
Әңгімені әп дегеннен әлгіндегі көріністен бастаудың екі себебі болып тұр. Әуелгісі, ғұлама Әбіштің әр сәтінің ақ қағазға қаттала бергені жөн-ақ. Екіншісі, ұпайлы аңғарып, ұдайы мойындайтыным: Амантай Жарылқасынұлы өзімізді жас тілші кезімізден ресми-бейресми көп ортаға тартып, көп жайсаңға таныстырды. Елордалық ұғымға еркін енуімізге елеулі үлес қосты.
Алаштың екінші Ақаңы атанған Ақселеу Сейдімбектің қазасына орай отбасына көңіл айтқан сәтінде де ұқсас жағдай орнап еді. Төргі бөлменің табалдырығынан байқағаным: қазақтың небір игі-жақсысы жиналып отыр екен... Ақселеу ағайды ақтық сапарына аттандырған табыттың бір шетін ұстаса шықтық. Ақ тілек ағалардың жанында жүрмесе, біздей қаңғалақтаған жас пендеге мұндай «мүмкіндіктің» оңайлықпен бұйыруы екіталай-ау.
* * *
Дүниеде баламасыз байлықтың бірі – адам адамның қадіріне жете білуі. Осынау ізгілік атаулыны баспасөзде орайымен әдемі көтеріп жүрген аға буынның санатында танымал қаламгер Бауыржан Омарұлы дараланып тұратыны даусыз. Бұл тұрғыда заманауи әлеуметтік желінің өзін сәтті қолдануы жан сүйсінтеді. Оның қай-қай жазбасынан да ізгілік нұры есіп, «адамзаттың бәрін сүйген» жанашырлық сезіледі. Мәселен, осыдан тура он жыл бұрын бүгінгі академик Бауыржан Омарұлы әріптесі Амантай Шәріптің жартығасырлық мерейі құрметіне «Төрт тоғыс» атты жинақ құрастырып шығарды. Талғамының бәсі биік. Шектеулі тиражбен жарық көрсе де, кітапта мерейгердің адами қырлары жан-жақты қамтылды.
* * *
Логиканы жандай жақсы көреміз. Алайда математикаға о кісінің құштарлығы біздікінен әлдеқайда ыстық. Тіпті жоғары білім жолын «нақты ғылымдардың атасынан» бастаған екен. Бастауын бастаған... бірақ қара өлеңге, көркем сөзге құмарлығы есепке деген елеңдеушілігінен жоғары кернеулі көрінгенге ұқсайды.
Институттағы «алғашқы махаббаты» туралы жуырдағы жылдар жүзінде қысқа да нұсқа жазғаны бар: «Міржақыптың математика мектебі»! Әуелі конференция баяндамасы ретінде әзірленген жұп-жұмыр мақала. Мұнда сұңғыла білімдарлықпен қатар сол баяғы құштарлық ұшқындайды. Әйтпесе, математиканы білгір филологтің бәрі математикше, филологияны білгір математиктің бәрі филологше түсіндіре алмасы анық.
* * *
Арман артынып Астанаға келген кезіміз еске жиі оралады. Оралған сайын ен елордадан алғаш танығандарымның бірі Амантай Жарылқасынұлынан ой айналдырып өту қиын. Оның талантты ғалым – талдампаз мәтінгер, талғампаз мәнершілдігін ілімдес әріптестері әлі талай таразылар. Біздікі – өзара басшы-қызметкер, автор-оқырман, аға-інілік қарым-қатынасымыздан көкейге ілінген кей жайттар туралы лебіз білдіру ғана.
Тамыз тамылжып тұр. Астана әкімдігі жанынан шығатын «Астана хабары» газетінің редакциясын бағдарға ұстап жүріп келеміз. Студент кезімізден-ақ аты бар басылымның тілшілігін жауапты хатшылығына қосып, әжептәуір уақыт атқарып келген «амбициямыз» жұмысқа орналасатынымызға қылаудай күмән түсірместен, сыбырлап қояды: «Қабылдағанда да қуана қабылдар!». Жеттік. «Желтоқсан, 28/1». Бас редактор бөлмесіндеміз. Қожайын аз-кем әңгімеден соң күлімсірей сөйлеген күйі «корректор» қызметін ұсынды. Біз ми ашытып, әуре болмастан бас тарттық.
Келесі күні қайта айналып келдік. Келісетінімізді білдірмекпіз – есесіне басшы айнып қалыпты: «Қабылдап, тілдесетін уақыт жоқ. Маңайдан аулақ жүрсін!». Ми ашыды. Әбден ашыды – басқа барар жер, басар тау жоқтай көрінеді. Ақыры «әке, көкелеп» жұмысқа қабылдандық-ау. «Жібек орамал кепкеннен» кейінгі сөзінен ұққаным мынау болды: «Қызмет адамды емес, адам қызметті көркейтеді. Алашқа тұтқа болғандай талай ағаларымыз толысып, қалыптасқан кездерінің өзінде қилы-қилы жолдан өткенін, айлап жұмыссыз жүргенін ұмытпауымыз керек...». Бұл бас редактор мырзаның қолында бар картасын бұлдағаны емес, жас маманға берген тәлімі еді. Айтпақшы, сол күн Бейжің олимпиадасы алауы тұтануымен сәйкес келді, күнтізбеде 08.08.08. тұрғанынан, сол күні газет қайтадан «Астана ақшамы» атауымен шыға бастауынан символикалық жылу сезінгендейміз.
* * *
Табиғи жаратылысының өзегі – ғалымдық. Онысы әр әрекетінен, ой-пайымынан айқын аңғарылады. Әсіресе біз байқаған бас редактор Амантай Шәріптің мәтін тексеру мұқияттығы – жөні бөлек әңгіме. Екі сөйлемдік газеттік хабарламаға тақырып қою үшін екі сағат ойлануға бар. Ойлау жылдамдығы шабандығынан дей алмаспыз, әрине. Ғалымдық адалдықтан сіңіргені.
Қазақ қара сөзіне көзқарасы кірпияз қаламгер Мақсот Ізімұлының былай дейтіні есімде: «Амантайдың сөздерінің арасына қыл сыйғызу қиын. Ол ол ма, бір сөзін алып тастасаң, жазғаны түгел ақсап қалатындай қаланып тұрады».
Академиялық алымдылығы ұшан-теңіз энциклопедиялық әңгімелерінен еш жасырына алмайды. Жанына жақын тақырыптың тіні тарқатылғанын ұқсаңыз, әлден-әзір тоқтай қоярына үміттенбеңіз. Тыңдай беріңіз, тыңдай түсіңіз. «Уақыт», «кеңістік» сынды ұғымдар ұмытылғаны абзал. Ұмытады да, ұмыттырады да.
Желбір-жекен жазуға сараң. «Ағамын ғой» деп әрпіл-тәрпіл «көсемсуден» ада. Адам ретінде жөнді-жөнсіз ақыл тықпалаудан аулақ. Бойынан ғаламат біліміне жат аңғалдық, алғаусыз балалық аңғарылуы әбден ықтимал.
* * *
Жан сарайымыз интуицияшыл. Алайда ол кісінің түйсік тереңдігі оңайлықпен бойлатпайды. Филолог-студенттердің әлі күнге дейінгі үстелүстілік кітабы «Сөз өнерінде» автор шығармашылық адамына аса қажет қабілеттер санатында интуицияны ерекше атаушы еді. Осы бір жапырақтай жазбаның кейіпкері – табиғатынан түйсіктал азамат. Онысы ұстазы академик Зейнолла Қабдолов әлгіндей дегендіктен ғана емес шығар.
Айтпақшы, бұл күнде Амантай Шәріп өзі де – Ұлттық ғылым академиясының академигі. Бірақ оның нендей сезім екенін өзінен әзірге сұрай қоймадық. Сұрар едік-ау, «басымыз бәлеге қалып», газетке жазба дайындау ниетімізді аңдап қалардай көрінді. Онымен қоймай, шынайы лебізіміз жарияға шыққанына қарсы болуынан сақтандық. Өйткені оның қарапайымдылығы, ұстамдылығы қызық қуған әсіреқызылға әбден жат.
* * *
Сөзімізді сәтіне қарай Әбіш ағамен байланысты бастағанбыз. Әбіш ағаға қатысты тәмамдауға да пейілдіміз.
Құрметті ағамыз Жапсарбай Қуанышевтың естелік-әңгімесі бар еді. Ресми лауазымында ол кісі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлының кеңесшісі болған тұлға ғой. Әбіш ағасын алпыс жасқа толған туған күнімен құттықтау үшін қызметтегі жақын-жуығы жиналады. Хатшылықтағы әріптестеріне ризашылық білдіре келе, мерейтой иесі сөз арасында «Адам баласы, негізі, бәрінен шаршайды екен ғой» деген сыңайдағы көңіл күйін білдіреді. Әлбетте, «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Десек те... қазақ балаларының жасы алпыстан асса да, санасы санаққа сыймаса да, еш шаршамауын тілек етеміз. Сондай жағдайда ғалым, қаламгер Амантай Шәріп еңбектерінің бірінде пайдаланатын «Күлтегін» жазуындағыдай, «...бек ұлдары құл болмас, пәк қыздары күң болмас» елдігіміз нығая, зорая түсер еді.
Ерболат ҚАМЕН,
«Qazcontent» АҚ төрағасының орынбасары