Төтенше жағдай • 28 Сәуір, 2025

Алматыда орман өртінің алдын алу шаралары басталды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда өрт қаупі бар көктемгі-жазғы кезеңге дайындық жан-жақты жүруде. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін өртке қарсы қызметтің 20 бөлімшесі жұмылдырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда орман өртінің алдын алу шаралары басталды

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес 26 наурыздан бастап Алматы және Алматы облыстарының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар кезең ресми түрде белгіленді. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, дайындық өткен жылдың күзінде басталып, жоспарлы режімде жалғасуда.

«Алматы аумағында Іле-Алатау ұлттық паркінің (20 805 га), «Медеу» табиғи паркінің (708,2 га) және Баум тоғайының (137,7 га) учаскелері орналасқан. Бұл аймақтар табиғатты қорғау қызметтерінің ерекше назарын аударады. Департаменттің, әкімдіктің және басқа да жауапты ұйымдардың бастамасымен аумақтарды құрғақ өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ халықпен профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қазірде жол бойындағы минералданған жолақтар, ұзындығы 39,1 км қалаға іргелес жатқан ашық аумақтар және 35,2 га аумақта құрғақ өсімдіктердің еңісі бойынша жұмыс жасалды», деді Алматы қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин.

Қазіргі уақытта қала аумағында құрғақ өсімдіктердің жануының 120 жағдайы тіркелген. Көп оқиға от пен тұрмыстық қоқысқа абайсыз қараудың салдарынан орын алып отыр. Қаланың орман-саябақ және тау бөктеріндегі аймақтарын патрульдеу үшін жиынтық жасақ құрылды. Күн сайын 13 қызметкер мен 2 бірлік техника кезекшілік атқарады. Қажет болған жағдайда тиісті құрал-қондырғылармен жеке құрамның 100-ге дейін адамы қосымша тартылады. Жағдайды бақылау үшін тепловизорлары мен дауыс зорайтқыштары бар ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) да қолданылады. Сондай-ақ Медеу саябағында өртті ерте анықтайтын оптикалық-сенсорлық камералары бар бейнемониторинг жүйесі жұмыс істейді.

Өрттен сақтану – ортақ басымдық. ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Мамандар қала тұрғындарынан табиғи ортада мұқият болуды, қоқыстарды қалдырмауды, жанып тұрған сіріңке, темекі тұқылдарын тастамауды, арнайы бөлінбеген жерлерде от қоймауды, құрғақ шөпті өртемеуді сұрайды.

 

Соңғы жаңалықтар