Форумның негізгі тақырыптары жасанды интеллектінің мәдениет пен адам шығармашылығына ықпалы, сондай-ақ бейбітшілікті нығайтудағы мәдени байланыстардың рөлі болды.
Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Аида Балаева жаһандық тұрақсыздық жағдайында мәдениеттің ерекше маңызын атап өтті.
«Мәдениет тек өткеннің мұрасы емес, бұл – диалогтің тетігі, ұрпақтар, ұлттар мен діндер арасындағы көпір. Өркендеу дәуірінде де, қиын кезеңдерде де мәдениет рухты көтеріп, шабыттандырып, адамдарды біріктіріп отырды. Бүгінде де бұл – болашаққа апаратын сенімді тірегіміз әрі елдер арасындағы өзара іс-қимыл тетігі», деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева Қазақстандағы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени әралуандық дәстүрлеріне тоқталды. Бүгінде елімізде жүзден аса этнос өкілдері өз тілін, өнерін сақтап, бейбіт өмір сүріп келеді. Министр Мемлекет басшысы жариялаған «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің берік негізіне айналғанын ерекше атап өтті.
Саммит жұмысына 90 елдің делегациялары қатысты. Халықаралық жиын идея алмасу, гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты және мәдениет арқылы бейбітшілікті нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыратын маңызды алаңға айналды.