Үкімет • 26 Сәуір, 2025

Өңір экономикасын дамыту – басты назарда

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Семей қаласында Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуы бо­йынша кеңес өткізді. Кеңеске өңір әкімдері, салалық министр­ліктер мен «Amanat» партиясының өкілдері қатысты.

Өңір экономикасын дамыту – басты назарда

Сурет: primeminister.kz

Басқосуда өңірлік саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Орталық тарапынан әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды басым түрде қаржыландыру неғұрлым дамыған облыстармен алшақтықты қыс­қар­­ту үшін артта қалған өңірлерге ба­­ғыт­талатыны атап өтілді. Сондай-ақ биз­несті дамыту үшін «Ауыл амана­ты» бағдарламасы желісі бойынша қаржыландыру өңірлерге қосыл­ған құн тізбегіне қатысатын және қажетті шикізат әлеуеті мен өткізу нарықтары бар нақты жобаларға беріледі.

2028 жылға дейін аталған үш өңірде агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия саласы, туризм және қайта өңдеу бағытында 6,5 трлн теңгеге 102 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қайта өңдеу өндірістерін, ШОБ кластерлерін және Катонқарағай, Баянауыл, Зайсан, Алакөл, Шүлбі су қоймасы сияқты туристік аймақ­тарды дамыту қажеттігі аталды.

Сонымен қатар трансшекаралық ағындарды ескере отырып, Ресей мен Қытай нарығына шығу мүмкіндігі бар өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану маңызды.

Ауылдар мен моноқалаларды қолдау мәселесіне ерекше назар ауда­рылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Amanat» партиясы мен өңір әкімдіктері ауылдарды сара­лап, олардың мамандануын айқын­да­ды. Вице-премьер ауылшаруашы­лық кооперативтерін құруды және скрининг нәтижесіне сай ауылдарда шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыруды тапсырды.

Кеңес барысында Абай облысы­ның әкімі Берік Уәли, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Нұрымбет Сақтағанов есеп берді. Отырыс қорытындысы бо­йынша өңір әкімдіктері мен салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берілді.