
Фото: Ұлттық ұлан
Ұландықтар төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметі және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге бүгінге дейін 250 мыңнан аса құм салынған қап әзірлеген. 800 курсант төрт ауысым бойынша жұмыс істеп жатыр.
Әскери қызметшілер үшін жүйелі түрде тамақ пен демалыс уақыты ұйымдастырылған. Сарбаздар мен курсанттардың кедергісіз жұмыс істеуіне «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті үлес қосуда.
«Бұл – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Балаларымыз күн демей, түн демей ел үшін еңбек етіп жүр. Біз оларға тек тамақ емес, аналық мейірімімізді де жеткізгіміз келеді. Мүмкіндігінше сарбаздарға ыстық тамақ апарып, хәлін сұрап тұрамыз. Бұл іске тұрғындар да белсенді қатысып жатыр. Жастардың аман болуы – еліміздің аман болуы», деді «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитетінің мүшесі Фарида Баубекова.
Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Әбділов Ұлттық ұланның курсанттары мен әскери қызметшілері, сондай-ақ еріктілер инертті материалдары бар қаптардың көмегімен бөгеттерді нығайтып, су тасқынына қарсы күресті әрі қарай жалғастыратынын жеткізді.