Тағзым • Бүгін, 08:05

Біртуар күйші есімі ардақталды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде Қазақстанның халық әртісі, композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар игілікті іс-шара ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы «Конгресс-холл» кеше­нін­де өткен күй мен би үндескен ерекше музыкалық кеш – солардың бірі.

Біртуар күйші есімі ардақталды

Алматы және Түр­кіс­тан ­облыстары әкімдіктері­нің қолдауымен өткен кешке еліміздің белгілі өнер майталмандары – Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, күйші-композитор Секен Тұрыс­бек, республикалық конкурс­тардың жүлдегері Айға­ным Шұғай, Мәдениет сала­сының үздігі Бибігүл Қилым­хан қатысты. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақжауын» камералық оркестрі мен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі өнер көрсетті. Кеш барысында қазақ музыкасының алтын қорына енген жауһар туындылар орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің ­100 жылдығына орай Сарыағаш ауда­нында «Саялы Сарыағаш» этно-фоль­клорлық ансамблінің «Тұран рухы» атты шығар­ма­шылық кеші өтті. Халық­аралық үлкен сахналарда өнер көрсеткен «Саялы Сарыағаш» ұжымы 1996 жылы мәдениет майталманы, ұлттық өнердің жанашыры Әбләзім Жаншуақовтың бас­тамасымен құрылған болатын. Бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі айтулы өнер ұжымдарының біріне айналған ұлт-аспаптар ансамблі 2000 жылы Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындаушыларға арналған облыстық «Аққу» байқауында жүлделі І орынды иеленгені өнерсүйер қауымның есінде. Ансамбльдің басты ерекшелігі – ұжым құрамындағы алты өнерпаз бір ғана шығарманың өзінде әрқайсысы бір уақытта бірнеше аспаптың құлағында еркін ойнайды. Домбыра, қобыз, шертерден бастап 15-ке жуық ұлттық аспап түрі бар. Репертуарындағы 40-тан астам туындының қатарында халық әндері мен күйлері, Құрманғазы, Дәулеткерей, Шернияз, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды композиторлардың әндері мен шығармалары орындалып жүр. Ансамбльге 2008 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағы берілді. Ал 2011 жылдан бастап ансамбль заман талабына сай қайта құрылып, этно-фольклорлық бағытқа бет бұрды. Ұжым ұлттық өнерді халық арасында кеңінен насихаттап, дәстүрлі өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Шығармашылық кеш көрермендерді ерекше сезімге бөлеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

Түркістан облысы