз ғана бас изеп, шағын сахнаға шығып бір сағаттай өлең оқыған екен.
«Түн, көше, дәріхана, шамдар,
Мағынасыз жарық бір күңгірт.
Ширек ғасыр өмір әлі алдар –
Бәрі де сол ғой. Соңы жоқ тірлік.
Өліп — бәрін бастап қайтадан
Баяғы күйді қайталап тағы:
Түн, арна суы мұздай шайқалған
Дәріхана, көше, күп-күңгірт шамы». (Аударған – Д.С.)
Кеңінен танымал екі шумақтан өмір ағысының мәнсізін, жалғанның жарға айдалған арбадай өткінші, түбі ойран екенін түсінуге болады. Блок ешбір ойды аттандап, не күшеншектікпен жеткізбейді. Пафос желі оған қас.
Паустовский Блок тыныштығын өзінше суреттейді. «Күз күнінде қара өзеннің бетін құрғақ жапырақтар жабатын. Жағалаудан соң қаланың жұмысшылар тұратын қалашығы басталады. Кәсіпорындар, кеме жөндейтін орындар, кеме діңгектері, түтін мен кеш алдындағы бозаң аспан. Бірақ жағалау бос әрі тыныш, ауылдың ең түкпірі осы жер іспетті. Бұл Блок секілді оңаша, оғаш орын. Мүмкін Блок осы тыныштық пен өзенге жақын маңды іздеген болар. Оның жырлары адам жүрегінің тыныштығына шақырады».
Расында, «дүниеде бақыт жоқ, тек еркіндік пен тыныштық қана бар». Бұл даусыз шындық.