
«Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компанияларының бірі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әзірлеген ABAI (Advanced Base and Artificial Intelligence) ақпараттық жүйесі – осы саладағы заманауи шешімдердің бірі. ABAI мұнайды барлау мен өндіру үдерістерін дәл, жылдам әрі қауіпсіз ету үшін жасанды интеллект пен Big Data технологияларын пайдаланады.
ABAI жүйесінің құрылымы
ABAI жүйесі бағдарламалық, техникалық, аппараттық қамтамасыз етуді біріктіріп, кен орнының «цифрлық миы» ретінде қызмет етеді. Осылайша, енді инженерлерге нақты уақыт режімінде датчиктер, SCADA жүйелері және басқа жабдықтардан алынған деректерді талдау мүмкіндігі қарастырылған. Ол жүйенің дәл болжамдары мен ұсыныстарын негізге ала отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жүйе 7 модульден тұрады, олардың әрқайсысы өндірістік үдеріс бойынша жеке учаскелерге жауап береді. Модульдер арасында құбыр және жөндеу жұмыстарын жоспарлау, жабдықтарды таңдау сияқты маңызды функциялар да бар. Осындай негізгі модульдердің бірі – «Кен орнына су айдау үдерісін басқару» технологиясы болып отыр. Бұл әдіс кен орнындағы мұнай өндірісін ұлғайтып, пластқа су айдау технологиясымен ерекшеленеді. Сонымен бірге, ол дәл есептеулер мен тұрақты бақылауды талап етеді.
Тағы бір айта кетер жайт, су айдау жұмыстарын дайындауға бұған дейін 40 сағат уақыт жұмсалса, автоматтандырылған талдау мен жасанды интеллект ұсынысының нәтижесінде, енді бұл уақыт бар болғаны 2 сағатты құрайды. Бұл өндірістің тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болып отыр.
Қаржылық тиімділік
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әзірлеген жүйенің өндіріске енгізілуі қаржылық жағынан да айтарлықтай тиімді. Бүгінде жүйе арқылы 450 млн теңге қаржыны үнемдеу мүмкіндігі пайда болды. 2030 жылға дейін компания 9,3 млрд теңгені үнемдей алады деп болжанып отыр. Бұл көрсеткіштер оның тиімділігі мен мұнай өндіру саласына қосқан үлесін айқын көрсетеді.
ABAI жүйесі – мұнай өндіру үдерісін автоматтандыру мен оңтайландыру арқылы еліміздің энергетикалық секторында жаңа мүмкіндік ашып жатыр. Жасанды интеллект көмегімен мұнай өндіруші компаниялар тиімділікті арттырып, экономикалық шығындарды азайта алады. Сондай-ақ олар өздерінің операциялық жүйесін жетілдіріп, бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатады. Бұл технологияның болашағы зор әрі ол еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Майнұр ЖАНАҚОВА