Жасанды интеллект • Кеше

Жасанды интеллект және жаһандық этика

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елорда төрінде Президент іс басқармасы Президенттік орталығының және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің ұйымдастыруымен «Орталық Азия және жасанды интеллектінің жаһандық этикасы: сын-қатерлер мен келешегі» атты халықаралық конференция өтті. Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған іс-шараға астаналық зиялы қауым және халықаралық ұйым өкілдері, жасанды интеллект саласы бо­­­­йынша зерттеуші ғалымдар, инженерлер мен бағдарлама әзірлеуші мамандар қатысты.

Жасанды интеллект және жаһандық этика

Маңызды жиынды ашып, басқосудың міндет-мақсаты хақында қатысушыларды хабардар еткен Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат мырза қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) қоғам өмірінің барлық саласына еніп, өндіріс, сауда, банк секторы, мемлекеттік басқару, ғылым, білім, медицина, қаржы, т.б. секторларда кеңінен қолданылысқа ене бастағанына тоқталып, әсіресе ЖИ жасау және пайдалану ісіне «Google», «Meta», «Baidu», «Alibaba» сияқ­­ты жетекші трансұлттық компания­лар бел­сенді қатысып жатыр» деген па­йым айтты.

Расында, ЖИ мәселесі дәл қазір аттап өте алмайтын тосқауылға айналды. Бұдан шет қалу мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жасанды интеллект саласының дамуына үлкен мән беріп, рес­публика бойынша 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ-ді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылып, осы құрылым аясында «Alem AI» халықаралық ЖИ орталығы ашылды. Оның сыртында еліміздегі ЖОО-ларға ЖИ мамандарын даярлау бағдарламалары енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ халықаралық конференция барысында жасанды интеллектіні Орталық Азия елдерінде қалыптастыру кезеңінде туындайтын мәселелер және ЮНЕСКО-ның Жасанды интеллект этикасы жөніндегі ұсынымдарын аймақтық контексте бейімдеу жолдары қарастырылды. Әсіресе ЖИ мамандары жастардың, әйелдердің, осал топтар мен басқа да мүдделі тараптардың әділ цифрлық орта қалыптастыру үдерісіне қатысуын қамтамасыз ететін инклюзивті тәсілдің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар конференция жасанды интеллект этикасы жөніндегі үшінші жаһандық форум қарсаңында аймақ елдері мен секторлар арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

Жиында сөз алған ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстандағы өкілі Амир Пирич: «ЖИ бүкіл әлемді өзгертіп жатыр. Мем­ле­кеттік басқарудан бастап білімге, денсаулық сақтау мен ғылымға дейін үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Сонымен қатар жаңа сын-қатерлер де тудырды. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар маңызды рөл атқарады. Жасанды интеллектінің этикалық, құқықтық және әлеуметтік аспектілері технологиялық прогрестен қалып қоймауы керек. Адам құқық­тары және инклюзивтілік қағидат­тары әрдайым назарда болуға тиіс. Сол себепті ЮНЕСКО-ға мүше 193 мемлекет жасанды интеллект этикасы жөніндегі Ұсыным қабылдады. Бұл тарихи құжат ЖИ дамуының ашықтық, есептілік, әділеттілік және адами бақылау сияқты әмбебап қағидаларын белгілейді. Қазақстан цифрлық саланы белсенді дамытып келеді, бұл ұлттық ЖИ дамыту тұжырымдамасын қабылдау және «Alem.AI» атты жаңа Халықаралық жасанды интел­лект орталығын құрудан көрініс табады», деді.

ЮНЕСКО өкілінің айтуынша, атал­ған конференцияның міндеті үкімет құрылымдары, ғылыми орта, жастар, жеке сектор мен азаматтық қоғам өкіл­дерін біріктіру арқылы жаһандық нормаларды аймақтық жағдайларға бейімдеуге жол ашу.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің өкілі, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Саки Садыков: «Болашақта жасанды интеллект әлемдік трансформациялаудың басты қозғаушы күші болары анық. Ол мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім, қауіпсіздік, коммуникация салаларына белсенді әсер етеді. Бірақ технологиялық дамумен қатар, этикалық, құқықтық және әлеуметтік сипаттағы жаңа мәселелер туындайды. Бұл мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері белсенді рөл атқаруы керек. Кейінгі 10 жылда Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан цифрлық трансформация үдерісін түрлі деңгейде жүзеге асыра бастады. Бұл қадамдар өңірге ЖИ енгізуге дайын екендігін және одан экономикалық және әлеуметтік пайда алуға қабілетті екенін көрсетеді», деді.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы бала құқық­тарын мониторингтеу және бағалау бағдарламаларының жетекшісі Раушан Ибрашева: «Бүгінде ЖИ біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол ауруларды диагностикалайды, мектеп тапсырмаларын тексереді және балаларымыз үшін музыка таңдайды. Қазақстанда ауыл мектептеріне жақсы шешім болатын ЖИ-репетиторлар белсенді енгізілуде. Алайда ересектер технологияларға сыни тұрғыдан қарай алса, балалар алгоритмдерге сеніп, қауіптерді сезінбей қалады. Біздің елде балалардың 70%-ы күнделікті интернетті пайдаланады, әрбір үшінші бала кибер­­­буллингке тап болған, ал мектептегі чат-боттар кеңінен қолданылғанымен, дербес деректерді қорғауға кепілдік жоқ. Сондықтан ЖИ енгізу барысында ЮНИСЕФ ұсынған этикалық қағидаттарға сүйену қажет: алгоритмдердің ашықтығы, бала мүддесін есепке алу, қолдануға ыңғайлы құралдар, салааралық ынты­­мақтастық және экологиялық жауап­кершілік. Технологиялар ешқашан бейтарап болмайды – олар өз жасау­шыларының құндылықтарын көрсетеді. Біздің міндетіміз — ЖИ жүйелерінде бала­лардың құқықтарын қорғауға бағыт­тал­ған этикалық қағидаттарды енгізу», деді.

Сонымен қатар конференция барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы «Адолат» ұлттық құқықтық ақпараттық орталығының директоры Акбар Мусаев, «Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту ассоциа­ция­сы» ЗТБ төрағасының орынбасары Анара Тулеубаева, Astana IT University «Artificial Intelligence» ғылыми-инновациялық орталығының директоры, Қазақстан Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі, PhD Бейбіт Абдикенов, Орта Азия жасанды интеллект ассоциациясының атқарушы директоры Шахриор Худойбердиев, «Ntel» компаниялар тобының басқарушы директоры Олжас Жұмабаев, т.б. сөз сөйледі.