Елорда • 25 Сәуір, 2025

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні қандай шаралар өтеді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Елорда әкімдігі мереке күні зияткерлік викториналар мен көрмелерден бастап түрлі концерттер мен жарыстарға дейін ондаған мәдени-спорттық іс-шара өтетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні қандай шаралар өтеді

Фото: egemen.kz/Ерлан Омар

29 сәуірде астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен қалада «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты зияткерлік викторина ұйымдастырылады. Осы күні М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында мектеп оқушылары арасында «Шаттық» байқауының гала-концерті өтеді. Мұнда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігіміз жарасқан» ретро-әндер шырқалады.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде студенттер арасында түрлі этностардың қатысуымен «Би өнері – ұлттық мұра» атты ұлттық би байқауы өтеді.

30 сәуірде Esil University-де студенттердің қатысуымен «Біз – бір ұлтпыз» атты дөңгелек үстел, сондай-ақ «Бірлігіміз жарасқан» фестивалі ұйымдастырылады. Сол күні мерекеге орай Техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері арасында «Татулық мекені» атты жалпықалалық сурет байқауы өтеді.

№3 балалар музыкалық мектебінде оқушылардың «Менің елім – Қазақстан» мерекелік концерті, ал №1 өнер мектебінің оқушылары асфальттағы суреттер байқауында бақ сынайды.

Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектеп қабырғасында дзюдодан 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында қалалық командалық біріншілік өтеді.

№2 Балалар музыкалық мектебінің тәрбиеленушілері мерекеге орай «Бір аспан астында» концертін дайындап отыр.

№2 өнер мектебінде 30 сәуірден 5 мамырға дейін «Бір шаңырақ астында» оқушылар жұмысының көрмесі ашылады. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер «Бірлігіміз жарасқан» концертіне шақырады.

Осы күні «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Бар береке – бірлікте» мерекелік концертін ұйымдастырылады.

30 сәуірде қала бойынша елордалық ҚХА мүшелерінің қатысуымен «Достық керуені» шеруі, әрі қарай флешмоб өтеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін әзірленген іс-шараға толы бағдарлама 1 мамыр күні де жалғасады.

Осылайша, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елордада арнайы акция өтіп, онда жұртшылыққа бауырсақ таратылады.

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында мерекелік концерт, ал Президенттік орталықта балалар көркемсурет мектебі тәрбиеленушілерінің суреттеріне арналған көрме көпшілікке ұсынылады.

ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында 1 мамыр мерекесі мен ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Бірлік жарысы» жаппай жүгіру іс-шарасы өтеді. Мұнда да елордалық Ассамблеяның шығармашылық ұжымдарының концерті, сондай-ақ халықтық спорт түрлері бойынша спорт жарыстары өтеді.

«Жастар» театрының алаңында қонақтарға арнап концерттік бағдарлама әзірленіп отыр.

Бұл күні «Жастар» сарайында мерекелік концерт ұйымдастырылады. Қонақтарға арнап түрлі этностардың халықтық-қолданбалы өнері мен ұлттық киімдерінің этникалық көрмесі ұйымдастырылады, ал концерттік бағдарламада арнайы шақырылған жұлдыздар өнер көрсетеді.