Сұхбат • Кеше

«Ұлы дала жорығы» Алматы облысының туризміне серпін береді

380 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Алматы облысы – туризмді өркендету тұрғысынан әлеуеті де мүмкіндігі де зор өңір. Мемлекет басшысы жергілікті халықпен кездесуінде туризмді дамыту – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты екенін атап өтіп, табиғаттың тартуын ел байлығы ретінде бағалағанын айта кеткен жөн. Жүйелі жұмыстардың арқасында аймақ экономикасының өсіміне серпін беретін бұл бағыт жылдан-жылға қарқын алып келеді. Облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВПЕН сұхбатымызда өңірдің өркендеуіне серпін беруге тиісті осы саланың бүгіні мен келешегі кеңінен сөз болды.

«Ұлы дала жорығы» Алматы облысының туризміне серпін береді

– Марат Елеусізұлы, әңгімемізді облыстың туристік әлеуетінен бастасақ. Туризм – табыс көзі. Оны дамыту – эконо­микалық тұрғыда өрлеудің тиімді жолы. Сіз басшылық ететін аймақта бұл сала қалай өріс алып келеді?

– Алматы облысы – көз тартар көркем табиғаты, тарихи жәдігерлері мен мәдени мұралары тоғысқан айрықша өңір. Таби­­ғаттың таңғажайып сұлулығы мен хал­қымыздың терең тарихынан сыр шер­тетін қасиетті мекен. Облыс аумағында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Таңбалы тас петроглифтері, сондай-ақ, «Алтын адам» табылған Есік қор­ғаны сынды тарихи орындар шоғыр­ланған. Шарын шатқалының әсем көрінісі, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің тұмса табиғаты, Іле-Алатау ұлттық паркі мен Жоңғар Алатауының биік шыңдары турис­тердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Былтыр облысқа 1,7 миллион турист келіпті. Оның ішінде шетелдік туристер саны 60%-ға өсіп, 135 мың адамға жетті. Осынау жоғары көрсеткішпен облысымыз респуб­ликада үшінші орында тұр. Қазір өңірде 384 мың туриске қызмет көрсететін 274 нысан тұрақты жұмыс істейді. Туризм саласында жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өткен жылы ASP-Arena отбасылық-сауықтыру кешені ашылып, 480 жұмыс орны құрылды. Облысымыздағы маңызды жобалардың бірі – «Oi-Qaragai» курортының аумағын 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғайту. Бұл жоба аясында туристер саны 850 мыңға дейін артып, 104 млрд теңге инвестиция тартылады. Туризмді дамытудан облыс орталығы Қонаев қаласы да шет қалмайды. Қаламызда 25 млрд тең­ге­ге екі бес жұлдызды қонақүй мен 48 млрд теңгеге халықаралық курорттық-жағажай кешені салынады.

Жалпы өңірде туристік инфрақұры­лымды жақсарту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айттық. Бұл бағыттағы іргелі істерге инвестиция да молынан тартылды. Солардың бірі – «Фридом финанс холдинг» компа­ниясының бастамасымен Қонаев қала­сындағы №5 жағажай аумағында жүргі­зілген абаттандыру жұмыстары. Бұл жобаға компания тарапынан 4 млрд теңге инвестиция құйылды. Ойға алғандар орын­далса, облыс орталығының басты де­малыс орындарының бірі болып сана­ла­тын Қапшағай су қоймасының жаға­лауы туристердің еліміздегі қалаулы орын­дарының біріне айналары анық.

Кеген ауданындағы табиғаттың тамаша тартуларының қатарында ойып тұрып орын алатын Көлсай көлдерінің тартым­дылығын арттыру бағытындағы да шаралар жалғаса бермек. Былтыр осы мақсатта тағы бір маңызды жоба – Қайыңды көліне апаратын 500 метрлік жаяу жүргіншілерге арналған туристік маршрут абаттандырылып, табиғат аясында демалғысы келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасалды.

– Туризмге қатысты биылғы жоспар жөнінде не айтасыз?

– Биыл негізгі назар Алматы тау кластері мен ұлттық парктердің инфрақұрылы­мын дамытуға аударылды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 253 миллион теңге бөлінді. Туризмді жүйелі әрі сапалы дамыту мақсатында тау кластері аумағында «Crystal Bay», «Кипрос» компанияларының серіктестігімен «Ақбұлақ» туристік ке­ше­нінің жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастамалардың барлығы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Алматы облысын еліміздің туризм орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадамдар қатарында.

Сонымен бірге облысқа туристер ағынын арттыру мақсатында жыл сайын өңірде халықаралық деңгейдегі ірі спорт­тық-мәдени іс-шаралар ұйым­дастырылып келеді. Мәселен, биыл «Oceanman» жарысына 17 елден 2500 спортшы қатысса, «Tengri Ultra» ультрамарафонына 2000 адам, дәстүрлі Қымызмұрындық фести­валі­не 4000-нан астам адам жиналды. Қонаев қаласында биылғы Наурыз мейрамы да ерекше сипатта өтті – қалада 25 киіз үй ті­гіліп, мереке ауқымы айтарлықтай кеңей­ді. Іс-шараға Қытай, Үндістан, АҚШ, Түркия, Мажарстан, Литва, Қырғызстан, Өзбек­стан, Моңғолия секілді елдердің бас кон­сул­дық өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар қатысып, мере­­келік көңіл күйге ортақтасты, қазақ­тың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлт­тық құн­дылықтарымен танысып, мәдени мұра­­ларын тамашалап, ақ дастарқанынан дәм татты.

Алматы облысын алға жетелейтін жетек­ші саланың бірі саналатын туризмді дамытуға қатысты алдағы уақытта өңірде бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында Ұлы дала жорығы, «Абрикос» фестивалі, маусым-шілде айларында жоспарланған «Ұлы дала көші» этнофестивалі бар. Қазақ халқының мәдени мұрасын, көшпелі өркениет ерекшелігін халық­аралық деңгейде дәріптеуді көз­дейтін фестивальға 12 мемлекеттен – Қазақ­стан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Моңғо­лия, Башқұртстан, Бурятия, Татарстан, Мажарстан, Саха, Тыва республикаларынан өкілдер қатысады. Осындай еларалық деңгейді қамтитын байыпты бастамалар өңірдің ғана емес елі­міздің халық­ара­­­лық аренадағы беде­­лін арт­тырып, ту­­ристік тар­тым­ды­лы­ғын одан әрі кү­шей­туге серпін берері сөзсіз.

и

Биылғы «Ұлы дала жорығы» ха­лық­­­ара­лық бәй­ге-марафоны –  Жеңіс­тің 80 жыл­ды­ғына орай ұйым­дас­тырылатын айтулы іс-шара ретінде алғаш рет то­лық Алматы об­лы­сы­ның аумағында өтеді. Бұған дейін бірне­ше өңір­ді қамтып, мыңда­ған ша­қырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәй­ге-марафон биыл қаты­сушы­лардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сы­на­ғалы отыр. Мерейлі ха­лық­аралық шара біздің мәр­те­бемізді арттырып қана қой­май, облыс жұртшылығына зор жауапкершілік артары да анық. Сондықтан барымызды са­лып, дайын­далып жатырмыз.

– Бәйгеге дайындық бары­сы­на тоқталсаңыз. Бұл шара­ның туризмге қосар үлесі қандай?

– Халықаралық бәйге-мара­фонды «Joryq» ат спорты феде­рациясының басшысы әрі жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков Алматы облысы әкімдігіне бірлесіп ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген. Ел руханияты үшін маңызы зор жобаны бірден қолдап, қолға алдық. Болашағы жарқын жобаның мазмұны терең әрі туризм саласын ілгерілетуге қосар үлесі зор. Бұл бастама біздің алға қойып отырған мақсаттарымызбен де үндесіп жатыр. Өңірімізге келетін туристер мен жарысқа қатысушыларға көрсететін көрікті жерлеріміз баршылық. Тіпті жоспарланған шараларды бес күнге сыйғызу қиынға соғып отыр. Сондық­тан барлығын егжей-тегжейлі ойластырып, барлық тарапқа тиімді болуын қарас­тырып жатырмыз. Әр шетелдік қатысу­шының қызығушылығы болашақта облысымызға шетелдік туристердің легін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.

Мемлекет басшысы: «Ұлы дала жорығы – бұл қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жас­тарды патриотизмге тәрбиелеу жолын­дағы маңызды қадам», деп жобаның елдік мән-маңызын атап өткенін есте ұстай отырып, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта жаңғырту, жас­тарымызды отан­сүй­гіштікке тәрбиелеудегі озық тәжірибемізді өзгелерге де насихаттай алсақ, нұр үстіне нұр болары анық.

Ат спорты – қазақтың қанында бар, ұлттың төл болмысы. Жастарды атқа баулу, жылқы жануарын ­тануға үйрету – ұлт жадында ат үстіндегі өмір сүру мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» халық­аралық марафоны 9–14 мамыр ара­лы­ғында өтеді. Қазіргі таңда бес күндік бәй­геге бірнеше шетелдік команда қатысу­ға ниет білдіріп отыр. Бұл – азамат пен қа­за­наттың қайрат-күші мен ерік-жігері сы­на­латын үлкен дода. Шараның жоғары дең­гейде ұйымдастырылатынына сенім мол.

Жарысқа 10-нан астам елден, атап айтқанда, Түркия, Ресей, Мажарстан, Оңтүс­тік Африка Республикасы, Қыр­ғыз­стан, өзге де мемлекеттерден жүз­ден астам спортшы келмек. Біздің шабандоздар жарысқа қатысып қана қой­май, халықаралық әріптестік орнатып, өңіріміздің көрікті жерлерімен қонақ­тарды таныстырады. Биылғы халықаралық бәйге-марафон табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының аумағында өтеді. Шабандоздар бес күн ішінде 500 шақырым жолды еңсеріп, шын мықтыны анықтайды.

Марафон аясында өтетін ауқымды шара­лардың бірі – асылтұқымды жылқы­лар көрмесі. Бұл көрмеде келушілер еліміз­де өсірі­летін ерекше жылқы тұқым­дары­мен та­ны­сып, жылқы шаруашы­лығы­ның дамуы­­на назар аудара алады. Соны­мен қатар шет­елдік меймандарға қазақ халқы­ның мә­дени мұрасын тереңі­рек таныту мақ­сатын­да этноауылдар, фото­ай­мақтар мен интера­к­тивті алаңдар ұйым­дас­тырылады. Ел іші­нен келген қолөнер шеберлері ұлт­тық бұйым­дарын жәрмеңкеге шығарып, халқы­­мыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәс­түрін көп­шілікке кеңінен насихаттайды. Бұл – дәс­түрлі мәдениеттің бай мұрасын көр­сетуге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тек спорт­­­­шы­лар­дың ғана емес, халқы­мыз­дың тари­­хи бол­мысы мен мәдени құндылық­тарын да бү­кіл әлемге танытуды мақсат етеміз.

Марафон барысында қатысу­шылар күн сайын арнайы аялдамаларда аттарын суытып, тынығуға мүмкіндік алады. Сол сәттерде ұлттық ойындарымыз көрсетіліп, қазақи киім үлгілері таныстырылады. Осылайша, бәйге тек спорттық дода ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, достықты бекемдейтін бірегей алаңға айналмақ.

– Облыс құрылған үш жылдың ішінде спорт, оның ішінде ұлттық ойындарды дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

– Бүгінде облысымызда дене шынықтыруды насихаттау, олимпиадалық резервті да­йындау, бұқаралық спорт­ты өрістету, балалар спортын дамыту, инф­ра­құ­ры­лымды жақ­сар­ту ба­ғы­тында жүйелі жұ­­мыс­­тар атқарылып келе­­ді. Мемлекеттік қол­дау­дың арқасында бала­лар спортында айтар­лықтай серпіліс байқалады.

Облыс спортшылары жылдар бойы қалып­тасқан даңқты жолды жал­ғасты­рып келеді. Кейін­гі кездері елеу­лі жетіс­­тіктерге қол жет­кізіп жүр. 2023 жылы Ас­танада өткен V Дү­­ние­­жүзі­лік көш­пе­лілер ойын­­­дарында шабан­доздарымыз «Бәйге» сайы­сынан екі бірдей алтын медаль иеленді. Ал VIII халықаралық «Азия бала­лары» ойындарын­да 2 күміс, 2 қола жүл­дені қанжығалады. XXXIII жаз­ғы Олим­пия ойындарында грек-рим күресінен Демеу Жадыраев 77 кило салмақта күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ биылғы ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында өңір спортшылары ел намысын абыроймен қорғады. Биатлон эстафетасында Әсет Дүйсенов күміс медаль жеңіп алды. Жалпы, жыл басынан бері облыс спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 519 медаль иеленді: 208 алтын, 148 күміс, 163 қола.

Бұқаралық спортты дамыту мақса­тында құрылған «Алатау лигасы» аясында өңірдің барлық ауылдық округтерінде 140-қа жуық спорт клубы ашылды. Бүгінде бұл клубтарда 13 500 адам тұрақты түрде спортпен айналысуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 15 000 адамға жеткізу жос­парланып отыр.

Облыс тұрғындарын саламатты өмір салтына тарту мақсатында жыл сайын 5000-нан астам бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 2022 жылмен салыстырғанда спортпен тұрақты айналыса­тын халықтың үлесі 6%-ға артып, 41,4%-ға жетті (2022 жылы – 35,4%, 530 364 адам, 2024 жылы – 642 276 адам).

Ұлттық спорт түрлерін дамыту бағы­тында облыста арнайы Спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл мекеме 12 ұлттық спорт түрімен айналысып, 776 секцияда 42,8 мың адамды тұрақты жаттығуларға тартып отыр. Бұл – өңір халқының спортпен шұғылданатын бөлігінің 7,1 пайызын құрайды.

Көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді дәстүрлі спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсеткен 43 спортшыға 100 мыңнан 180 мың теңгеге дейінгі көлемде арнайы шәкіртақы тағайындалды.

Спорт инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылып келеді. 2022 жылмен салыстырғанда халықты спорт нысандарымен қамту көрсеткіші 10,5%-ға артып, 50,14%-ды құрады (2022 жылы – 39,6%). Облыстағы спорт нысандарының жалпы саны – 1891. Соның ішінде 1586 нысан ауылдық елді мекендерде орналасқан. Кейінгі жылдары 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Тек 2023 жылы Жамбыл ауданының Қара­кестек ауылында, Еңбекшіқазақ ауда­нының Шелек, Ащысай ауылдарында жаңа кешендер пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталды. 2025 жылы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару» жобасы аясында Ке­ген ауданының Жалағаш ауылында 50 орын­ды спорт кешенінің құрылысына арнайы қордан 1,1 млрд теңге бөлінді. Жам­был ауданының Тарғап ауылындағы 70 орынды спорт кешенін салуға жергілікті бюд­жеттен 100 млн теңге қарастырылған. Бұл бастамалар ауыл жастарына қолже­тімді спорт­тық инфрақұрылым ұсынып, олар­дың саламатты өмір салтын ұстануына жол ашады.

– Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы» жобасына қатысу­шыларға сәттілік тілей отырып, сұхба­тымызды түйіндесек.

– Сөз басында атап өткенімдей, бұл жорық – ат пен адамның физикалық қуа­тын ғана сынайтын дода емес, ол – рухани саяхат. Тарихпен, мәдениетпен, табиғатпен үндесіп, бабалар ізімен жүріп өтетін «Ұлы дала жорығы» – ата-баба мұ­ра­­сын құрметтеу, ұлттық рухты кө­теру жо­лындағы үлкен қадам. Бар­лық қаты­сушы­ларға сәттілік пен жеңіс тілеймін! Өз тара­пымыздан барлық спорт­шыларға лайық­ты жағдай жасауға бар күшімізді саламыз.

 

Әңгімелескен –

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»