
Жоба 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Ғимаратқа қарап көпжылдық еңбектің, заманауи инженерлік, медициналық шешімдердің сәтті үлгісін байқау қиын емес. Нысанның жалпы аумағы – 60 мың шаршы метр. 210 төсек-орынға шақталған. Бұдан бөлек орталықтың емханасында күніне 500 науқасты емін-еркін қабылдауға мүмкіндік бар. Орталыққа медициналық жабдықтарды Varian Medical Systems Inc., Philips, Siemens сынды әлемнің жетекші өндірушілері жеткізген. Осылайша, Орталық Азияда алғаш рет сәулелік, радионуклидтік және протондық терапияны біріктіретін біртұтас платформа құрылып отыр.
Осы күні орталықтың ашылу салтанатына орай «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтың озық технологиялары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған 29 елден жетекші онкологтар, зерттеушілер мен саланың білікті мамандары келді. Онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу бағыттарындағы заманауи тәсілдерді талқылады. Конференцияда Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова онкологиялық ауруларды емдеуге ел дәрігерлері ғана емес, халықаралық қоғамдастық құлшынып отырғанын алға тартты.
–Онкологиялық аурулар денсаулық сақтау саласының басымдық беретін бағыттарының бір болып қала береді. Себебі бұл бір өңірді, бір мемлекетті ғана емес, дүниежүзі халықтарын алаңдатып отырған мәселе. Әріптестерден сұратқан апқаратты мысал етсем, дүниежүзінде жылына 19 миллионнан астам қатерлі ісік жағдайы тіркеледі екен. Оның ішінде 10 миллионнан астам адам қаза табады. Ал елімізде 40 мыңға жуық пациенттен қатерілі ісік анықталған. Қарап отырсақ, бір моноқаланың халқы. Оның ішінде 12 мыңнан астам адам қаза табады екен. Мұны да салыстырмалы түрде бір ауылдың халқы деп айтсақ болады. Осыны ескерсек, әлем халықтары онкологиялық аурулардың профилактикасын, диагностикасын жетілдіріп, ауруды емдеп-жазу бойынша тәжірибе алмасып отыруы керек дегенге тоқталамыз. Бүгінгі конференцияның өзі саладағы үздік тәжірибелерді, жаңашылдық пен мүмкіндіктерді талқылаудың таптырмас мүмкіндігі деп білеміз, – деді Тамара Дүйсенова.
Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Күнсұлу Закария онкологиялық ауруларды емдеуді түптамырынан, профикатика, диагностикадан бастау керегін айтты.
–Онкологиялық орталық – қарапайым медициналық мекеме емес, бұл еліміздің денсаулық сақтау саласымен қатар ғылымның дамуына жол ашатын орталық. Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі көпжылдық еңбектің, саладағы дәрігерлер жетістігінің нәтижесі деп білеміз. Біз қазір онкологиялық аурулар күрделеніп бара жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Осыны ескерсек, ауруды емдеуге келгенде профилактика, диагностикаға ғылыми дәлелденген қадаммен бару керек. Біз бүгін онкологиялық ауруды емдеп қана қоймай, онкологиядағы ғылымды терең зерттеп, түсінуіміз керек. Жаңа орталықтың миссиясы да жоғары ғылымды, инновация мен озық тәжірибелерді қатерлі ісікпен күресте қолдануға бағытталады. Мұнда еліміздің ең үздік деген мамандары жұмыс істейді. Ауруды диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Бастысы, осы орталықта пациенттердің, олардың отбасы мүшелерінің маздап тұрған үміті жанады,– дейді Күнсұлу Закария.
Орталықтағы негізгі технологиялар қатарында Varian ProBeam негізіндегі протондық терапия, ПЭТ/КТ, ПЭТ/МРТ сынды қатерлі ісікті емдейтін, диагностика жасауда таптырмайтын соңғы үлгідегі озық құралдар бар. Жаңа ғимаратта халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай ауа тазарту және радиоактивті қалдықтарды жою жүйелерімен жабдықталған 8 мамандандырылған палатасы бар радионуклидті терапия бөлімі болады. Сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған циклотрондық-өндірістік кешен іске қосылған. Жоспар бойынша 11 түрлі препарат шығарылса, оның жетеуі елімізде алғаш рет синтезделеді. Осы игіліктерден кейін озық инфрақұрылымы бар Ұлттық ғылыми онкология орталығы Орталық Азиядағы жетекші клиникалық, ғылыми және академиялық орталыққа айналуды мақсат етіп отыр.