
Роботтар тағам әзірлейді
Компанияда ISO 9001 халықаралық стандарттары мен НАССР қағидаттары негізінде әзірленген біріктірілген менеджмент жүйесі жұмыс істейді. Заманауи жабдықтары бар технологиялық зертхана шикізат, жартылай фабрикат және дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң бақылайды. Бөлшек сауда бөлімінің өкілдері «Ақсай нан» ассортименті 300-ден астам позициядан тұратынын, ал комбинат тәулігіне 150 тоннадан астам өнім шығаратынын атап өтті.
Бір ерекшелігі – фирмалық дүкендер барлық өнімді комбинат бағасымен сатады. Мұндағы нан өзге дүкендермен салыстырғанда 20%-ға арзан. Екінші маңызды жайт – фирмалық дүкендер мен кафетерийлер біріктірілген. Бұл тәжірибе Еуропаның гастрономиялық индустриясынан алынған, онда кафетерийлер көбіне ірі азық-түлік пен әмбебап дүкендерде ұйымдастырылады. Мұндай шешім клиенттерге жаңа пісірілген тағамдарды сол жерде тұтынуға әрі толық тамақтануға мүмкіндік береді.
«Ақсай нан» кафетерийінің соңғы ноу-хауының бірі – тағам дайындау үдерісін роботтандыру. Робот әлемнiң ең танымал тағамдарының құрамын есте сақтап, өндірісте емін-еркін пайдаланады. Сонымен қатар нан комбинаты «Даму» қорының көмегімен нан пісіретін цехтарды жаңартып, автоматтандыру үлесін арттырған.
Нан мен жеміс дәмі интеграцияланады
Алдағы уақытта «Ақсай нан» Шымкент қаласында зауыт ашуды жоспарлап отыр. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, күрделі жабдықтарды жеткізу және жөндеу басталған. Кәсіпорын ассортиментінде нан, тоқаш, ойық тоқаш және кондитерлік өнімдердің 320-дан астам түрі бар.
Бүгінде «Ақсай нан» күніне 150 тонна дайын өнім шығарып, 1 000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ компания 10 дүкен мен асханалары бар филиалдарды бақылайды.
Комбинатта өндіріс үдерісіне инновацияларды белсенді енгізетін заманауи технологиялар бөлімі жұмыс істейді. Компания ғылыми-зерттеу зертханаларымен ынтымақтастық орнатқан. Кәсіпорын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасының жоғары стандартын растайтын шикізат пен дайын өнім өндірісін бақылауға ерекше назар аударады. Иженер-технолог Әлия Ахатқызының айтуынша, «Ақсай нан» өнімдері арысы бидай, берісі ұн, ашытқы, майы мен тұзына дейін отандық азық-түлік өнімдерінен дайындалады. Тіпті нан комбинаты жанында нан ашытқысының бірнеше түрін дайындайтын қосымша цехтар жұмыс істейді. Бұл «Ақсай нанның» бірнеше шағын цехтың басын қосып отырған компаниялар тобы деңгейіне көтеріліп қалғанын білдірсе керек.
«Біз Ташкент, Мәскеу технологтарымен ұдайы тәжірибе алмасамыз. Жыл сайын кемі ондаған түр мен дәм жаңартылады. Тұтынушы талғамы Алматының ауа райындай құбылып тұрады. Бірде пісте дәнін жақсы көрсе, біресе кебек дәніне басымдық береді. Кейінгі кездері жүгері, қарақұмықтан тарттырылған ұннан дайындалған нандар көбірек сұраныста. Бұрын кебек жармасы араласқан нан түрі сұраныста болса, қазір тренд басқа. Жастар жағы алма, банан, өрік дәмі бар нан түрін іздейді, торт құрамындағы ұн мөлшерінің барынша аз болғанын қалайды. Пісте дәні араласқан нан түрі де сұранысқа ие. Бізге белгілі жеміс түрлерін нан дәмімен интеграциялауға тырысамыз. Әлеуметтік санаттағы нан түріне сұраныс көп болғандықтан күніне 60-70 тоннасын пісіреміз. Содан кейін тілікті батон түрі де сұранысқа ие. Сондай-ақ багет нанының екі түрі дайындалады. Бірі жоғары сортты бидай ұны болса, екіншісі қара бидай ұнынан пісірілген «Бородинская» деп аталатын нан түрі», дейді Әлия Ахатқызы.
Нан нарығындағы бәсеке жоғары
Қоймадан жеткізілген жүздеген тонна ұн кезең-кезеңімен қазандыққа түседі. Бір қазандықта бір мезгілде 250 кило қамыр дайындалады. Нан құрамына қажетті ашытқы, май, тұз мөлшерін адам емес, робот белгілейді екен. Қазандықта иі қанып, ашытқы қосылған қамырдың 2 сағаттан кейін дәмі тіл үйіретін сан алуан формадағы нанға айналғанын көзбен көрдік.
Нан пісіру цехынан кейінгі барлау жұмыстары Рабила Балтакелдиева басқаратын дайын өнімдер бөлімінде жалғасты. «Ақсай нан» комбинатында піскен нан түрінің барлығы осы цехтан шыққан бойда Алматы дүкендеріне жіберіледі. Мұнда екі мезгілдік жұмыс ауысымы бекітілген.
«Нан нарығы – бәсекенің ортасы. Алматыда бізден өзге, халықтың ықыласы үшін қияметтің қыл көпірінен өтуге дайын тұрған 40 шақты жекеменшік наубайхана жұмыс істейді. Қалғып кетсең нарықтағы үлесіңнен айырылып қалу оп-оңай. Қала орталығындағы дүкендердің таңғы сағат 8-де пештен жаңа шыққан нанды қабылдап алуы – қалыпты жағдай. Біз үшін халықтың талабы, сұранысы, талғамы бизнесіміздің өмірін ұзартуға берілген мүмкіндік», дейді маман.
АЛМАТЫ