Өшпес даңқ • 26 Сәуір, 2025

Елеусіз қалған есіл ерлер

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ерлік көрсетсе де есімі ұмыт қалған батырларымыз қаншама? Мұндай ержүрек ерлер еліміздің түкпір-түкпі­рінен табылады. Сұра­пыл соғыс­тың аяқталғанына 80 жыл өтсе де, ақиқат әлі толық ашыл­ған жоқ. Бұл ретте әскери тарихшы Қайрат Қараманов 200-ге тарта батырдың есімін жазған. Мәселен, Жетісу жерінде батыр атағы берілме­ген 9 тұлға бар. Олар ерлікпен елге оралса да, белгісіз себептермен тізім­нен түсіп қалған.

Елеусіз қалған есіл ерлер

Қайрат Қарамандаевтың «Баһа­дүрлер» еңбегі бізге көп түйткілді тар­қатып береді. Бұл кітап Кеңес Одағы­ның батыры атағына ұсыны­лып, берілмей қалған 161 қазақ қаһарманының тарихын түгендеді.

«Батыр атағына ұсынылған 161 жанның 44-і майданда қаза тапқан. Оның 43-і – офицер, жетеуі – майор, 8-і – капитан, 11-і – аға лейтенант, 10-ы – лейтенант, 8 кіші лейтенант, қалғаны – қатардағы қызыл әскер. Олардың ішінде 11-і – Ресей, жетеуі – Өзбекстан, екеуі – Тәжікстан, біреуі – Әзербайжан қазақтары, қалғаны – еліміздің әр облы­сынан барған қаракөздер. Оның ішінде қазіргі Жетісу облысындағы 8 аудан, 2 қаладан майданға аттанып, ерлігі елге мұра болатын 9 батыр бар. Олардың кейбірі соғыс майданында қаза тапса, кейбірі елге аман-есен оралған», дейді автор.

Жалпы, 332 беттен тұратын кітапқа кірген 161 қазақтың аты-жөні, өмір дерегі, әскер қатарына шақырылған жері, батыр атағына ұсынылған құ­жат­тарының көшір­­­месі, кейбірінің фото­суреті қоса берілген. Елге аман келгендер сол тұстағы саясаттың қысымымен өз ерлігін ашып айтып, жан күйзелісін айналасына жеткізе алмады. Ұрпақ үшін ұрандатқан ерлер­дің қызыл қанымен келген бүгінгі тәуелсіздік тұғырында тұрған біз сол ақтаңдақты қайта ақтарып, ерлердің ерлігін ақтай алмасақ, азаматтыққа сын емес пе?

Осы ретте Кеңес Одағының батыры атағы берілмеген жетісулық ерлерге назар салсақ: Алакөл ауданынан – Мұхаметқали Ахметжанов, Ахметбек Садықов, Мінайқұл Сағын­дықов, Ақсу ауданынан – Орази­ман Бәкіров, Талдықорған ауда­ны­нан – Әбдібек Бұтбаев пен Байтұр­сын Есіркепов, Қаратал ауда­нынан – Әбдіқалық Қабдолов пен Өмірбай Шажабаев, Сарқан ауданынан Исаға­ли Қашқыновтар бар. Олар шайқас алаңындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсыныл­ғанымен, белгісіз себептермен бір не бірнеше сатыға төмендетіліп, «Ал­тын жұлдыздың» орнына «Ленин», көбіне жауынгерлік Қызыл Ту, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен алмастырылған екен.

Бүгінде өлкетанушы Қажет Андас жоғарыда аты аталған сарбаздардың ұрпақтарын із­деп, өмір тарихын тарқатып жүр. Ерлігі ескерусіз қалған сол батырлардың бірі – Оразиман Бабиковтің ұрпақтары Ақсу ауда­нына қарасты Қаракөз ауылында тұра­тыны белгілі болды. Ол туралы «Баһадүрлер» кітабында мынандай анықтама берілген: «(Бабиков Аразиман) 1895 жылы Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қызыл әскер қатарына жылдың 10 мамырында Алматы облысының Ақсу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. 1-Украин майданы 4-танк армиясының 6-гвардиялық механикаландырылған бригадасына қарасты 2-мотоатқыш батальон құрамында атқыш, қатардағы жауынгер. Екі рет жараланған (30.08.1944 және 21.01.1945). Қатардағы 50 жастағы жауынгер Бабиков жау­дың қарша бораған оғына қара­мастан Одер өзенінен өтіп, 10 немісті жайратып, қол гранатамен 3 дұшпанды жер жастандырған. Сөйтіп, бүкіл бригаданың өзеннен өтуіне мүмкіндік туғызған», деп жазылған. Осындай ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Алайда 1-Украин май­­­данының қолбасшысы, маршал И.Коневтің кесірінен мұндай атақ берілмей, жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталғаны айтылады.

Қан майданда тізе қосып, бірге шай­қасқан қарулас серіктері мен қол­басшылары Оразиман Баби­ков­тің ерлігін мойындап, жоғарғы атаққа ұсынғанымен, штабтағы шенеу­ніктер батырдың ерлігін елеусіз қал­дырады. Демек көрсе­қызарлық, менсін­беу­шілік, шетке қағу сияқты пен­деліктер алға шыққан деп топшылауға болады. Сарқан ауданының Көкөзек ауылында қарапайым отбасында дү­ниеге келген Оразиманның Намази­ман атты бауыры сұм соғыстан қайтпайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған Оразиман кеңшар мен ұжым­шарда қатардағы жұ­мысшы ретінде еңбек көрігін қыз­дырады. 1956 жылы Ақсу ауданының Қаракөз ауы­лына қоныс аударады. Шағын ауылдың өркендеуі жолында еңбек­теніп, зей­нет­керлікке шыққанға дейін тынымсыз тіршіліктің қаза­нын қайнатады. Өмірлік жары Майлысары Мархабай­қызымен бірге ел қатарлы, тату-тәтті ғұмыр кешті. Ұлы Алтыбай мен ке­ліні Гүлжанның қолында тұрып, неме­ре­ле­рінің қызығын көріп, дүниеден өтеді.

Қан майданнан тірі оралып, кейінгі өмірін бала-шаға немере­лерінің ортасында өткізген ол тірлігінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, берілмегенін білмей өтті. Ұрпағы аталарының батыр болғанын кейінгі жылдары ғана естіпті.

«Әкем өмірде қарапайым адам болды. Тірі жанға жәбір-жапасы жоқ, атақ-даңқ деп ала­сұрмайтын. Алланың берген нәсі­бін адамгершілікпен қабыл­дап, қоңырқай тірлік кешті. Соғыста екі рет жараланған. Екінші жара­қатының ауырлығына байланыс­ты елге оралып, кеңшарда түрлі қызмет атқарды. Жасы 90-нан асып қайтыс болды», дейді батырдың ұлы Алтыбай.

Алтыбай Оразиманұлы мен зайыбы Гүлжан Жөңкебаева Қаракөз ауылындағы қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түзу шығарып отыр. Алтыбай әкесі секілді қара жұмыс атқарса, келіні Гүлжан ауыл балаларына ұзақ жыл ұстаздық етті. Адал еңбектің арқасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.

Шынында, адамзатты алапат қырғыннан сақтау жолында қазақ халқының перзенттері Екінші дүние­жүзілік соғысқа өлшеусіз үлес қосты. Бірақ өктемшіл кеңес билігі соның бәрін жасырып, ерліктерді елеусіз қалдырып келді. Ондай батырлардың қа­һар­мандығы өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге баспалдақ болары анық. Ол үшін Оразиман Бабиковтің есімін туып-өскен жері Көкөзек, Қаракөз ауылда­рындағы көшелерге беру, батыр тұрған үйге ескерткіш тақта қою, мек­тептен арнайы бұрыш ашу секілді міндеттерді орындау керек. Сондықтан көбінің есімі бүгінге дейін жалпы жұртқа беймәлім болып келді. Сол тарихи әділетсіздікті ашу біздің еншімізге тиіп отыр.

 

Жетісу облысы