
Фото: Атырау облысының әкімдігі
Форумның салтанатты ашылуында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысушыларға сәттілік тілеп, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын атады.
Өз кезегінде Серік Шәпкенов форумның кәсіби даму алаңы ғана емес, жаңа идеялар мен үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформа екенін атап өтті.
«Құрметті жастар! Сіздер – еліміздің нақты тірегі, экономикамыздың қозғаушы күші, ел ертеңінің иесі саналатын еңбек майданының жас сарбазысыздар. Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялауы – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті ұлықтауға бағытталған тарихи шешім. Атырау облысы – Қазақстанның ең ірі индустриялық-өндірістік аймақтарының бірі. Өлкемізде әлемдік деңгейдегі өндіріс орындарының қатысуымен еліміздің мұнай-газ саласындағы іріжобалар жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс ошақтарын іске қосатын да, экономиканың нақты секторын алға сүйрейтін де – жұмысшы мамандардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі. Сондықтан бүгінгі форум осы бағыттағы мақсат-мүдделерді жүзеге асыру жолындағы маңызды алаң боларына сенімдімін», деді С.Шәпкенов.
Форум аясында «Қазақстанның еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтарының келешегі» атты пленарлық отырыс пен TEDx үлгісіндегі «Isker talks» конференциясы өтті. Қатысушылар үш бағытта оқыту курстарынан өтіп, тренингтерге қатысты. Спикер ретінде ҚР Парламентінің депутаттары, министрліктер мен ірі компаниялардың өкілдері шақырылды.
Сондай-ақ жастар жаңадан ашылған «Atyrau faces» жұмысшы мамандықтар көрмесін тамашалады. Форум соңында жұмысшы жастар аллеясы ашылып, ең үздік жобаларға жалпы 3 миллион теңге көлемінде мини-гранттар табысталмақ.
Айта кетейік, Атырау облысындағы 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының 18-і жұмысшы мамандықтарына мамандар даярлайды. Жастарға 3600-ден астам мемлекеттік грант бөлінген.