
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысы
2023 жылдан бастап Президент тапсырмасына орай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Бірінші кезекте – ауылдық елді мекендерде медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарының жаңадан 655 нысанның салынуын қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінде 467 нысанның құрылысы толық аяқталды.
«Осылай 80 мыңнан астам азамат қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шара ауыл тұрғындарына қосымша 456 күндізгі стационар төсектік орнын орналастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 174 медицина қызметкері дайындалып, елді мекендерде қызмет көрсетуге жіберілді», деді министр.
Оның сөзіне зер салсақ, барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде, шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылады.
«Ұлттық жобаның келесі міндеті – ауыл тұрғындарына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында құрамында жоғары технологиялық медициналық қондырғымен жабдықталған мамандандырылған бөлімшесі бар заманауи 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананың ашылуы көзделіп отыр. Осы міндетті іске асыру барысында 6 көпбейінді орталық аудандық аурухананың (Түркістан – 3, ШҚО – 1, СҚО – 1, Қарағанды – 1) құрылыс жұмысы аяқталды. Нәтижесінде, инсульт орталықтары, хирургия, травматология мен перзентхана бөлімшелері іске қосылды», деді сала басшысы.
Бұл ретте барлық көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға арнайы мамандандырылған медициналық техникалар жеткізілді. «Алтын уақыт» қағидасы бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында барлық көпбейінді орталық аудандық ауруханалар жоғары технологиялық медициналық техникамен (КТ, МРТ, ангиографтар) қамтамасыз етіледі. Осы жылдың соңына дейін тағы 12 көпбейінді орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру жоспарланыпты. Оған 98 медицина қызметкерін даярлап жіберу көзделген.
Үкімет басшысы аталған жоба ауылдық жердегі медициналық көмекті қолжетімді етуде бірқатар кешенді проблеманы шешуге ықпал ететінін айтты. Яғни әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерінде шұғыл көмекке қол жеткізе алады. Әрі заманауи құрал-жабдық есебінен медициналық қызметтің сапасы жақсарады.
«Үкімет тарапынан алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін салуға республикалық бюджеттен шамамен 120 млрд теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғыртуға 31 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен толықтырылып жатқан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға ажыратылды», деді О.Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 млрд теңгеден астам қаражат салынды. Бүгінде бес өңірде, яғни Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облысында тиісті нысандар құрылысы толығымен аяқталды. Қалған өңірлерде белгілі бір тәуекелдер бар.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс қарқынын арттыру, әсіресе жобалық құжаттаманы дайындау рәсімі мен медициналық құралдармен жабдықтау мәселесін жеделдету қажет екенін айтты. Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облысында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу мен Шығыс Қазақстан облысында осы күнге дейін 6 нысанға жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысында 8 жобаға мемлекеттік сараптама дайын емес», деді Премьер-министр.
Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау мен құрылыс жұмысына бақылаудың кемшін болуы Ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысанды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек екенін ескерткен Үкімет басшысы нақты тапсырмалар берді.
Құрылыс саласын цифрландыру ісі
Бүгінде құрылыс саласында бірыңғай цифрлық экожүйені құру үшін ауқымды трансформациялау ісі жүзеге асырылып жатыр. Ол жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі құрылыс объектісінің барлық өмірлік циклін қамтиды. Құрылыс нысанының өмірлік циклінің әрбір кезеңі негізгі бизнес-үдерістерді жоспарлау (АИС ГГК), жобалау мен сараптама (E-PSD), сондай-ақ құрылыс (eQyrylys) ақпараттық жүйесіне интеграциялау есебінен автоматтандырылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын іске асырудан кейінгі бақылау технологиясын қанатқақты жоба ретінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни елді мекендердің аумағын қарау кезінде компьютердің мүмкіндігін қолдану шарасы көзделген.
Премьер-министр құрылыс секторы – Қазақстан экономикасындағы жетекші салалардың бірі екенін еске салды. Сөйтіп, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша құрылыс жұмысының көлемі 1 трлн теңгеден асып түскеніне тоқталды.
«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары. 3,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырғы көрсеткіштен 7,5%-ға артық. Еліміздің көп өңірінде құрылыс жұмысының қарқыны арта түскені байқалады. Бұдан саланың орнықты дамуын көруге болады», деді Үкімет басшысы.
Жалпы, құрылыс секторы елдің инфрақұрылымдық негізін қалыптастырады. Көп жұмыс орнын құрып, бизнестің дамуына және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, осы салада цифрлық шешімдерді енгізу құрылыс жобаларын іске асыру мерзімін едәуір қысқартуға, шығындарды айтарлықтай азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша кемітуге мүмкіндік береді.
«Объектілерді үш өлшемді модельдеу, цифрлық қала құрылысы кадастрлары, жобаны келісудің электрондық платформасы сияқты технология мен картография жүйелерін интеграциялау құрылыс саласында қалыпты нормаға айналып келеді. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын, «eQurylys» порталы мен Ақпараттық моделдер банкін енгізе отырып, біз қағаз жүзіндегі құжат айналымынан түпкілікті цифрлық үдеріске көшіреміз», деді Үкімет басшысы.
Бүгінде инженерлік инфрақұрылымның 90%-дан астамы цифрландырылды. Рұқсат құжатын беру мен жобаны келісуге мемлекеттік қызметті автоматтандыру іске қосылды. «eGov» порталы арқылы қол жеткізуге болатын үлестік құрылыстың бірыңғай тізілімі құрылды. Енді осы жылдың соңына дейін Бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Ол құрылыс саласының қолданыстағы барлық порталдарын бірыңғай платформада интеграциялайды.