Өшпес даңқ • 29 Сәуір, 2025

Азапты лагерьден аман қалған

1120 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың ел естімеген, ескерілмеген оқиғаларының әлі де аз емес екеніне шүбә жоқ. Соғыстан – батыр атанғаны да, басқасы да ауыр да, азапты жолдан өтті. Әсіресе тұтқынға түсіп қалғандар тозаққа бергісіз күндерді бастан кешірді, елге келген соң да оларды өкімет басынан сипай қойған жоқ. Жалпы, осы естелікті жазуыма әкемнің басынан өткен бір оқиғасы түрткі болды.

Азапты лагерьден аман қалған

Әкем Мырзағали Елшібайұлы 1939 жылы жиырмадан енді ғана асқан шағында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанның Кушка қаласына аттанады. Екі жыл өте шығып, 1941 жылы үйге әне-міне оралам деп күн санап отырғанда аяқастынан соғыс өрті тұтанып, әкем құрамында болған әскери бөлім майданның алғы шебіне, ұрыстың ең қызған жеріне жіберіледі.

1942 жылдың жазында неміс әскері Смоленск қаласының түбінде аяусыз шайқасқа көшкен еді. Соғыстың алғашқы күнінен барын сала ұрысқа кіріскен Германия әскері кеңес солдаттарын әбден тұралатқан. Сондай кескілескен күндердің бірінде әкемнің әскери бөлімі жау қоршауында қалып қояды. Мұздай қаруланған жау әскері кеңес солдаттарын қыспаққа алып, әбден титықтатады. Ішерге асы, атарға оғы қалмаған әрі біразы жараланып, күші әлсіреген әскери бөлім солдаттары амалсыз жау қолына түседі. Шайқаста ауыр жараланған әкем неміс солдаттарының «Halt!», «Hande Hoch!» деген дауысынан көзін ашады. Әкем шайқаста ми контузиясын алып әрі оң иығы сынып жараланады.

д

Тұтқындар жүк таситын жабық вагондармен Голландияға бір-ақ жеткізіледі. Жолда қаншамасы аштықтан, кейбірі жарақатынан айыға алмай қырылады. Тұтқындарға жолда не тамақ, не су бермей, нәр таттырмаған. Бір апта бойы жол жүрген пойызда санаулы ғана адам аман қалған екен. Әкем қасындағы жолдас­тарымен бірге тұз жалап, бойларындағы сұйықтықты сақтап, аман қалған.

Голландия жерінде тұтқындарды үлкен дәрежелі неміс офицері күтіп алып, сапқа тұрғызып, кеуделерін нұқып тұрып сұрақтың да, сынақтың да астына алыпты. Сондағы сұрайтыны – «Немістің неше солдатын өлтіріп, неше техникасын талқандадың?». Әрине, осы кезге дейін жау әскерін талай шығынға ұшыратқан солдаттардың бәрі жанын сақтап қалу үшін қорыққанынан «ешкімді өлтірмедік, техникаға да тимедік» деп жауап береді. Кезек әкеме келгенде қанша солдаттың көзін құртып, неше техниканы қиратқанын, бәрін жасырмай, тайсалмай айтып береді. Неміс офицері еш қабақ шытпастан бір солдатқа әкемді шетте тұрған ғимаратқа алып баруын бұйырады. Тасымалдаушы жендеттің алдында кетіп бара жатқан әкем іштей өмірмен қоштасады. Сөйтсе, әкемнің қолына бір бөлке нан ұстатып, қайта сапқа алып келіпті. Сол сәтте офицер «Бұл – соғыс, соғыста өлтіру керек. Яғни біз де, сендер де жаман соғысасыңдар. Егер бәрің мына моңғол сияқты шайқассаңдар, соғыс енді бітіп те қалушы еді», деп сұқ саусағымен әкемді көрсетеді. Ол кезде қазақ деген ұлттың барын батыстағылар әлі білмейтін көрінеді. Ал баракқа келген соң әкем қолындағы нанды жолдастарына бөліп беріпті. Бұл көрініс неміс офицерінің кеңес солдатының шындықпен жауап бергенін ерлікке балағаны болса керек.

Дегенмен көңілі қанша түссе де басынан сипай қоймағаны анық. Тұтқындар алғашқы күннен небір азаптауды бас­тан кешірді. Не жетіскен тамақ жоқ. Лагерь сыртынан тұрғындар ас қалдығын, картоптың қабығын лақтырады. Қоршауға қарай жапа-тармағай жүгірген тұтқындар тамақ үшін бір-бірін таптап өлтіруге дейін баратын. Олар өз қолдарымен түрлі ойыншық, сувенир және тағы басқа заттар жасап ішер тамаққа ауыстыратын еді. Жұмыс аяқталғаннан кейін қатар-қатар тұрғызып, полицайлар қалталарын тексеретін. Егер бір картоп тауып алса, резина бишікпен сабайтын. Әбден әлі құрыған тұтқындардың кейбірі соққыдан кейін өліп те кеткен.

ж

Осылай екі жыл өте шығады. Кері шегіне бастаған немістерді ағылшын-америкалық әскер әбден есін ала бастаған кез. Амалы құрыған жау лагерьді тастай қашуға мәжбүр болады. Сонда да із қал­дырмаудың қамымен тұтқындарды өлті­ріп, құжаттарды, өзге де құрал-жаб­дықтардың көзін жоймақ болады. Алайда ретін тапқан әкем лагерьдің сыртынан сытылып шығып үлгерген екен. Сөйтіп, көзтаныс бір шалдың үйін паналайды. Ол қария кезінде бірінші дүниежүзілік соғыста екі аяғынан айрылып, жүруден қалған екен. Тұтқында жүрсе де аздап немісше үйреніп алған әкемді мүгедек қария тамның төбесіне жасырып қойған. Суыт келген неміс солдаттары әкемді сол күйі таппай, өздері де бас сауғалап батысқа қашыпты. Бір жарым сағаттан кейін қарт әкемді шақырып, қолымен артиллерия даусы шығып жатқан америкалықтарға қарай бағыттапты. Осы кісінің өз басын өлімге тігіп, әкемді құтқарғанын не­містер білсе, екеуін де атып тастар еді. Мен осы оқиғаны еске алғанда әлгі қа­рияға іштей ерекше ризашылығымды білдіргім келетін. Қандай қиын кезде болсын, ауыр тағдыр тәлкегіне қарамастан адамгершілік қасиетін сақтай білген сол кісінің арқасында әкем бір ажалдан қалған екен. Үй иесіне алғысын білдіргісі келген әкем бос қалған лагерь жаққа барып, ұн, шай және өзге де азық-түліктерден алып барып, әлгі қарияға шексіз алғысын біл­діріпті.

Әкем 1946 жылдың көктеміне дейін әскери госпитальде санитар болып қызмет атқарған. Отанға оралған соң артынан 10 жыл бойы тергеушілер әкеме қайта-қайта әлдебір сұрақтарын қоя берген, бірақ бағына орай қамауға алмапты.

Әкем әріп танымағандықтан үйіне майданнан бірде-бір рет хат жазбапты. Тірі екенін туғандары ол ауылға қайтқанда ғана білген еді. Отыз бес жыл еңбек еткен әкем құрметті демалысқа екі жыл өз жасынан кеш шығады. Өйткені құжат бойын­ша жасы қате жазылған. Бірақ соғыста сынған оң иығының жарақаты салдарынан 1954 жылы дәрігерлер комиссиясының шешімімен үшінші топтың мүгедектігі тағайындалды.

Әкем өмір бойы өзінің ісімен бізге, болашақ ұрпағына үлгі бола білді. Еңбегін де адал атқарды. Көптеген медаль, жиырмадан аса коммунистік еңбек екпіндісі деген құжаттары және еңбек кітапшасындағы алғыс сөздер – соның айғағы. Әкем анам екеуі тату-тәтті өмір сүріп, ұлды ұяға, қыз­­ды қияға қондырды. Балаларына, не­ме­релеріне ақыл-кеңесін беруден еш жа­лыққан емес. Қандай жағдай болсын адам­гершілік қасиетті жоғалтпау керектігін үйретіп отырушы еді.

Бала күнімнен әкемнің соғыста тұтқында болған жерін бір көрсем деген үлкен арманым бар еді. Шетелге шы­ғып жатсам, ең алдымен сол жерге барам деп алдыма серт қойдым. Құдай жа­рылқап, 2022 жылы Нидерланд еліне жол түсіп, Аммерсфорт қаласындағы тұт­қындар лагерінің орнында ашылған музейге бардық. Табалдырық аттағаннан айтып жеткізгісіз ауыр сезімді бас­тан кешірдім. Аралаған кезде көзіме жас алып, сол бір қиын жылдарды елестеткендей болдым. Әкемнің оқиғасын білген музей басшылығымен хат алмасып, байланысып тұруға келістік.

 

Бердібек ЕЛШІБАЕВ,

медицина ғылымдарының докторы