Аймақтар • 24 Сәуір, 2025

Жылу желілері жөнделеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда жылу беру аяқталып, алдағы маусымға дайын­дық басталды. Биыл өңірде 16,1 млрд теңгеге 31 ша­қы­рым­нан астам желіні жаңарту жоспарланып отыр.

Жылу желілері жөнделеді

Жалпы, өңірде 2024–2025 жылдарғы жылыту маусымы штаттық режімде өтті. Апаттық жағдайлар болған жоқ. Бұған негізінен қатты аяздардың болмауы оң әсер етті. Тұрғындардың жылуға қатысты шағымы 55%-ға азайған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтің мәлімдеуінше, өңір тұрғында­рын сапалы жылумен қамтама­сыз ету, сондай-ақ алдағы жылыту маусымында жылу желілеріндегі гидравликалық, температуралық режімдерді жақсарту мақсатында 16,1 млрд теңгеге 31 шақырым­нан астам желіні жаңарту жос­парланып отыр. Павлодарда № 5 сорғы стансасын салу, 5 км магистралдық жылу желілеріне, 10,6 км орам ішіндегі желілерге күрделі жөндеу жүргізу көз­делген. Екібастұзда ЖМ-2, ЖМ-7 қайта жаңартылады, жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді. Ақсу қаласының № 3, №5, №8 шағын аудандарының орам ішіндегі жылу желілері қайта жаңартылып, жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.

Өңір басшысы Асайын Байханов №1 ЖЭО-дағы апаттық тоқтаулардың өсу динамикасына, Ақсудың РОК-2 жылу көзіндегі негізгі жабдықтардың тоқтауына байланысты параметрлердің төмендеуіне алаңдаушылық танытып отыр. Бұл түйткіл­дер өз кезегінде тұрғын үйлердегі жылу жетіспеушілігіне соқ­тырған. «ЕЭК» АҚ директоры, Ақсу МАЭС «Энергетика» дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев негізгі себеп ЖЭО-дағы №1, №5, №6 қазандықтарының апат­тық жөндеуге жиі шығуынан болғанын айтады. Осындай жағ­дайлардың қайталануын болдырмас үшін биыл №1 ЖЭО стансасын жөндеуге 13 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ негізгі қазандықтарды бүтіндеуден бөлек, РОК-2-нің қосалқы жабдығына қосымша 1,5 млрд теңгеге жөндеу жүргізілмекші.

 

Павлодар облысы