
Фото: ашық дереккөз
– «Абай жолы» қазақ әдебиетінің қағбасы, құбылнамасы ғой. Ұлттық ар-ожданымыз, ұлттық мақтанышымыз. Атын дүние жүзі білетін жауһарымыз. Мұхтар Әуезов болса әлемдік мәдениетке «Абай жолын» әкеп қосқан ұлы тұлға. Енді сенің сұрағыңа келсек, Ғ. Мүсіреповтың өзі «мен «Абай жолын» төртінші рет қайталап оқығанда барып түсіндім» депті. 5-6- сыныпта оқып жүріп-ақ, түсінбек тұрмақ сын жазған азаматтар бар.
Ал біздің жетемізге кейіндеп барып жетті. Мектепте оқып жүргенімізде аттап-пұттап, ұзақ ой айтылған жерді тастап кетіп, оқиға қуып оқыдық. Университет бітірген 21-22 жасымызда да толық оқып шыққанымызбен, парықтай қоймадық-ау деймін. Содан кейін отыздан асқанда оқығанымызда Мұхтар Әуезовтың кейіпкерін оқырманға жек көргізгісі келсе жеті қат жер астына кіргізіп жіберетінін, жақсы көргізгісі келсе жайнатып жіберетін шеберлігіне таң қалдым. Көркем шығармадағы Абайды Абай деп, Құнанбайды өмірде де сол Құнанбай деп қабылдағаным да шын. Идеологияның құдіреті ғой. Әйелді түйенің өркешіне асып өлтірген, өз немересін қылқындырған, ұрпағына теріс бата берген Құнанбайды қалай жақсы көресің? Әлемде қандай зұлымдық, қаталдық бар бәрі бір Құнанбайдың бойында. Өмірдегі Құнанбай басқа шығар деген ой келмеген. Құнанбай Меккеге аттанып бара жатып:
– Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кеткен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің, сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ пейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын,- деді.
– «Мырзам, мынандай сапарыңа кінә түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады.
– «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімделген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің босаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босатып бергің келеді. Кінаң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің, осы көңіл мені жеңгеніне көп болған,-деп біраз толас тапты. Құнанбай аса қатты деп қойып, ұйып тыңдап қалған еді», деген тұсты оқығанда Құнанбайдың да ет пен сүйектен жаралған адам екеніне көзім жетіп, ішім жылып қалғаны бар. Ызғарлы, суық Құнанбайға оқырманның жүрегін жылытқаны жазушының шеберлігі ғой. Бұл да әсер шығар.
Ендігі бір тұс. Нұрғанымды Қаратайдың ақылымен Құнанбай тоқалдыққа ұйғарды да, Бердіқожаға кісі салады. Сонда Абай біртүрлі, қатты түршігіп келіп: «Әке деп сый көруден қалсын. Біржола жат болсын деген мінез ғой. Осыншама қыруар жанды адам құрлы санамаған ғой. Шешеммен неге ақылдаспайды. Өмір бойы жолдасы сендермен неге санаспайды? Бізден кіші қыз алып отырып, солар ұялар-ау деп, бізді неге ойламайды? Құптамаймын! Қайта кінәлаймын. Сен де мақұлдама! Әйтеуір, бізді адам санамаған жан ғой. Ренжіп кеткенін біліп кетсін! – дейтін тұсы бар. Содан Құнанбайды Меккеге шығарып салардағы арба үстіндегі Мәкіш екеуінің арасындағы әңгіме былай өрбиді. «Құдайшылық емес, Құнанбайшылықты жақтап бара жатқан болғаны да!» Абай аса бір ащы мысқыл, ызамен қабақ түйіп жымиды да, Құнанбай жайын ойлаудан, оның сапарынан көңілін бір-ақ кесіп тыйып, басқа күйге ауысып кетті... Мәкішке:
– Мен сүйген мен күйгенді айтам. Сүйгенім оралмастай алыста. Ал айнымастан қасымда, жадымда қалар-жалғыз күйігім ғана.
– Күйігің не? О не деген сөзің? Сенде қандай күйік болушы еді? – деп, Мәкіш Абайға кінәлай да, сынай да қарайды....
– Жар дегенім күйік салған бір жан да! Жар дегенді білмеуші ме ең?
– Білем, жар деп кісі үй жолдасын айтат та!
Абай селт етіп, жалт қарады:
– Ділдә демексің бе?
– Иә, Ділдә болса қайтушы еді?
Абай күйіп, қиналып кеттіп:
– Ойбай, жаратқан, Мәкіш-ай, Ділдәң не? не деп кеттің.
– Япырай, сөзім саған түрпідей тиді -ау, Абай. Ділдә байғұстың не жазығы бар еді?
– Рас, Ділдәнің жазығы жоқ. Бірақ оған ынтыққан арман өлеңін айтар менің де жазығым жоқ. Төрт бала тапқан Ділдәні айтқаның не?
– Е, бала тауып бергеніне жазықты ма саған?
– Жазығы жоқ, қайта балалары жақсы. Ол – балаларымның анасы. Ата мен ана қосқан жолдасым. Бар болғаны сол ғана. Ал жүрек жалын, ынтық, достық десең, ондай оттың бәрі де ол кеудеде өшкен. Болған шағында да, соншалық маздаған шырақ жоқ еді. Көңілі бітеу тартып, ерте суынған жан ғой ол!, деді де, Абай енді бұдан ары сөйлегісі келмей, тоқтап қалды.
Мен осы тұста тоқтап, Абай нәпсі-желікке ұрынғандай, көңілім қалып, ұрынарға қара таппадым.
«Ділдә байғұстың Мәкіш айтпақшы, айыбы не? Көкірегі жабық емес, оның да жүрегінде сен салған мұң бар шығар? Құнанбай Нұрғанымды аларда «құптамаймын! Қайта кінәлаймын!» - деп еді ғой. Ұлжан туралы аузынан жаман сөз шығармаған бұдан гөрі Құнанбай жақсы екен» - деп біраз бұрқылдағаным бар.
Бұл да болса оқырманын бір сөйлеммен өрекпіткен жазушы шеберлігі ғой. Содан кейін Бөжейдің асына бару мәселесі.Құнанбай мен Бөжейдің қырғиқабақ екені белгілі. Өлгенінде Құнанбайларға хабар берілмейді. Дегенмен Зере, Ұлжандар тақымдап отырып асына баруға рұқсат алады. «Құнанбай қиналып, қынжылып көне ме? Кекесінмен көне ме? Оның ар жағын Абай елеген жоқ» - делінеді. Он үй –отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін, ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, ертеңді кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі Абайдың мойнында. Үйтілген сансыз қойдың еті жүздеген жылқы етімен бірге асылмақ. Оқып отырғанда дастархан мәзірі аузыңнан сілекей ағызады.
Осы тұстағы менің есімнен кетпейтіндей болғаны жиын алдындағы кеңесте Зеренің сөйлегені:
– Байлауын байладың. Енді, түге,жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз- құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тірісінде алғыс алмасаң, енді тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кіріп, күлімен шық қонағыңның! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес, кішіпейіл, мейірде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт! Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзі түгел отыр ғой, міне! Бірі –қырт, бірі- дарақы мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! –деді. «Мылжың», «мақтаншақ», «даңғой», дегендері осы арада шынымен төрт көзі түгел отыр еді.
Бұл тұста да бесікті де, есікті де түзейтін әйел-ананың өз ортасындағы «білгірлерді» тәубасына келтіріп, өз баласының (Құнанбайдың) пендешілігін ізгілікке айналдыруы, түсі жылы адамгершілікке жүгіне отырып, ел парасатын танытатын қимылға барғанына қатты әсерлендім. Қазір де сондай аналар бар ма екен деген ойға қатты берілдім.
Кейіндеп шынайы өмірде Абайдың Бөжей асына бармағанын деректерден оқыдық қой. Жазушының кейіпкерін ұтымды бейнелегені, әрине, жақсы әсер қалдырды.
Ал енді үш жасар Кәмшатты Бөжейге құн орнына берген Құнанбайға тіс қайрайтын тағы бір тұстың бірі –мынау:
«Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы жаңа келген адамдарға шаққандай боп кемсеңдеп, дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен тағы жылады. Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат қазір сатқақ ұрғандай арықтап, құп-қу шөлмектей болып қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп жиырылып тұр. Үлкейіп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар тамшылайды. Күтімсіз қор болған бала шын бишараның қалпында жатыр».
Сізге өтірік, маған шын мұңлы бір әңгіме жазып отырғанда көз алдыма осы Кәмшаттың бейнесі келеді. Түп санама кіріп алғандай. Жүрегім жаншылады, жаным езіледі. Имансыздықтың ұя салғаны қатты қапаландырған.