
Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 25 жасында жазған «Қазақтың қиял-ғажайып ертегісі» атты кандидаттық диссертациясы қазақ фольклортану ғылымына соны сүрлеу салды. Қазақ халық даналығы әлемдік фольклортану ғылымының ұлы мұхитына С.Қасқабасов салған жаңа арнамен барып құйылды.
Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 1984 жылы «Қазақтың халық прозасы» атты әйгілі монографиясы дүниеге келді. Ол туралы берісі Ресейден бастап, арысы АҚШ ғалымдарына дейін пікір білдірді. «Қазақ мифі» жөнінде алғаш рет тың тұжырымдар қорытқан тұңғыш ғалым да С.Асқарұлы еді. Кейіннен ғалымның «Казахская несказочная проза» атты еңбегі орыс тілінде жарыққа шықты. Осы екі монографиясы үшін С.Қасқабасов 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ол Алаш арыстарының мұрасын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы тауқыметті шаруаға да белсенді араласты. Нәтижесін қазіргі ұрпақ көріп отыр.
Сейіт Асқарұлы 1989 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кейіннен Ұлттық ғылым академиясының академигі әлемге мәшһүр ғұламаға, өзі қалыптастырған мектебі бар дана ұстазға айналды.
1992 жылы С.А.Қасқабасов Президент Жарлығымен ашылған Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясының (ЖАК) тұңғыш төрағасы болып тағайындалып, ұлт ғылымының бағытын айқындады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шығыстану факультеті мен «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығын ашып, басшылық етті.
С.А.Қасқабасов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет еткен он жылдың ішінде «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымын, 5 томдық «Қазақ музыкасының тарихын», 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихын», 20 томдық «Әдеби жәдігерлерін», 100 томдық «Бабалар сөзін» жарыққа шығарды. Бұл іргелі зерттеулер – қазақ гуманитарлық ғылымының тәуелсіздік жылдарындағы абыройлы жемісі.
Ғалым «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға еңбек сіңірді. Тәуелсіздік жылдарында нәтижелі тиянақталған «Бабалар сөзі» 100 томдық басылымының ұйымдастырушысы да, атқарушысы да – академик Сейіт Қасқабасов. Бұл — өркениетті деген халықтардың арманына айналған тарихи, ғылыми жетістік.
Ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижелері жыл сайын том-том болып жарық көріп келеді. Олардың қатарында, «Колыбель искусства», «Родники искусства» «Золотая жила», «Жаназық», «Елзерде», «Ойөріс» сияқты аты да, заты да кесек іргелі зерттеулерді атауға болады.
Екі тілді еркін меңгерген Сейіт Асқарұлы қазақ фольклорының біраз үлгісін орыс тіліне аударып жариялады. Шығыстанушылар В.Радлов пен Г.Потаниннің еңбектерінің ғылыми басылымдарын шығаруға да бас-көз болды. «Еуразия халықтарының эпосы» сериясы бойынша «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» лироэпосының 8 нұсқасын қамтыған академиялық басылымын, «Қыз Жібек» жинағын Мәскеуде жарыққа шығарды.
Мемлекеттік сыйлықпен қоса Жамбыл атындағы (1996) және Махамбет атындағы (2003) сыйлықтарын алып, ғалымның мерейін тасытты.
Сейіт Асқарұлы – тек қазақ фольклортану ғылымының ғана емес, тұтас ұлт руханиятының көшін алға сүйреген айбарлы тұлға.
Ардақты ел ағасы, ғибратты ғалым салған қазақ фольклортану ғылымындағы сара жолды шәкірттері жалғастырады деп сенеміз. Ұстаздың аманат-мұрасы халқымен бірге жасай береді.
Кенжехан Матыжанов,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ғалымның шәкірті