Өнертапқыш • 26 Сәуір, 2025

Марстың ауа райын болжайды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл баласы ғаламшарды зерттейтін жасанды интеллект үлгісін шығарды. Ғылымға құштар жас зерттеуші енді осы бағдарламасы арқылы Марстың климатын болжамақшы. Оның бұл жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа қадамға айналып отыр.

Марстың ауа райын болжайды

Абай облысы Аягөз ауда­нының 10-сынып оқу­шысы Жақсылық Секе­нов жасаған бағдарлама «Kaggle» плат­формасындағы ауа райы мәліметтерін, оның ішінде NASA-ның ғарыш­тық құралдарынан алынған ашық деректерді қолданады. Машиналық оқыту әдіс­терінің көмегімен жүйе температурасының өзгеруін анықтап, Марстағы уақыт, орналасқан жер және мау­сымдарға қарай темпе­ра­тура­ның қалай өзгеретінін бол­жайды. Жақсылық үш түрлі мо­дельді сынап көрді: сызықтық регрессия, «Random Forest» және «Gradient Boosting». Соңында оның таң­дауы ең дәл нәтиже бер­ген «Gradient Boosting» моделіне түсіпті.

Өз жобасы туралы оқушы: «Мен өзге планеталардағы климат қалай жұмыс істей­тінін түсінгім келді. Марс ерекше қызықтырды, себебі онда атмосфера жоқтың қасы, ал температура күрт өзгереді. Осындай жағдайларды жасанды интеллект арқылы есептеуге бола ма деген ой мазалады. Негізі бұл идея Марсқа зерттеу жүргізетін ғарыштық құрылғылар туралы деректі фильм көргеннен кейін пайда болды», дейді.

Жақсылық техникалық бөлігін ашық дереккөздер мен оқыту платформаларын, NASA деректерін пайдалана жүріп өз бетінше меңгерген. Кейіпкеріміз болашағын ғарыштық технологиялар саласымен байланыстырғысы келеді. Ол өзге планеталарды зерттеуге, болашақта ғарыштық миссияларға дайын­далуға көмектесетін интеллектуалды жүйелер жасауды армандайды.