
Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің қорында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел қорғаған ерлер жайлы деректер жинақталған екен. Қымбат қазынаға кезіккен кісіше там-тұмдап жиналған деректерді салғастыра қарап, зейін қоя сүзіп шықтық. Соғыс ардагері, кейін құқық қорғау саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен Жанай Сейілұлы жайлы уақыт табымен әбден сарғайып кеткен, күзгі жапырақтай үлбіреген жазбалардың іліге кеткені. Ақсақалдың ақиқатшыл болғаны, шындықтың шырақшысы екені жөнінде Көкшетаудың аға буыны жақсы білетін. Кейін ұмытылуы, ұрпақ жаңарып, буын алмасқаннан кейін бір кезде алдаспандай жарқылдаған аға буынның ерлік соқпағы көмескі тартуы да әбден мүмкін ғой. Қайта тірілтсек, музей қорында сақталған деректер негізінде тағы бір паш етсек, есіл ерлердің аруағы разы болар.
Ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заман. Өрімдей жастар түгіл даланың даналығын бойына жиған сұңғылалар да заман тынысын, ағымын аңдай алар емес. Босағасынан береке арылмаған, мыңды айдаған алпауыт байларды кәмпескелейді екен деген суыт хабар қараша қара суығындай дірілдетіп тұрған. Көкшенің етегін жанай ағатын Қылшақты өзені мен сонау жанар ұшындағы Жыланды тауының етегіне дейінгі кең көсілген алқапты бауырына басып нешеме жылдан бері жайлаған Дүрсары байға да тықыр таянса керек. Мыңғырған малын басқа ұрып санап, жарлы-жақыбайға пышақ үстінде бөліп бермек. Бұл істі арнайы ұйымдастырылған комиссия атқарады-мыс. Қабырғасы қатып, буыны бекіместен жалшылыққа жегілген Жанай Сейілұлы да – комиссияның құрамында. Теңдік үшін тіреспек. Осы әрекетінің оң-солын ажырата білмеуі де мүмкін, әйтеуір, бай атаулы құбыжық болып қамшымен қуылған кез. Екпіні үй жыққандай болып қаһарлы комиссияның келе жатқанынан хабардар Дүрсары бай да қарап жатпаса керек. Аждаһадай аранын аша келген нәубеттен аман қалудың жолын іздепті. Іздегенмен мыңғырған малды қайда апарып тығарсың? Жанталасып жүріп Жыланды тауының етегіндегі ит тұмсығы өтпейтін ну орманның ішіне сүңгіткен. Бірақ бар жайды ұзын құлақтан естіп келген комиссия тауыпты. Түгін қалдырмай тәркілеген. Кек қайтты, әйтсе де кенересі толған жоқ. Шұрқыраған ақтылы малды комиссия кедей-кепшікке пышақ үстінде бөліп берген. Осылайша, Жанай Сейілұлының ақиқатқа құмар, әділдікке жақын ғұмыр жолы өз соқпағымен өрбіген. Қатардағы милиция қызметкері атанған. Ел ішінде телі-тентек қай заманда болсын кездеседі емес пе? Аласапыран уақытта тіпті көп. Жаратылысынан шындық деп шырылдаған Жанай атамыз талай қылмыскерді қолға түсіріп, басын бәйгеге тігіп жүріп, қызмет еткен деседі. Бірде Бушевцов деген қылмыскер ебін тауып қамаудан қашып шықса керек. Бұл кезде Жанай Сейілұлы еңбек демалысында екен. Оқыс оқиға жайлы естігеннен кейін салт атқа мініп із кеседі, ел ішінде сұрау салады. Өкпек жолаушының алдына шығып ау-жайын аңдайды. Ақыр соңында кәнігі қылмыскерді қолға түсіріп, бұғау салады. Тағы бірде тапқырлық танытқан жайы бар. Зеренді ауылына қатынаған автобустан екі ауыр сөмкені көтерген әйел түседі. Төрт құбыланы тегіс жасырын шолып тұрғандай. Қимылы күдікті. Милиция формасын киген Жанай Сейілұлын көргенде тіпті қобалжыған сыңайлы. Тексеріс барысында оның Чистополье селосы мен Көкшетау қаласындағы пәтерлерге түсіп, талай үйді үптеп кеткені анықталады.
Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Жанай Сейілұлы алғашқылардың қатарында майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі қиянкескі шайқасқа қатысты. Бірде рота командирінің бұйрығы бойынша тіл әкелу керек болды. Көзге түрсе көргісіз тас қараңғы түннің шымылдығын жамылып, барлаушылар тобы жаудың алдыңғы шебінен өтті. Барлаушылар тобын капитан Гатаулин басқаратын. Көмекшісі – сайыпқыран сержант Сейілов. Жер бауырлай жылжыған барлаушылар жау дзотына тап болды. Епті қимылмен дзотқа шабуыл жасаған барлаушылар алдымен күзетшіні жойып, офицерін қолға түсірді. Осы ерлігі үшін Жанай Сейілов «Даңқ» орденімен марапатталды. Кейін қатарынан екі рет ауыр жарақат алған соң туған жеріне оралды. Бұрынғы қызметін қайта атқарды.
Көнекөз қариялар майдангердің бойындағы ашық-жарқын мінез бен аңқаулығын да аңыз ететін. Тумысынан ар алдындағы адалдықты мұрат тұтқан майдангер заң бұзғандарды жек көреді екен. Бүгінде туған ауылы Қарсақтың адамдары тік мінезді, шыншыл адам болса, «екінші Жанай» деп атайды екен әзілдеп.
Құқық қорғау саласында елу жылдай адал еңбек етті. ІІ дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Жолын қуған жастарды адалдыққа тәрбиеледі, өз ісімен үлгі болды. Мәруа жеңгеміз екеуі шаттықпен шырайланған шаңырақтарында он бала тәрбиелеп өсірген. Көне дерек тұнған кебежені ақтарсаңыз, осындай өнегелі өмір соқпағы қылаң береді. Маржандай сүзіп алып, көкірегі ояу жастың қаперіне ұсынсаңыз, өнегенің өрімі емес пе?
Көкшетау