
«Данагөй бабаларымыздың бірі де бірегейі – Пышан Жәлмендеұлы. Небәрі 17 жасында болыс болып, ел басқарған тұлға. 1921 жылы жала жабылып, 37 жасында ату жазасына кесіліп, Шайқорғанда жерленген. Ақынның терең шығармашылығы философиялық ойлармен, адамгершілік құндылық пен әділдікке ұмтылысымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері мен әндері халық арасында кең тарап, бүгінге дейін сақталған», деді облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов.
Ғылыми кеңесте Пышан Жәлмендеұлының шығармашылығына арналған «Пышан-пырақ» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
«Пышан Жәлмендеұлының есімі қазақтың Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты еркін ойлы өнер дүлдүлдерінің қатарында аталады. Өзі орысша білім алған сауатты, жүйрік ұстап, құс салған саятшы, ділмар шешен әрі қара қылды қақ жарған әділ болған адам», деді ғалым Анарбай Бұлдыбай.
«Бала кезімнен Пышанның есіміне қанып өскен қазақпын. Атам Ешмұхамбет Пышаннан 5 жас үлкен, жалайыр елімен құда болған жан», деп сөз бастаған Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы 1993 жылы шыққан Балғабек Қыдырбекұлының «Қым-қиғаш жылдар» атты кітабында Пышанның әншілігі, серілігі мен «Әшіркүл-Зейнеп» әнінің қалай туғаны хақында жазылғанын баяндады.
Көпке мәлім сұңғыла сазгер Нұрғиса Тілендиевтің: «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің әні негізіне Пышан сазгер-ақынның әнін алғанбыз. Мақамын батыстың әуендік екпін-иіріміне бұрдық», деген естелігі ел жадында. Әдебиетші-ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде ақынның 10-нан аса әні сақталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін сөз алып, Пышан бабасына арналған рухты поэмасынан үзінді оқыды.
«Жетісу аймағының аға сұлтаны дәрежесіне көтерілген Жәлменде Байшығашұлының балалары да өршіл, өрелі еді. Әсіресе қазақтың ақындық, музыка өнерінің биік шыңына ерте көтерілген Пышанның орны тіптен бөлек», деді Ә.Әрін.
Ғылыми конференцияда «Сұңқар едім, сұлтан едім елдегі» атты дәстүрлі әншілер байқауы ұйымдастырылды. Бас жүлдені Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі Есхат Нұрали иеленді. Одан бөлек белгілі дәстүрлі әншілер Ерболат Шалдыбеков пен Ермек Шаштайұлы Пышан әндерін шырқады.
Жетісу облысы