
Медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылады
Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа нормаларға сәйкес, жұмыссыздар мен халықтың осал топтарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Құжат төңірегінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл қадам ұлттың жалпы денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартады.
– Механизм жарналардың түсуіне қарамастан, қордың тарапынан «Д» және «Е» санаттарындағы адамдарға ай сайын сақтандырылған мәртебесі беріледі. Бұл адамдар үшін әкімдіктердің төлемі медициналық көмекке жүгінген сәттен бастап және жыл аяғына дейін жүзеге асырылады. Аталған санаттағы азаматтарды анықтау, сақтандырылған мәртебесін беру және сақтандыру жарналарын төлеу механизмі пысықталды, – деді министр.
Бұған қоса 2027 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен МӘМС-ке төленетін мемлекет жарналарының мөлшерін арттыру қарастырылған. Яғни 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен 2-ден 5 пайызға (әр екі жыл сайын 0,5%-дан) дейін өсіру көзделген. Сондай-ақ медициналық қызметтердің бірыңғай базалық пакеті құрылады.
– Бұл – әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау бөлігінде мемлекеттік кепілдіктерді кеңейтуге және медициналық көмек пакеттерінің түсінікті болуын қамтамасыз етуге, пакеттер арасындағы медициналық қызметтердің бір-біріне көшуін болдырмауға, азаматтардың МӘМС жүйесіне толыққанды қатысуы үшін ынталандыруға мүмкіндік береді. Аталған шаралардың есебінен 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан аса адам қамтылып, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді, – деді А.Әлназарова.
Талқылау барысында депутат Мұрат Әбенов міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысын жемқорлыққа жол ашатын шешімдер қабылдағаны үшін жауапқа тартуды ұсынды. Оның айтуынша, Астанадағы бір емхана өзі көрсете алмайтын қызмет ақысына 190 млн теңге, екінші емхана 218 млн теңге алған. Ол үшін аталған кәсіпорындарға «жеңіл заңсыздық» шарасы қабылданыпты. Ал алған ақшасы әлі қайтарылмаған.
– Біреу заң бұзса, ақшасын қайтарып береді, екіншілері қайтармайды. Бұл қалай? Басқа салада мұндай әрекеттер ұрлық, қылмыс болып есептеледі. Неліктен осындай фактілерге жол бергендер әлі қамауға алынбаған, емханалар неге әлі қызмет көрсетіп отыр? Актілерге қол қойған қордың бұрынғы басшысы жай ғана қызметінен кетті. Неге жауапқа тартылмайды? – деп сұрады депутат.
Ізінше, депутат Бақытжан Базарбек міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыруға жол ашатын ішкі құжаттарды атап, Денсаулық сақтау министрін осы бұйрықтарды өзгертпей жүргені үшін сынады.
– Міндетті медициналық сақтандыру қоры тапсыратын қаржы есебі неліктен жалпы қаржы есебінен тыс қалып отыр? Осылайша, аталған қор заң бойынша қаржы есебін жүргізбейтін болып шығады. Қолдан қосып жазу, қаржы ақаулары сияқты бүркемеленген жымқыру фактілері осы тұста туындайды. Бұл – Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы. Аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 16 тамызындағы бұйрығына сілтеме жасайды. Бұл бұйрық заңға қайшы. Сіз министр болып 2024 жылдың ақпан айында келдіңіз. Содан бері не осы бұйрықтың күші жойылмады, не өзгертілмеді. Ведомствоның №321 бұйрығы да саладағы бассыздықтардың көзі болып отыр. М.Әбеновтің сұрағына берген жауабыңызда заң бұзғандарды лицензиясынан айырып, материалдарды тиісті органдарға жолдап жатқандарыңызды айттыңыз. Менің қолымдағы ақпарат бойынша, Жоғары аудиторлық палата қорытындысында заң талабын өрескел бұзған ондаған ЖШС бар. Солардың ешбірі лицензиясынан айырылмаған, – деді депутат.
Өз кезегінде министр бұл мәселе жүйелік проблема екенін айтып, бұйрықтың жойылмайтынын жеткізді.
– Министрлік жүйенің ашық болғанына мүдделі. Қордың да, медициналық ұйымдардың ашық есеп беріп отырғаны бізге де керек. №321 бұйрыққа келсек, оның күшін жоймаймыз. 1 шілдеге дейін бұйрыққа өзгеріс енгіземіз. Айтылған ақауларды көріп отырмыз. Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында көрсетілген кемшіліктер бойынша Бас прокуратура, облыстық прокуратуралар сияқты тиісті органдарға материал жолданды. Қаржы есебінен тыс қалған қаражатқа келсек, сіз айтқан екінші бұйрықтың мәселесін де осы заң жобасының екінші оқылымына дейін бір шешімге келеміз, – деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрі.
Жамбыл облысында екі жел электр стансасы салынады
Әрі қарай Мәжіліс депутаттары 2023 жылғы 2 желтоқсанда Дубай қаласында жасалған Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасындағы жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялады. Құжат мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері мен орнықты даму саласындағы жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру.
Заң жобасына сәйкес, БАӘ инвесторы Жамбыл облысында екі ірі жел электр стансасын салмақшы. Олардың әрқайсысына 25 жылға тұрақты тариф белгіленеді. Құжатты таныстырған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов инвестицияның жалпы көлемі 1,4 млрд теңге екенін айтты.
– Бірінші жоба аясында энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі салынбақ. Ол үшін қуаты 150 МВт, ал сыйымдылығы сағатына 300 МВт болатын аккумулятор батареяларынан құралған (BESS) энергия сақтау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ ұзындығы 125 шақырымға жететін, кернеуі 220 кВ болатын аспалы электр желісі тартылады. Екінші ірі жоба аясында энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі мен қуаты 150 МВт, сыйымдылығы сағатына 300 МВт болатын энергия сақтау жүйесі бой көтереді, – деді Е.Ақкенженов.
Депутат Мақсат Толықбай жел электр парктерінен алынатын қуаттың тарифі доллармен бекітілуіне наразылық білдірді. Ерлан Ақкенженов тариф құжатта доллармен есептелетінін растап, бірақ оның тұтынушыларға кері әсері болмайтынын, 25 жыл бойы жергілікті тарифтерден айырмашылығы 1-2 теңгеден аспайтыны, валютаның құбылуына байланысты индекстелмейтіні нақты жазылғанын жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Энергетика министрлігін аукционнан тыс тікелей үкіметаралық келісімдер арқылы бірқатар жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру тәжірибесін жалғастырып отырғанын, бұл әдіс мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкелетінін айтты.
– Келісімдерде жоғары тариф, артық преференциялар және басқа да тәуекелі жоғары нормалар көзделген. Қуаты 1 ГВт жобаның аукционда анықталған тариф бағасы 18,72 теңге болса, осыған ұқсас келісім негізінде ратификацияланған жобалардың тарифі бұдан әлдеқайда жоғары бағамен іске асырылмақ. Бұл экономикалық тиімсіздікке, электр тарифтерінің өсуіне, жаңартылатын энергия көздеріне деген сенімсіздікке әкелуі мүмкін. Осыған ұқсас жағдай бізде бұдан бұрын мұнай-газ саласында болды. 1990–2000 жылдары көмірсутек шикізаты бойынша өнімді бөлісу туралы келісімдер шетелдік компанияларға шамадан тыс жеңілдіктер беріп, ел мүддесіне нұқсан келтірген. Сол қателіктерді электр энергиясы саласында қайталамау қажет, – деді Е.Жаңбыршин.
Одан кейін Мәжіліс Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Құжат арқылы консультативтік бірлестік ретіндегі Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Түркі мемлекеттерінің толыққанды ұйымына айналдыру көзделіп отыр.
Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді
Жалпы отырыста жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылданды. Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде бiрқатар шешiм қабылданды. Мәселен, алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 млн-нан 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режімін қолдану кеңейтілді. Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізілетін болды.
– Біз өте маңызды заң – Салық кодексін қабылдадық. Мемлекет басшысы жыл басында Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің негізгі құрылымын айқындап берген еді. Әділ, ашық және болжамды салық заңнамасын қабылдау туралы нақты міндет қойылған. Бұл – бизнес пен азаматтардың қаржылық міндеттемелерін реттейтін жай ғана ережелер жиынтығы емес, жаңа экономикалық саясат жағдайындағы әділдік пен ашықтық кодексі, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ жиында депутаттар құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң мен оған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
«Ажырасқандардың табыс салығын арттыру керек»
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты қарастырылған соң, депутаттық сауалдарға кезек берілді. Жалпы отырыста депутат Ардақ Назаров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында ажырасқан азаматтарға табыс салығын жоғары мөлшермен салуды ұсынды.
– Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, былтыр елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Салдарынан бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек жалғызілікті адам кебін құшып отыр. Ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуға тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану керек, – дей келе депутат «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы ойын ортаға салды.
Бұдан өзге, жиында тауар белгілері иелерінің құқықтарын қорғау, ауылдық елді мекендердегі құрылысты субсидиялау, шекарадағы көлік кептелісі, қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу, ауыл мектептерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтерілді.