
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы елімізде газ өндіру 59 млрд текше метрді құрады, жалпы көлемнің 85%-ы – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған үш ірі кен орнына тиесілі. Сонымен қатар елімізде тауарлық газ өндірісі 28,7 млрд текше метрге жетті. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндамасында 2025 жылға арналған жоспар 29,4 млрд текше метр деңгейінде белгіленгенін айтты.
Премьер-министр көмірсутегі отынының ең экологиялық таза түрі ретінде табиғи газды тұтынудың әлемдік өсу үрдісінің сақталып отырғанына баса назар аударды. Декарбонизацияға бет алған елдерде де газ негізгі және резервтік генерация болып қала беретіні, электр желілерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететіні атап өтілді. О.Бектенов елде газ азаматтардың тұрмыс сапасына, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызды ресурс болып саналатынына тоқталды.
«Мемлекет басшысы газ саласын дамытудың басымдығын бірнеше рет атап өтіп, халықты газбен тұрақты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын кеңейту бағытында тапсырмалар берді. Біздің еліміздің «көгілдір отын» бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 трлн текше метрді құрайды. Алайда оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым мен ұзақмерзімді стратегия қажет», деді Үкімет басшысы.
Жер қойнауын зерттеу саласына инвесторларды тиімді тарту үшін ғылыми базаны жаңарту мен геологиялық ақпаратты цифрландыру мәселесіне назар аударылды. Осы жұмыс шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктері мемлекеттік органдардың кәсіпорындармен өзара іс-қимылы жөніндегі бірыңғай терезе мен кен орындарының цифрлық картасын қамтитын жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын әзірлейді.
Сондай-ақ газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын жеделдетіп іске асыруға басымдық беріліп отыр. Оларды пайдалануға беру өнімнің қосылған құнын арттырып қана қоймай, газ импортына тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ жанама салалардағы өндірісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, бүгінде елімізде газбен қамту деңгейі 62,4%-ға жетеді. Олжас Бектенов 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісі мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар О.Бектенов ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселесі қаралған Үкімет отырысында еліміздің тарихи құнды жәдігерлерін туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыру қажет екенін айтты. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған бірегей тарихи-мәдени жәдігерлер енгізілген. Олардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қаялық, Талғар, Ақыртас қалашықтары мен басқа да теңдесі жоқ құнды, тарихи-мәдени мұралар бар.
Алайда отырыста баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тарихи-мәдени мұраларды сақтауға жергілікті билік құлық танытпай отырғанын сынға алды.
«Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын», деді министр.
Бұл жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейде әртүрлі жұмысты ұйымдастыруға негізделген. Ондағы бірінші бағыт – ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және заманауи буферлік аймақтарды мониторингілеу технологияларын енгізу, Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу бар.
Мұнымен бірге А.Балаева Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жол тартқанын айтты. Олар – «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, келесі жылы ЮНЕСКО тізіміне еліміздегі 11 жаңа ескерткішті енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр екен.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда еліміздің материалдық және материалдық емес мұраларын ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізудің маңыздылығын атап өткенін, төрткүл дүние елімізді дәл осы тізімдер арқылы танып-білетінін жеткізді. Осыған байланысты еліміздің мәдени құнды жәдігерлерін туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыруымыз керек. Оларды фильмдер мен бағдарламаларда көрсетіп, кітаптар мен мектеп оқулықтарына енгізу қажет. Сондай-ақ көрмелер мен форумдарда кеңінен насихатталуға тиіс», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне күй өнері, қазақ күресі, асық ойыны, «Беташар» салты, «Ортеке» биі және басқа да ұлттық құндылықтар енді. Шетелдік туристер тарапынан Қазақстанның тарихи құндылықтары мен мәдени мұраларына деген қызығушылықтың артқаны атап өтілді.
Үкімет отырысында еліміздің ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысын жалғастырудың маңызды екеніне мүдделі сала өкілдері жан-жақты тоқталды. Материалдық емес мұрамызды, мысалы, қолөнерге үйрету мен әдет-ғұрыптарды сақтауды Үздік тәжірибелер тізіміне енгізуге назар аудару керек. Сондай-ақ Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанмен бірлесіп, «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» жаңа трансұлттық номинациясын дайындауды жалғастыру қажет.
Бірнеше күн бұрын «Хандар шежіресі» қолжазбасы «Әлем жады» тізіліміне енгізілді. Бұл – аталған құжаттың құндылығын мойындау фактісі ғана емес, оны халықаралық қорғау әрі қарай зерделеу мен дәріптеу құралы.
«Алтын Орда, Қазақ хандығы бойынша жазбаша дереккөздер, Ұлы Жібек жолы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы туралы шежірелер – әлемдік тарихи жадтың бір бөлігі. Біздің міндетіміз – оларды сақтай отырып, Қазақстанның жаһандық өркениеттің дамуына қосқан үлесі ретінде ілгерілету. Осындай құжаттар, танылған тарихи және мәдени нысандар арқылы Қазақстанға деген қызығушылық артып, еліміздің имиджі көтеріледі, жалпыұлттық бірегейлігіміз нығаяды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол үшін кешенді ведомствоаралық өзара іс-қимылмен қатар, халқымыздың төл тарихына, құнды жәдігерлері мен мәдени мұрасына жанашырлықпен қарау қажет», деді О.Бектенов.
Премьер-министр ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселелерін қарау қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.