
Облыс орталығы Оралда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен серіктестікте «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «OzgeEpic Oral» креативті хабы жұмысын бастады. Өнер, технология және зияткерлік ізденісті біріктіретін орталықтың салтанатты ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, креативті жастар мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығармашылық индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Жобаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры 211 млн теңге бөлді. Бұл қаржы ғимараттың дизайнына, кеңістікті заманауи жиһазбен және жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықтауға жұмсалды. Алдағы уақытта креативті индустрия саласында 200 жаңа маман даярланады. Соның ішінде 10 маман-аниматорды оқыту арқылы облыста алғашқы анимациялық студия құру жоспарланып отыр.
«Бүгін дарынды жастар мен шығармашылық саланың азаматтары үшін маңызды күн. Себебі халыққа қажетті, сұраныстағы түрлі контент дайындайтын әрі креативті мамандардың кәсіби ортасын қалыптастыратын орта пайда болды. Оралдағы орталық – «Самұрық-Қазына» қорының елімізде ашқан үшінші креативті хабы. Осыған дейін Ақтөбе мен Петропавлда пайдалануға берілді. Жалпы, Батыс Қазақстанда кейінгі төрт жылда 1,5 млрд теңге болатын 16 әлеуметтік жоба жасадық. Солардың бірі жыл сайын 700 ерекше бала көмек алатын «Қамқорлық» оңалту орталықтары. Қазіргі таңда тасқын салдарынан зардап шеккен Жаңаөмір ауылында көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл да Қор компаниялар тобының өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, халықты әлеуметтік қолдауға жасап жатқан қадамының бірі», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
«OzgeEpic Oral» хабы екі қабаттан тұрады: төменгі қабатта – театр, концерттік алаң, кинозал, кітапхана мен кафетерий, ал жоғарғысында – галерея, музей, дәрісхана, коворкинг, АІ зертханасы, мультимедиялық көрме және өндірістік цехтар бар. Мұнда тұрғындар спектакльдер мен анимация жасауға, дубляжға және басқа да шығармашылық жобаларға менторлар жетекшілігімен қатыса алады. Хаб креативті жастарды біріктіретін заманауи медиаконтент орталығына айналмақ. Сонымен бірге шығармашылық пен кәсіпкерлікті ұштастыру міндеті бар.
Айта кетейік, 2020 жылдан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 1 млрд 494 миллион теңгені құрайтын 16 әлеуметтік жобаны қолдаған болатын.
Батыс Қазақстан облысы